«Аладдиннің сиқырлы шамы» қызықтырды

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облысының қазақ музыкалық-драма театрында Көкшетауға гастрольдік сапармен келген Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының бүлдіршіндерге арналған «Аладдиннің сиқырлы шамы» атты балалар қойылымы көрсетілді.

Қоюшы-режиссері театр актері Еркебұлан Бекен «Аладдиннің сиқырлы шамы» қойылымы «Мың бір түндегі» араб ертегісінің желісімен балаларға арналып дайындалған. Театр актері Еркебұлан Ибраһим сомдаған Аладдин балгер мен уәзірдің айтуы бойынша сиқырлы шамды іздеп табады. Базарға барған Аладдин Сұлтанның қызы Будур ханшайымды бір көргеннен ұнатып, жолындағы кедергілер мен қиыншылықтарға қарамастан, өз мақсатына қол жеткізген кейіпкер Аладдиннің батылдығы бозбалаларға үлгі болатыны анық. Ал, Айгерім Смағұл сомдаған ханшайымның бейнесі жас көрмендерге тектілікті танытқандай. Осы кезден ертегі кейіпкерлері түрлі қызықты оқиғаларды бастан кешеді. Ертегіні көңілді Шиммер және Шейн атты кейіпкерлердің рөлін сомдаған Жаннұр Абаева мен Ақылбек Мұсабаев жүргізіп отырды. Спектакльдің көрерменге берер тәрбиелік мәнінен бөлек, қызықты тұстары да бар. Мысалы, қойылым кезінде орын алатын сиқырлық көріністері балалардың қызығушылығын арттырып, назарын аударады. Сонымен қатар, музыканың үйлесімділігімен әр өзге көріністер де тартымды болды. Жас көрермендерді таң қалдырып, көңілдерін аулаған – ол әр кейіпкерге лайықты етіліп, ерекше үлгіде жасалған актерлердің бейнелері мен образдары. Өз рөлдерін сөйлетіп, билетіп, оларға жан бітіретін театр актерлерінің еңбегін атап өткенде жөн.

Қойылымды тамашалуға қала мектептерінің 3-5 сынып аралығындағы оқушылар   мен жас көрермендер келді. Адамдардан көргенін үйренуге бейім бүлдіршіндерді жақсылық пен жамандықтың, зұлымдық пен мейірімділіктің ара-жігін ажыратуға үйретіп, адалдыққа баулитын «Аладдиннің сиқырлы шамы» ертегісі қызықты қойылымдардың бірі деп айта аламыз. Себебі, қойылым кезінде балалар өзіне ұнаған кейіпкерді таңдап алады. Сол арқылы кімнің жақтасы болатынын, олардың қиындықтан қалай шығатынын ойлай отырып, саналы түрде ой түйеді.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар