Балық өндіру көрсеткіші жылдан-жылға жақсарып келеді

Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында  балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы қаралды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ағымдағы жылғы тоғыз айының жұмыс қорытындылары пысықталды.  Тұрақты комиссияның отырысына оның төрағасы Саят Сыздықов төрағалық етіп, облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов қатысты. Өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу жайы туралы  облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Тоқышев баяндама жасап, осы саладағы өзекті мәселелергежан-жақты тоқталды.

Мәселен, өңірде балық шаруашылығын дамыту бойынша әзірленген бағдарлама негізінде 2030 жылға қарай жылына 10 мың тоннаға дейін тауарлы балық өндіру көзделіпті. Бұл орайда, облыс аумағында жаңа балық өсіру шаруашылықтарынашып, балық ресурстарын қорғаудың тиімді қызметін құру, саланы ғылыми және кадрлық қамтамасыз ету міндеттері  қарастырылыпты. Бағдарлама негізінде алғашқы екі жылда белгіленгендей, балық өндіру көлемі жоспар бойынша қол жеткізілген, ал, биылғы меже былтырғыдан 2 жарым есеге көп, яғни 2469 тоннаны құрайды. Облыста бүгінде балық шаруашылығы алға қойылған Целиноград ауданының Аққайың кентіндегі«Poseydon», Степногорск қаласындағы «Прогресс Агро» және Бурабай ауданының Ақылбай ауылындағы «Biosphere-fish» серіктестіктері бар екендігін жеткізген басқарма басшысының орынбасары мәслихат депутаттарынан өңірде балық шаруашылығын одан әрі дамытып, бағдарламада көзделген межеге қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарға олардың шығындарын өтеуге көмек беретіндей субсиядия бөлуге бюджет есебінен қаржы қарастыруға қол ұшын беруді өтінді. Бұған дейін де үш жыл қатарынан аталмыш көмек туралы облыс әкіміне ұсыныс білдірілсе де, әлі күнге дейін көмек көрсетілмей келетіндігін жеткізді. Бұл ретте, облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов балық шаруашылығын дамыту маңызды мәселе екендігін алға тартып, басқарма тарапынан ұсыныс айтылса да, сессияға бұл мәселе шығарылмағандығын жеткізді.

– Егер сессияда балық шаруашылығына қатысты мәселелер көтеріліп, қаралатын болса, әрі бұл Үкімет тарапынан белгіленген Бағдарлама аясында көзделген міндет екенін білсе, депутаттар саланы дамытуға қажетті 6-7 миллион теңге көлеміндегі қаржыны бөрмей қоймайды, – дей келе Бейбіт Айтымұлы осындай өтініш-ұсыныстарыңызды облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына жолдағаннан кейін, сессияға аталған мәселенің шығуын қадағалап, біраз жүгіру керектігін, субсидияға қаржы керектігі туралы комиссия отырысында бірінші рет қозғалып отырғандығын ескертті.

– Қазіргі уақытта Ақмола облысында 610 балық шаруашылығы су айдыны бар, оның 80 пайызының қатып қалу қаупі бар. Себебі бұл су айдындарының орташа тереңдігі 1-1, 5 метрді құрайды, мұндай айдындарда балық өсіру мүмкіндігі төмен, ал ең терең деген және балық өсіруге әлеуеті жететін су айдындары ұлттық табиғи парктер аумағында орналасқан. Соңғы жылдары аймақтарда құрғақшылық байқалуда, осыған байланысты су объектілері одан да таяздана түсуде, соның салдарынан пайдаланушыларға коммерциялық балық өсіру қиындауда. 2030 жылдарға дейін Бағдарлама шеңберінде міндеттелген 10 мың тонна тауарлы балық өндіруге қауқарымыз жетпеуі мүмкін, –  деді табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеубасқарма басшысының орынбасары Болат Дүйсенұлы.

Егер су айдындарының жағдайы тауарлы балық өсіруге шамасы жетпесе, не үшін мұндай міндеттер жүктелгенін сұрап білген комиссия мүшелеріне басқарма басшысының орынбасары төмендегідей жауап берді:

– Балық шаруашылығы комитеті әр өңірдің су айдындарының ішкі жай-күйін зерттемей, ғылыми тексерістер жүргізбей, қоректену мен толымдылықты, тереңдікті, аумақты және тағы да басқа қажеттіліктерді ескермей, республика бойынша өндірілуі тиіс 270 мың тонна тауарлы балықтың көлемін өңірлерге бөле салған. Сонда әр өңірде 2030 жылға қарай 10 мың тоннадан  тауарлық балық өсіру көлемі пропорционалды түрде шығып отыр.

Тұрақты комиссияның мүшелері өңірде тауарлы балық шаруашылығын дамытуға субсидия бөлуге қаржы қарастыруда  депутаттардан қолдау табу үшін бұл тақырыпты сессияға шығаруға кеңес берді әрі балық өндіруге рұқсат етілген су айдындарының құжаттарын танысу үшін мәслихатқа жіберуді тапсырды. Аумақтардың әкімдерімен байланыс орнатып, су айдындарын шаруашылықтардың пайдалануы бойынша алдағы уақытта халық тарапынан түсінбестіктер туындамау үшін жиналыстар өткізіп, түсіндіру қажеттігі, өткен жиынның хаттамалары болуы керектігі де ескертілді.

Отырыста сонымен бірге, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовтің басқарма жұмысының ағымдағы жылғы 9 айының жұмыс қорытындалары бойынша жасаған баяндамасы тыңдалды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар