Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жақсы қасиеттері көбірек ұлт болсақ етті - АРҚА АЖАРЫ

Жақсы қасиеттері көбірек ұлт болсақ етті

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиістіміз.

 (Биылғы  (2023) жылдың 17 қазан күні Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың қатысуымен өткен Сенаттың жанындағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңында сөйленген сөз).

Қазір адам баласының дүниетанымы өзгерген заман!

Адамына қарай заманы, сол заманына қарап адамы да өзгеріп жатыр.

Замана желі біздің халқымыздың да ой санасын желпіп те, желпіндіріп те отырғаны анық.

Қазіргі қазақы қоғамның бет алысы мен сын-келбетінен мұны айқын аңғарып отырмыз!

Бүгінгі күні біріне-бірі айып тағып, бірін-бірі кінәлап, тіпті кей жағдайда бірін-бірі ғайбаттап жатқан қоғамның сыйқынан шошынатының да бар!

Әркім өзінікін дұрыс санап отырған бір заман!

Ұлы даланы мекендеген халқымыз сол ұлы даланың өмір сүру заңдылықтары мен әдеп-ғұрыптарын қалыптастырып, соларды өздерінің биік адами қасиеттерімен ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, санамызға әбден сіңіріп кеткеніде ақиқат!

Алайда, бүгінгі күні айтылып, бүгінгі күні зар жылап, зар қақсап отырған Ұлттың кейбір қасіретті дейтіндей жағдайына осы күнді кімді кінәлауға болар еді?!

Сонау зар заманның ақындары Дулат Бабатайұлынан бастап, бертінгі Абай хакім, одан кейінгі алаш қайраткерлері, одан соң кешегі тар заман дейтіндей кеңестік дәуірде де, жолдан да, ауыздан да қаққан кезеңде де Ұлт ойшылдарынан айтпаған аталы сөз қалып па еді?!

«Жұртым-ай шалқақтамай сөзге түсін» деп Абай хакім тіпті жалынғандай аузынан өкініштің жалыны шығып, жалына да айтты ғой!

Жә… қазір заман басқа… ел басқа… адам басқа… сана басқа… құндылық басқа!..

Осы үдерістерді көре отырып, бүгінгі күні өз жағдайымыз үшін, рухани да, тұрмыстық та жұтаңдыққа ұрынып отырған шағымызда бұған бүгінгі қазақ баласы ешкімді кінәламасақ екен, ешкімді де  сөкпесек екен!

Терең зерделейтін болсақ, заман да сол заманның адамы да кінәлі емес?

Кінәлі саясат! Ұлы Даланың төскейін шаңдатқан да, қандатқан да ертедегі шапқыншылық пен жаугершілікті қоя тұрып, Ресейшілік патшаның отарлау саясатының қара сиясымен жазып, ойластыра жүргізген саясаты қазақ баласының санасын, ой-әлемі мен көзқарасын өзгеріске ұшыратқаны, қазақ сахарасында орыс мектептерін ашып, ұрпақты тілден айыру, қазақ сахарасына шіркеулерін салып, қазақ баласын кей өңірлерде шоқындыру саясатын, солайша діннен айыру болған жоқ па, болды!

Иә… одан соңғы кеңестік жүйенің тап «жаулары» мен халық жауларын анықтау, ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, солтүстік өңірлерде қазақ мектептерінің жаппай жабылуын осы аймақтардағы қазақ газеттерінің таратылуы да ұлт басына төнген ауыр қасірет еді.

Міне, осындай нәубеттен өткен, ұлт зиялыларының  өмірлері қиылып, қан кешуден өткен халқымыз қазір бірін-бірі емес, Саясатты айыптап,алайда дау-дамайды қоздырмай, сол саясаттан қорытынды жасап, алға қарауға тиістіміз!

Бізге мүлдем жаңа көзқарас, жаңа ой байлам мен жаңа сана қажет!

Біздің бүгінгі Ұлттық идеологиямызды осы тұрғыдан қалыптастырып жатырмыз!

Бұл орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру» үшін бастап беріп отырған саясаты мен  жүргізіп отырған саяси реформаларын әлі де болса терең зерделеп, ол біздің күн сайынғы насихат сөзімізге айналғаны абзал!

Соған орай «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру» және де «Әділ де Адал Қазақстан құру» біздің ұлттық идеологиямыздың басты тақырыбына айналуға тиісті!

Біз үшін Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудан және Әділ де Адал Қазақстан құрудан асқан мүдде де, мұрат та болуға тиісті емес дәл қазір!

Қоғамға Әділдік керек пе, керек! Адалдық керек пе, керек!

Сол әділ де, адал қоғам орнатудың алғы шарты ретінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 5 маусымда бүкілқазақстандық референдум өткізу арқылы ең әуелі Ата Заңымызды бүгінгі заманның, бүгінгі қоғамның даму ерекшеліктеріне орай халықтың пікірін ескеріп, орнықтырғаны біздің жаңа саясатпен, бүгінгі заманның, бүгінгі әлемнің дамуына қарап бой да, ой да түзеуімізге жол ашып отыр.

Бүгінгі күні біздің Ұлттық құндылықтарымыздың бірі де бірегейі Президентіміз айтып отырған «Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру» болса керек!

Тағы бір ұлттық құндылықтарымыздың бірі мен бірегейі «Адал азамат» қағидасын орнықтыру мен өсіріп, тәрбиелеу болса керек!

Жалпы біз Ұлттық құндылықтарымызды іздеп, түгендейтін болсақ, онда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы (2023) жылғы 17 маусым күні Түркістан қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат!» атты ой-пікірлі сөзіне жүгінуіміз керек!

«Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиістіміз,–деді Президентіміз осы Құрылтайда.

Дау жоқ, Президентіміз айтып отырғанындай, зерделей білсек, «әлемдегі орнымыз ұлтымыздың сапасына байланысты!»

Алайда, Президентіміз айтып отырған «жауап беруге тиісті бірқатар маңызды сауалдар» қандай деп ойланып жүрміз бе?

Өз басым сол маңызды сауалдардың кейбір жауабын Абай хакімнің айтқандарынан тапқандай боламын!

«Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді-біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз» дегені бүгінгі күні де өзінің маңыздылығын жойған емес әлі де!(Абай. Жиырма төртінші сөз).

Және де сол Абай хакімнің де налып өткен қазақтың «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» қасиеттері де осы күндері бекер емес деп айта алармыз ба?

Бәлкім сонан да болар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында:

 «Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын.Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біз­дің күнделікті өмірлік ұстаным­дары­мыз да өзгеруі керек.Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар жә­не жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс»,–дегенді айтқаны әрқайсымызды ойландырса етті.

Ендігі арада Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Отаншылдық,  адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиісті» дегені немесе «Елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы керек» дегенін әрдайым барша қазақстандықтар, үлкеніміз кәріміз, бәріміз, тіпті де бәріміз ойдан шығармасақ етті.

Бұл біздің бүгінгі күнгі отбасы тәрбиесінің ұлағатты әңгімесіне, дастархан басында ата-ананың өз ұл-қыздарына айтып отырар өсиеті болса етті!

Бұл Мемлекеттік саясатты жүргізуші әр қызметкердің, тіпті, «оппозициямын» деп жүрген әркімнің айтар ойының өзегіне айналса етті!

Мені осы күндері Ислам Дініне қарсы жасалып жатқан шабуыл әрекеттері де,  айтылып та жатқан сан-сақты пікірлер мен ойлар да қатты алаңдатады. Бүгінгі қоғамдағы барлық келеңсіздіктер үшін тек Ислам діні кінәлі деген жаңсақ пікірден аулақ болсақ етті.

Дінсіз қоғамнан шығып, дінсіз қоғамға бара жатқандаймыз. Алайда, біздің Ислам дінінің босап қалған орныешқашан бос тұрмасы да анық.

Адамға сенім керек. Қазіргі уақытта басқа діннің уысында жүрген қазақтар аз емес. Оны айтасыз  «поп» болып жүрген қазақтар да бар емес пе, бар!

Рас, қазіргі уақытта сақалдарын қоя берген, қысқа балақты шалбар киген, қара жамылып жүргендердің де қарасы көбейіп барады.Солардың қоғамның наразылықтарын тудырып отырғаны да анық. Алайда, жат діннің ағымына еріп, сол адасып жүргендер өзіміздің ұлдарымыз бен қыздарымыз емес пе?! Енді оларды қайда жібереміз, шет ел асырып қуып тастаймыз ба? Болмаса бәрін бірдей қамап тастаймыз ба?! Оларды сөге бергенше, ғайбаттай бергенше, тәрбиелемейміз бе, араларына барып, әңгімелеспейміз бе, бауырымызға тартпаймыз ба?!

Ұлы Далада діннен бұрын, діннен де мықты алтын діңгегіміз, алтын тамырымыз-халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болатын. Қазіргі жастарымыздың білместікпен жан-жаққа ұрынып жүргені ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді білмей, ұмыт болып бара жатқанынан. Президентіміз айтқан ұлттың жаңа болмысын, жаңа сапасын қалыптастыру үшін  ең бірінші ғасырдан-ғасырға келе жатқан ұлттық санамыз бен ұлттық әдет-ғұрпымызды қалпына келтіріп, жастардың бойына сіңіру керек. Орыс халқының саяхатшысы Николай Пржевальский Жетісу өңірін аралағанда «Бұл халыққа білім берудің қажеті жоқ, олардың салты мен дәстүрінің өзі тұнып тұрған білім мен ғылым» деп жазба қалдырған.

Мұны айтып отырғандағы себебіміз, ақын Жұбанның сөзімен айтқанда бұған дейін «мың өліп мың тірілген» қазақ болсақ, бетін аулақ қылсын, енді мың бірінші рет өлетін болсақ, енді қайтып тіріле алмасымыз, бізді басымыздан сүйеп ешкімнің де тұрғызбасы да, қолтықтап демемейтіні де анық!

Қазақ халқын, оның асылдары мен ақылды да білімді, ойшыл зиялыларын, ғасырлар бойы қалыптасқан әдебі мен ғұрпын, салты мен дәстүрін, ұлттық болмысы мен ұстанымын құрдымға кетірген, ұлттық тұнығымыздылайлаған әбжылан зымиян саясат та кетпеске кетті! Алайда, зардабының табы әлі де бар! Болмашыны сөз қылып, болмашы жерден ілік іздеп тұратынымыз сол зымиян саясаттың бойымыздан кетпей жатқан зардабы ма деп ойлаймын.

Ендігі арада Президентіміз айтып отырған «Ұлтымыздың жаңа сапасын» қалыптастыру аса маңызды елдік мүдде!

Бұл жолда Парламент Сенаты (Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев) бастап, үлкен әрі мемлекеттік тұрғыдан маңызы зор, ұлтымыздың бүгіні мен келешегі және қуатты мемлекет болудың алғы жұмыстарын қолға алып отырғандығына зор ризашылығымды білдіремін!

«Тәуелсідік бәрінен қымбат!» Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы айтқаны біздің жадымызда жалын болып жанып, біздің елдік мүддені ойлайтын санамыз әрдайым қалғымауға тиісті!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар