Сиэтл қаласында (АҚШ) орналасқан Вашингтон университетінің Түркі және Орта Еуразия бағыттары жөніндегі бағдарламаларының директоры, сонымен қатар, Вашингтон университетінің антропология, лингвистика және Азия тілдері департаментінде аджанкт профессор болып қызмет атқаратын, ғалым Талант Мауқанұлы таяуда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің арнайы шақыртуы бойынша Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келген болатын. Америкадан атажұртқа сапарлап келген зерделі ғалыммен біздің де жолығып, сұхбаттасуымыздың сәті түсіп, өзі зерттеген бағыт пен сапардың мән-маңызы туралы кеңірек әңгімелесуіміздің реті келген еді.
Жақсы адамның сөзі де, ойы мен ісі де ізгі. Ұлылық қарапайымдылықта екендігін сабырлы ұстаз, сарабдал ғалыммен болған сұхбат барысында аңғара түскендейсің. Бір емес, он бес тілді меңгерген профессордың ғылыми-зерттеу салаларының бірі Орта Азия мен Қытай тілдерінің әлеуметтік және мәдени аспектілері, сондай-ақ, жойылып бара жатқан тілдерді үйрету болып табылады. Өзіңіз ойлап көріңізші, оннан астам тіл меңгеру үлкен өнер ғой. Осы деректі естіген сәтте-ақ менің ойыма бірден өз туғантілін меңгереалмай жүрген қазақ балалары орала кетті. Оны несін жасырайық, мұндай дерт ұшынып тұр қазіргі қоғамда. Ал, шетелде отыз жылдан астам еңбекете жүріп, туған тілін жетік білетін, өздәстүрін, ұлттық құндылығын ұлықтап жүрген азаматты қалай ғана үлгі тұтпайсың! Ұлттыққұндылықдегенненшығады, Талант ағамыздың домбырада асқақтата ән салып, күмбірлете күй тарта алуы да ұяда көрген тәрбиесінен екендігі анық. Міне, туған тілге, елге, жерге де құрмет осындай болуы керек-ті! Бұл аз десеңіз, сонау мұхит аса жүріп, қазақ тілінің өріс ашуына, дамуына үлкен үлес қосып жүрген азамат. Қалай дейсіз ғой? Бір ғана мысал, Вашингтон университетінде еңбек ете жүріп, түркі тілдерін меңгеру бойынша арнайы оқу бағдарламасына өзгеріс енгізген. Яғни, бұған дейін бұл оқу орнында өзбек тілі мен мәдениетіне деген қызығушылық басым болып, осы тілді тереңірек зерделеген екен. Бірақ, Талант Мауқанұлы бұл жүйеге өзгеріс енгізіп, тек қана өзбек тілін ғана емес, қазақ және басқа да түркі тілдерін меңгеруге жол ашып, арнайы жобаны қолға алған. Ол шетелде жүріп қазақ тілін жылдам әрі оңай меңгеру жолдарын қарастырып, арнайы онлайн сабақтарын өткізіп, тіл білетіндерді білім деңгейі бойынша бірнеше топтарға бөліп оқытқан. Бұған қоса, өзбек пен қырғыз, ұйғыр мәдениетін де оқытуды біріздендірген. Осындай игі істің арқасында бұл күнде Вашингтон университетінде қазақ тіліне деген қызығушылық артып, қазақша оқитын магистранттар мен докторанттардың саны көбейе түскен. Олардың арасында Қазақстаннан келген жастар да бар. Тіпті, Америкада қазақ тілінің фонологиясын, грамматикасын зерттеп, диссертация қорғаған ғалымдар кездеседі. Олардың дені қазақ тілін оқып үйренгендер екен. Кейбіреулері Қазақстанға келіп, бір жыл тұрып, тілді меңгеріп алған. Міне, жаңалық! Бұл дерек, міндетті түрде тіл үйренемін деушілерге, әсіресе, жастардың алға ұмтылуына тың серпін беретін жаңа импульс, зор мотивация болары анық. Қазақ тілін меңгерудің маңызы қанша дейтіндерге бұл керемет мысал екен!
– Тіл үйренуде алдымен ниет керек. Ниет болса бір емес, бірнеше тілде өте қысқа мерзімде үйренуге болады. Бар ғұмырымды ғылым саласына арнап жүрмін. Көптеген ғылыми жұмыстарды зерделей жүріп, мол тәжірибе жинақтадым. Сол білімімді елімдегі жас ғалымдармен бөліссемдеген оймен еліміздің біраз қалаларымен өзара ынтымақтастық байланыс орнатып, жұмыс істеп жүрмін. Көкшетауға келгенжұмыс сапарымның діттеген мақсаты осы. Үш жүздің басын қосқан Абылайдың хан тағы, ақ ордасы орналасқан киелі мекенге келіп, осы жердегі ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен, студенттермен қауышып, зор әсер алдым. Тарқатып айтар болсам, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне ағымдағы жылдың 25 тамызы мен 22 қыркүйегі аралығында әлеуметтік лингвистика және түркі тілдерінің тарихы бойынша магистранттар мен докторанттарға дәріс өткіздім. Сондай-ақ, тарихшы студенттерге «Шағатай тілін тану» тақырыбында курсын оқыттым. Менің жетекшілігіммен жапон профессорларымен бірлескен «Қазақ әлемі және тарихи деректер» тақырыбында гибридті форматта симпозиум өткізілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта, университет басшылығымен өзара ынтымақтастық шеңберінде, шағатай тілі курсын дамыту және жазғы ғылыми-зерттеу мектебін ұйымдастыру бойынша одан әрі ынтымақтастық мәселелері талқыланады деген үміттемін. Көкшетаудағы Ақмола облыстық өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабектің ұйымдастыруымен музейде келелі кездесу болып өтті. Ғалымдармен де, зиялы қауым өкілдерімен де пікірлестім. Осындай кездесулер сапар барысында көптеп өткізілді. Мұнда да көптеген тың ойлар айтылды. Алдағы уақытта да қанатқақты жобаларды қолға алу көзделіп отыр, – дейді ғалым.
– Әлгінде ғана Ақмола облысына белгілі өлкетанушы ағамыз Мұрат қажы Ыдырысовпен жақынырақ таныстым. Ағамыз Абылай ханның қара жолы туралы тереңірек зерделеп, ертеңгі күні өскелең ұрпаққа мол мұра болатын тың деректерді жинақтап, осы жолда көптеген игі істерді қолға алған екен. Жалпы, Ақмола, Көкшетау өңірі тұнған тарих қой. Сапар барысында Ақмола өңірінің зиялы қауым өкілдерімен жақынырақ танысуымның сәті түсті. Алдағы уақытта да Ақмола өңірінің зиялы қауым өкілдерімен байланысымды үзбей, бір мақсат бір мүдде жолында бірлесіп жұмыс істейміз деп ойлаймын. Айтып өттім, алдағы жылы университетте шағатай тілі курсын ашу ойда бар. Жалпы шағатай тілін тарихшы ғалымдардың меңгергені артық болмайды. Мысалы, 18-19 ғасырлардағы қазақ хандары мен сұлтандарының Ресей мен Цин империясына жолдаған хаттары шағатай тілінде жазылғанын білеміз. Бірақ, кейбір ғалымдар шағатай тілін білмегендіктен, Ресей архивіндегі хаттардың орысша нұсқасын ғана аударды. Бірақ, бұл хаттардың түпнұсқасы мен аудармасында біраз айырмашылық бар. Әсіресе, көне қолжазбаларда бір сөз ғана емес, тұтасымен сөйлемдер алынып тасталған. Енді солардың сырына үңіліп жатырмыз. Қазір осы бағытта екі монографиялық еңбек дайын болып қалды, – дейді ғалым ағамыз.
Сұхбат барысында Талант ағамыздың тіл біліміне деген қызығушылығы бала жастан бастау алғандығын аңғардық. Себебі, әкесі сөз өнерін меңгерген жампоз журналист, Үрімжідегі «Халық» баспасында еңбек етіпті. Негізі әкесі қазіргі Абай облысының Ақсуат ауданында дүниеге келген екен. Отызыншы жылдардағы зобалаң кезінде, бір жасында ата-анасымен бірге Қытай жеріне көшіп барса керек. Бірақ, өзге елде жүрсе де, алдымен өз тілін, ділін, тарихы мен мәдениетін құрметтеу сияқты абзал қасиет пен ұлттық құндылық бұл отбасындағы қалыптасқан дәстүр, бұлжымас бір үрдіс яки, атадан-балаға мұра болған аманат десек қателеспейміз. Оған жоғарыда біз санамалап өткен Талант Мауқанұлының өмірлік қағидасы да дәлел емес пе?!
– Әкеміз ұлттық тәрбиені ұлықтаған көзі ашық, зиялы адам еді. Маған мектеп табалдырығын аттамас бұрын түбі бір керек болады деп кириллицаны үйретті. Жан-жақты білімді болуды ойлаңдар дегенді үнемі айтып отыратын. Бірақ, жан баласы тамырынан ажырымау керек дейтін. Кез-келген ұлттық мерекелерді тойлауға тырысатынбыз. Салт-дәстүрді берік ұстандық. МенҮрімжі қаласында дүниеге келдім. Бірақ, мен мектепке баратын жылы қаладағы қазақ мектептері жабылып қалып, орта білімді қытай тілінде алдым. Мектепті тәмамдаған соң, Үрімжідегі Шыңжаң университетінің шетел тілдері факультетінің ағылшын тілі бөліміне оқуға түсіп, ордалы оқу орнында ағылшын тілімен қатар жапон, орыс тілдерін меңгердім. Жалпы, жас кезімнен түркология, оның ішінде түркітілдес халықтар тарихына қатты қызықтым. Жоғары оқу орнын бітірген соң «Халық» баспасының «Сөздік» бөлімінде екі жыл жұмыс істеп, Шыңжаң университетінің қытай тілдері факультетінің аспирантурасына қабылданып, қытайдағы түркітілдес халықтардың тарихы мен тілдік ерекшеліктерін зерттеуді қолға алдым, – дейді ғалым.
Кейін «Қытайдағы түркі халықтары тілдерінің салыстырмалы фонологиясы» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұдан соң еңбекқорлығы мен ізденімпаздылығының арқасында АҚШ-тың Оңтүстік Калифорния университеті тарих факультеті докторантурасының грантын ұтып алды. Бірақ, әуелгі арманы Америкадағы Индиана университетінде білім алу болатын. Иә, адам адал еңбек етіп, қиындыққа мойымай, қажырлылық танытса алынбайтын қамал бар ма? Ол осындай еселі еңбегінің арқасында тура бір жылдан кейін өз қалауымен Индиана университетіндегі Еуразиятану факультетінің докторантурасында білім алған. 1999 жылы «Жоңғар-Тыва тілін фонологиялық және морфологиялық талдау» тақырыбында докторлығын қорғады. Кейін ғалымның еңбегі бағаланып, Индиана университетіқызметке шақырды. Осында да «Түркі халықтары тілдерін екінші тіл ретінде оқыту» атты ауқымды жобаны қолға алып, бұл бағытта студенттер мен магистранттар және докторанттарға дәріс оқи жүріп, қазақ және ұйғыр тілдерінің оқулығын жазып шыққан.
Иә, ағамыздың еселі еңбегі туралы көсіле жазып, шешіле айта беруге болады. Бұған бір мақала аздық етері анық. Себебі, ағамыздың көздегені ұлы мұрат. Ал, ұлы мұрат жолында жүрген жанның ғұмыры да ғибрат, өмірі де өнеге. Біздегі тілек, рухы биік, тұғыры асқақ Талант ағамыздың ілкімді істері кең өріс алса екен!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.