Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының Ақмола облысына гастрольдік сапарының соңғы күнінде М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» спектаклі сахналанды. Осы қойылымды көру арқылы режиссер, Қазақстанның еңбексіңірген қайраткеріГүлсина Мерғалиеваның қайраттылығы мен еңбекқорлығына тағы да бір тәнті болдық. Ол «Қорғансыздың күні», «Жетім» және «Кім кінәлі?» атты үш әңгіменің желісімен бәрін бір арнаға тоғыстыру арқылы үлкен қойылымды көрермен назарына ұсынып қана қоймай, актерлердің де рөлдерді шебер сомдауына қол жеткізген.
Иә, бұл қойылым кішкентай адам тағдыры, оның ішкі жалғыздығы мен трагедиясы туралы. Мұнда жетімдік тақырыбы бар қасіретімен ашылып көрсетіледі. Жетім балаға рақымсыздық жасаған тас бауыр жауыз адамдардың пасық әрекеттерін, азап шеккен қарапайым, дәрменсіз жанның панасыз, аянышты халін, қыршынынан қиылған бейкүнә, таза жүректі жас қыз бен баланың қайғылы өлімге ұшырағанын көресіз. Азған озбырлықты бақыт, жан рахаты деп түсінген тас жүрек адамдардың жауыздығы алдында ары тапталып, шарасыз болса да жанын пәк қалпында сақтаған Ғазиза, Қасым, Көркемнің өмірге дәрменсіздігін, қарсы тұрар қауқары жоқ бейшаралығын көріп, жан-жүрегіңмен сезініп, ой түйесің.
Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай сахналанған «Қорғансыздың күні» қойылымы ешкімді де бейжай қалдырмады. Көрерменнің көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедей-кепшік өмірінің бір көрінісін тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалық аса шыншылдықпен әсерлі баяндалады. Режиссер қойылымда өмір шындығын, заман сипатын адамның тіршілік-тынысымен байланыстыра, сабақтастыра шебер өрген. Оқиға басталғаннан-ақ бойыңды қорқынышты бір үрей сезімі билейтіндей. Тағдыр тауқыметін арқалаған жүдеу үйдегі соқыр әйел, кәрі әже, жас қыздың зарлап қалуы кімді болса да тебірентпей қоймайды. Тек Ақан сияқты қатыгез, жауыз болыс қана міз бақпай, өзінің айуандық бет-пердесін біртіндеп аша түседі. Жас қызды зәбірлеп, зорлық көрсетуі Ақанның азғындығын, адамгершіліктен жұрдай екенін дәлелдейді. Сондай-ақ, көрермен Ақан, Қалтай сияқтылардан ешқандай жақсылық күтуге болмайтынын түсініп, ұғынады. Қойылымның соңында озбырлық, қорлыққа шыдамай, жауыздықтың құрбаны болған Ғазиза әкесінің моласына барып, боранға ұрынып, үсіп өледі.
Спектакльде зұлымдықтың қанды құрсауының тұтқыны болған, қайғы мен қасіреттің ауыр жүгін арқалай алмай қиылған бейкүнә, пәк жандардың зарлы, мұңды тағдырлары шынайы сахналанады.
– Маңғыстау театрының үздік қойылымдарымен Көкшетауға гастрольдік сапармен келгеніне өте қуаныштымын. Оны біз арнайы барып, өздерінен көре алмаймыз. Ал, мына театр өзі келіп тұрғанда, неге оған бармасқа. Бірінші күннен басталған «Әлиханның аманаты» спектаклін көріп те ұзақ уақытқа дейін әсерімнен арыла алмағанмын. Одан кейін өзіміздің жерлесіміз, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Құлпытастың көз жасы» да мағыналы қойылым болды. Ал, «Қорғансыздың күні» қойылымында М.Әуезовтің үш әңгімесін біріктіріп, бізге алып келген режиссер Гүлсина Бақытжанқызының шеберлігіне қатты ризамын. Әйел затының шынымен де қорғансыз жан екенін дәлелдеген шынайы оқиғаны бастан кешкендей болдым.Көзге еріксіз жас келді. Әсіресе, қойылымдардағы актёрлердіңөз рөлдеріне беріле ойнау шеберлігі де таңдай қақтырады. Театрдың осындай әсерлі қойылымдары көп болсын. Шығармашылық табыс, толассыз көрермен тілеймін, – дейді Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясы жанындағы шеберлер одағының мүшесі, театрдың тұрақты көремені Гүлнәр Орынбаева.
– Біздің театр ұжымы жыл сайын «Әбіш әлемі» фестивалін және Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалін ұйымдастырады. Сондықтан, бізге көп адаммен гастрольдік сапарға шығу қорқыныш тудырмайды. Арқаға келіп, самал желімен тербеліп, саф ауасын жұтып, бір апта бойы сахналық қойылымдарымызды ұсынып, Көкше көрермендерінің ризашылығына бөленіп барамыз, – деген театр директорының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Тоқтамұрат Тілеу кеудесін кернеген толғанысы мен ризашылығын да жасыра алмады.
Қалай десек те, қойылым көңілден шықты, жүрекке жетті, көрермендердің декөзжастарына ерік бергені жасырын емес. Қанша ғасыр өтсе де, неше дәуір, неше ұрпақ ауысса да, адамдардың хайуандық қасиеті мен арсыз, ұятсыз әрекеттері бойынан жоғалмайынша, бұндай қорғансыздардың күні жалғаса берері хақ.
Қойылымның соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев, қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы, отставкадағы полковник, марафоншы Айтан Жылқыбай сахна төріне көтеріліп, бірнеше күн қатарынан спектакльдерін көрермендерге тарту еткен өнерлі ұжымға, оның директоры, Тарлан сыйлығының лауреаты Гүлсина Мерғалиеваға деген ыстық ықыластарын білдіріп, сый-сияпаттарын жасады.
– Өмірдегі де, өнердегі де жолдарыңыз ашық болсын! – деп шексіз ризашылығын жеткізген Жабал Ерғалиев көпшілікке «және бір менің ұққаным, қандай заман болмасын оның бай мен қатыгездігі болады, бірақ, адамның жанынан мейірім кетпеуі керек. Адам баласы адам болып туғаннан кейін өзінің жүрегіндегі мейірім, махаббатын жоғары ұстасын» деген ой тастады.
Өз кезегінде еліміздегі ең жас театрдың білікті басшысы Гүлсина Бақытжанқызы Ақмола облысы әкіміне, Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының басшысы Жарас Қалдаровқа, «Парасат» орденінің иегері, театрдың рухани анасы атанған Жібек Бағысоваға, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевке және барша көрермендерге иіліп, алғыс айтып, ескерткіш сыйлық табыс етті. Ал, қойылымды бір сағат отыз минут бойы бір деммен тамашалаған көрермендердің қошеметінде шек болмады, тік тұрып, ұзақ қол соқты. «Өнер» деп осыны айтсаңшы, шіркін…
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.