Заңсыз қоқыс үйінділері қоршаған ортаға зардабын тигізуде

Бүгінгі таңда халықты толғандыратын ең өзекті мәселелердің бірі – өңірлердегі қоқыстарды жоюдың барысы болып табылады. Стихиялық қоқыс үйінділерінің көп саны Ақмола және Қарағанды облыстарында анықталған көрінеді.

Облысымызда оларды жою жайы нашар. Облыстық экология департаментіуәкілетті органдар, өңірлік коммуникациялар қызметімен және БАҚ өкілдерімен бірлесіп, Аршалы ауданында осы істің жай-жапсарын зерделеп көрді.

Аршалы ауданы Жібек жолы кентінде 10 гектарға жуық стихиялық қоқыс үйіндісі пайда болған. Күн сайын құрылыс материалдары, тамақ қалдықтары, екі жиһаз, түрлі заттар яғни, қораптар, қоқыс салынған пакеттер лақтырылады. Кезбе иттер мен мысықтар мұнда тамақ іздеп, босып жүреді. Қоқыс иісіде жаман. Ауыл тұрғындары осы мәселеге қатысты дабыл қағып, полигондар мәселесін шешуді сұрайды.Жалпы, бүгінгі таңда Ақмола облысында ғарыштан түсірілген суреттер арқылы облыс аумағында 820-дан астам стихиялық қоқыс үйінділері анықталды. Облыс әкімдігінде аталған қоқыс үйінділерін жою кестесі бекітіліп, қазіргі таңда ол аудандарға жіберілді. Экология департаментінің өкілі Арыстанбек Тасқынбайдың айтуынша, бүгінгі таңда облыс аумағында аталған қоқыс үйінділерінің 257-сі жойылды. Қазан айының соңына дейін берілген тапсырма бойынша аталған қоқыс үйінділерінің 50 пайыздан астамы жойылуға тиіс.Сондай-ақ, ол, Аршалы ауданындағы қалыптасқан  жағдай мен оны шешудің жолдарын тарқатып айтып берді.

−Бұл ауданда 108 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталған. Жібек жолы ауылына қарасты қоқыс үйіндісі ауыл іргесінде орналасқан. Ол осы аудандағы көлемі жағынан ең ірі қоқыс үйіндісі болып табылады. Қазіргі таңда қоқыс үйіндісін  жинақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде.  Алдағы уақытта әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, рекультивациялық жұмыстар басталады,−дейді ол. Жергілікті жерлердегі шенеуніктер де  экологиялық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған жұмыстармен айналысуда.

−Қазіргі уақыттабіз бұл қоқысты қайта өңдеу жағын қарастырудамыз. Тұрғындар үшін бұл полигон үлкен проблема болып табылады, өзен алыс емес, қоқыс ұшып соған түседі, соның салдарынан экология нашарлайды. Бүгінгі таңда жобаны дайындап жатырмыз, келесі жылы облыстық бюджеттің көмегіне сүйеніп,бұл мәселені түзете аламыз деп ойлаймыз, – деп атап өтті ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Иван Ратушняк.

Жібек жолы ауылынан кейін журналистер Арнасай ауылдық округіндегі қоқыс мәселесіне қанықты. Ауыл әкімі Болатбек Байсағанов жергілікті атқарушы органдар экологиялық және санитарлық тазалаумен үнемі айналысатындығын  атап өтті.

−Аудандық бюджеттен бізге осы мақсатқа қаржы бөлінеді. Дегенмен, ол жетпейді. Бірақ, сонда да бұлжұмыстарды уақытында істеуге тырысамыз. Көбіне демеушілер мен шаруа қожалықтары көмектеседі. Стихиялық полигондар пайда болмауы үшін әр  азамат өзінің экологиялық мәдениетін арттыруы тиіс деп есептеймін, −дейді ауыл әкімі.

Жаз мезгілінде егеуқұйрықтар, өзге жәндіктер мен жағымсыз иіс туралы шағымдар жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарынан жиі түскен. Солардың бірі Арнасай ауылдық округінің тұрғыны Саяш Есләмов. Ол қоқыстың ауылдағы басты мәселе екендігін және тұрғындар кейде сенбіліктер өткізіп, оны тазалауға тырысатынын айтады.

−Сонда да, қоқыс бізге үлкен қолайсыздықтар туғызады, балаларымыздың ойнайтын жері де жоқ. Егер қаржы жеткілікті болса, бізде техника көп болар еді және тазалау процесі тезірек жүрер едідеп ойлаймыз, – дейді ол.

Облыстық экология департаменті алдағы уақытта әкімдіктермен, полиция және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдерімен бірлесіп, бар қоқыс үйінділері бойынша рейдтік іс-шаралар өткізуді және оларды жою жұмыстарын жалғастыруды жоспарлауда.

Сонымен,облыста қалыптасқан жағдайға байланысты осындай экология мәселелері балабақшадан бастап университетке дейінгі барлық деңгейде қаперге алынуы, халықты мәдениетке тәрбиелеу басты назарда болуы шарт. Қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу мәселесі билік орындарын да шынымен ойландыруы керек.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар