Ерікті болу  елге адал қызмет етудің өнегесі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов халыққа қайырымдылық көмегін көрсетіп жүрген еріктілермен кездесіп, волонтерлік ұйымдар мен бірлестіктердің басшыларына олардың жетекшілігімен атқарылып келе жатқан жұмыстар үшін ризашылығын білдірді.

Әкімнің орынбасарлары мен БАҚ өкілдері қатысқан кездесуге қала және облыс өміріне белсене ат салысып жүрген волонтерлік ұйымдардың басшылары, атап айтқанда, жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков, «Мейірімді жүрек «Lider.kz» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Катухова, «Amanat» партиясы жанындағы «Jastar ruhy» жастар қанатының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Сұлтанбек Бекешев, «Фронт офис» еріктілерді қолдау орталығы» басшысы Дидар Хамзин, «Қызыл Жарты Ай» қоғамы Ақмола облыстық филиалының басшысы Асхат Уайсов, «Ақмола облысы бойынша «Қазақстан студенттер Альянсы» студенттік қозғалысының төрайымы Ақбота Мұхамбетқызы мен «Esirtkisiz bolashaq» Ақмола облысы бойынша штабының төрағасы Ербол Амантаев жиналды.

Қазіргі уақытта облыста волонтерлік қызметте 89 ұйым және  3200-ден астам ерікті 9 негізгі бағыт бойынша белсенді жұмыс істейді. Бұл бағыттарға «Bilim», «Sabaqtastyq»,«Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem» «Umit», «Saýlyq», «Күміс волонтерлік» және «Корпоративтік волонтерлік» бағыттары жатады. Сондай-ақ, авто және зооволонтерлік қозғалыс та белсенді дамып келеді. Сонымен бірге, волонтерлік салада 18 жастар ұйымы бар. Жалпы аудандар мен қалалардың жастар ресурстық орталықтары жанынан 84 волонтерлік орталық құрылған. Онда волонтерлік, жастарды мемлекеттік қолдау шаралары, психологиялық және заң көмегі саласында жастарға кеңес беру үшін консультативтік колл-орталықтар қызмет көрсетеді.

Өткен жылы облыс еріктілері 747 отбасына азық-түлік себеттерін апарып, демеушілік көмек көрсетті. Волонтерлердің бастамасы бойынша мұқтаж жандар үшін былтыр 19,5 миллион теңге жиналса, биыл 7 миллион теңге жиналды. Аймақ басшысымен кездесуде еріктілер өз ұйымдарының атқарған жұмыстары жөнінде айтып өтті. «Мейірімді жүрек LIDER.KZ» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Катухова:−Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмектесеміз. Пандемия кезінде біз 600-ге жуық отбасына азық-түлікпен көмектестік, сонымен қатар, біздің қор барлық уақытта 5 үйді жөндеді. Жоғалған адамдарды іздеуге де барамыз. Жалпы, ерікті әрқашан  пайдалы адам екендігін айтқым келеді. Шынында да, кез-келген төтенше жағдайларда олар үнемі қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесіп жүреді. Осылайша олар біздің қоғамның дамуына елеулі үлес қосады, −деп жетекші ұйымның қызметіне тоқталды. Аймақ басшысы Ирина Катуховаға ерекше алғысын білдіріп, осы салада одан әрі табысқа жетуіне тілектестігін білдірді. «Қызыл Жарты Ай» қоғамы Ақмола облыстық филиалының басшысы Асхат Уайсов:

−Біздің филиал төтенше жағдайларға ден қоюмен, халықты әлеуметтік қолдаумен айналысады. Еріктілеріміз  рейдтік іс-шараларға, әр түрлі акцияларға қатысады. Өткен қыста «Қызыл Жарты Ай» федерациясының қолдауымен 100-ден астам жылы көрпе, 100 қысқы аяқ киім, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға шұлықтар және жалғыз басты зейнеткерлер үшін 30 жылытқыш сатып алынды. Біз олармен кездесіп, қысқа дайындалуға көмектесеміз. Сонымен бірге, ыстық тамақ сатып алу  үшін 2 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді, − деді.

Марат Ахметжанов еріктілер қозғалысы халықтың әлеуметтік осал топтарына баға жетпес көмек көрсететінін атап өтіп,оларға алдағы жұмыстарды іске асыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.  Кездесуде басқа еріктілер ұйымдары мен бірлестіктерінің басшылары да сөз сөйледі. Олар өз ұйымдарының қызметі жөнінде айтып,болашаққа жоспарларымен бөлісті. Іс-шара соңында облыс әкімі қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, әкімдіктің атынан ризашылығын жеткізді.

−Мемлекетіміздің дамуына қосып жатқан зор үлестеріңіз үшін сіздерге  шынайы алғысымды айтамын. Бүгін Ақмола облысының ең белсенді волонтерлер ұйымдары жетекшілерімен танысқаныма қуаныштымын, − деп атап өтті өз сөзінде  Марат Ахметжанов. Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойып отырған міндеттерін орындау үшін бірігіп жұмыс істеуге шақырды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар