Көкшетауда өткен театрлар фестивалінде Тарлан сыйлығының лауреаты Гүлсина Мерғалиева басшылық ететін Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық-драма театры жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» спектаклін көрермен назарына ұсынды.
Бұл қойылымның өткен жылы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында автордың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған театрлар фестивалінде алғаш тұсауы кесілген. Спектакльдің қоюшы режиссері Әлия Исаева, ал, суретшісі Талғат Мамаев, костюмер Мәдина Қосмағанбетова, музыкамен көркемдеуші Қайрат Ақтаев, жарық беруші Назым Өтесінова, рөлдерде орындаушылар: Ербол – Мерей Жолдыбаев, Жамал – Әлия Бисенбиева, Ержан – Қайрат Еркебаев. Осы үш-ақ актермен сомдалған қойылымдағы ой-қуаты мен сөз тасқыны кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық.Бұл спектакльде өмірлік шындық ашық та айқын көрсетіледі. Заман мен қоғам жəне адам арасындағы тіршіліктің, осы бір үш болмыс кеңістігіндегі кереғарлықтар мен өзара ықпалдастықтар, теріс көзқарастар мен дағдылы ой пікірлер шарпылысады. Қойылымды көру арқылы драматургтыңфилософиялық ой түюге бейімделгені байқалады. Ол спектакльде көрініс тапқан пенделік тағдырдың бір тамшы уы, өкініші мен қуанышы, сол пенденің мүшкіл халі, дəстүрлі ғадеттердің жанашыл үрдістермен үнемі ымыраға келе бермейтіндігі, адам мінезінің алуан қырлылығы, оның қия құздары, шынырау тереңдігі өте күрделі баяндалады.
– «Құлпытастың көз жасы» қойылымында Ербол, Ержан, Жамал атты үш тағдырды суреттеу арқылы, қыз балаға көбірек көңіл аудардық.Баянсыз махаббаттың құрбаны болған Жамалдың тағдырын, екі жігіттің арасындағы текетіресті барынша ашуға тырысып, драматург Жабал Ерғалиевтің шығармасын Көкшетау қаласына екінші рет әкеліп тұрмыз, – дейді қоюшы режиссері Әлия Исаева бізбен телефон арқылы әңгімесінде.
Нақтырақ айтсақ, драмада өзі тірі, бірақ, жаны әлдеқашан солған, Жамал есімді кейіпкердің тағдыры баяндалады. Бұл шығарма арқылы театр ұжымы әйел адамның болмысын, ішкі қалауы мен армандарын жеткізгісі келгендей.
Көрермен қауым да жас арудың жан тебіренісін сезінгендей, қойылымды бір деммен көздеріне жас алып тамашалады.
Қойылымға Көкше өңірінің зиялы қауым өкілдері мен өнер сүйер көрермендері, оның ішінде студент-жастар көптеп келді.
– «Еркегі сайқалданып кеткен мына заманда не ақыл, не ес қалды дейсің?» дейсіз. Не айтқыңыз келді?». – Бұл менің «Құлпытастың көз жасы» атты драмамдағы Жамал атты кейіпкерімнің ашынып айтқан бір сөзі еді. Расында да, біз ер-азаматтар соңғы уақытта әйел затына шынайы пана бола алып жүрміз бе? Бұрынғыдай қазақ қызын әрқайсысымыз өзіміздің қарындасымыз деп танитын адал көңілімізден айнып кеткеніміз ақиқат қой. Кез-келген қыз балаға басқаша пиғылмен, өзге бір ниетпен көз сүзіп қарайтын болдық емес пе? Қыз баланы қорлаудың небір амалдарын жасап жатқан жоқпыз ба? Қазіргі уақытта қазақ қыздары сол қазақтың ер-азаматтарынан сенімді серік таба алмағандықтан, көлденең көк аттының етегінен ұстап кетіп жатқандары да жасырын емес. Сондықтан, осы бір ащы шындықты әшкерелеуге тырысқан қойылыммен ортамызға келген Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының директоры Гүлсина Мерғалиеваға,спектакльдің қоюшы режиссері Әлия Исаеваға жәнетеатрдың барлық ұжымына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді қойылымның соңында сахнаға көтерілген драматург Жабал Ерғалиев.
Қалай десек те, сонау Маңғыстау түбегінен келген театр қойылымдары арқылы біздің қазақ музыкалық-драма театры арасындағы негізгі нәрсе театраралық ынтымақтастық байланыстарнығая түскендей. Өнердің ішінде ең бір дегдар өнер – театр десек, сол театрға көпшілік көрермендердің келуі, оған деген қызығушылығы арта түссін демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.