Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 Атыңнан айналайын, Нилуфар! - АРҚА АЖАРЫ

 Атыңнан айналайын, Нилуфар!

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Нилуфар Амирасланова «Шапағат» медалімен марапатталды

 «Тіл – мәдени қазынаның қайнар бұлағы» деп бекер айтылмаса керек, – дейді Нилуфар Алмасханқызы, – мен қазақ, орыс, ағылшын, әзербайжан тілдерін жақсы білемін. Мектепте ағылшын тілінен сабақ берсем де, балаларға мемлекеттік тілді үйретіп, қазақ тілінде көбірек сөйлеуге тырысыңдар деп айтудан жалыққан емеспін.

 Облыс орталығында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы өткізілген болатын. Байқауға үш тілді жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы 13 үміткер қатысты. Олардың барлығы дерлік үш тілді еркін меңгерген бесаспаптар екендігі бірден байқалып тұрды. Тартысты өткен байқау барысында Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Нилуфар Амирасланова бірінші орынға ие болды. Қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, кең-байтақ қазақ даласының аймақтары туралы сауалдар қойылған болатын. Келесі кезеңде үміткерлер қазақ тіліндегі мәтінді орыс және ағылшын тілдеріне аударды. Қазақ тілін насихаттайтын, өздері дайындаған бейнебаяндарын көрермен назарына ұсынды. Дәл осы тұста Нилуфар Алмасханқызының оралымды ой-пікірлері діттеген жерден шықты.

–Байқау өте тартысты өтті. Барлық қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Осындай байқаулардың тілді меңгерген жастарға пайдасы зор, өйткені, олардың бәсекеге қабілеттілігі арта түседі, – деген болатын қазылар алқасының төрағасы Қасиет Мәлғаждаров.

Біз әзербайжан аруымен тілдескенде көкірегінде жүрген пікірін көңілге қонымды етіп жеткізген.

–«Тіл – мәдени қазынаның қайнар бұлағы» деп бекер айтылмаса керек, – дейді Нилуфар Алмасханқызы, – мен қазақ, орыс, ағылшын, әзербайжан тілдерін жақсы білемін. Мектепте ағылшын тілінен сабақ берсем де, балаларға мемлекеттік тілді үйретіп, қазақ тілінде көбірек сөйлеуге тырысыңдар деп айтудан жалыққан емеспін. Сайып келгенде, мемлекеттік тіл – барлық қазақстандықтарды топтастыратын, жарқын болашаққа жол салатын, іргелі істерге ұйытқы болатын, ең бастысы, шынайы достықтың қарымды құралы. Еліміздің әрбір азаматымемлекеттік тілді білуге және қазақ тілінде сөйлеуге тиіс.

Тіл туралы толғанғанда жас мұғалім өзінің арнайы жоба дайындағанын да тілге тиек етеді. Оның ойынша жергілікті ұлт тілін жетік меңгеру үшін ең алдымен, бір-бірімен жатырқамай, қысылмай сөйлесетін  тілдік орта болуы керек. Тілдік ортаның өз мақсаты, аудиториясы болған жөн. Мәселен, мек теп оқушылары, студенттер, өзге де сала қызметкерлері. Елімізде ағылшын тілі орталықтары жақсы жұмыс істейді. Ендеше, неге өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлт тілін үйренетін осындай орталықтар болмауы керек. Нилуфар Алмасханқызының пікірінше мұндай орталықтарды ұйымдастыруға әбден болады. Ең бастысы, қатысушылардың көңілін баурайтын қызғылықты тілдік кеңістік қажет. Әрі ол жаңа қозғалыс бағытында дамығаны жөн. Біріншіден, оқушылардың мақсатты тобын ұйымдастырса, олар ертеңгі студенттер, әйтпесе, еліміздің болашағы.

Өз басы 23 жасында болашағы зор оқытушы ретінде танылған. Облыс орталығындағы №1 мектеп-гимназияда ағылшын тілінде сабақ беретін айтулы ұстаздардың санатында. Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы университетті қызыл дипломмен бітіргеннен кейін магистр дипломын сәтті қорғаған.

–Халықаралық конференцияларға қатыса жүріп, ағылшын тіліндегі пікірсайыс технологияларын жете зерттедім. Сол сәтте мемлекеттік тілді үйретудің жаңа форматы туралы ойға берілетін болдым. Білім ошағында қазақ тіліндегі пікірталастарды өткізіп, сынап көрдім. Бұл тәжірибем жақсы нәтиже берді деп айта аламын. Жасыратыны жоқ, осы бағыттағы кейбір білім беру бағдарламалары күткендегідей нәтиже бермей жатады. Демек, оқыту форматын өзгерту қажет. Ол ешқашан оқушылардың көңілі соқпайтын, жадағай сабаққа айналмауы керек. Егер олай жасасақ, оқушылардың ынтасы кеміп, ықыласы төмендейді. Одан соң бұл тарапқа икемдеу де қиын, – дейді біздің кейіпкеріміз.

Өз өмірі жайлы сыр  шерткенде әзербайжан аруы тарихи Отанында дүниеге келгендігін ұқтық. Жөргектегі сәби кезінде отбасымен Көкшетауға көшіп келген. Облыс орталығындағы №8 мектепті алтын белгімен аяқтаған. Қаршадай қыз алты тілді еркін меңгеріпті.

–Мектепте оқып жүргенімде жергілікті ұлт тілі жаныма соншалықты жақын болатын, – дейді ол, – мектеп директоры Айгүл Нөгертаева менің тілге деген талабымды байқап, қамқорлығына алды. Шынын айтқандаАйгүл Бексұлтанқызы маған шабыт берген, қазақ тіліне деген ыстық ықыласымды лаулатқан. Бағыма орай мектепте қазақ тілі пәнінің мұғалімдері шын мәніндегі ұлағатты ұстаздар болды. Мәселен, Гүлнәр Қаңтарбаева, Тұрсынгүл Дәулетқалиқызы мен үшін тіл білімін тереңдей оқытатын мамандар.

Мектепте оқып жүрген кезінде мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері арасында өтетін байқауларға үзбей қатысып, әлденеше рет жүлделі орындарға ие болған. Оныншы сыныпта оқып жүргенінде қалалық олимпиаданың жеңімпазы атанған. Сол жылы облыстық байқауда екінші орын иеленген. Республикалық олимпиадаға отбасылық жағдайларға байланысты жолы түспеген.

–Бара алмай қалғаныма мектеп директоры Айгүл Нөгертаева апайым қатты ренжігені есімде, – дейді тіл білгірі, – екеуіміз де қатты үміттеніп едік.

Университетте де әзербайжан аруы қазақ тілін тереңдетіп оқуды жалғастырған. Еркін меңгерген соң өзі де өзге ұлт өкілдерін оқытумен айналысқан. Айтуына қарағанда, қазақ тілі арқылы ағылшын тілін меңгеруі мейлінше оңайға соққан.

–Мемлекеттік тіл арқылы шет елдік ұғымдарды үйрендік. Қазақстандық ретінде мен жергілікті ұлт тілімен ғана емес,оның мейлінше бай әдет-ғұрпымен де, мәнді мәдениетімен де жете танысып, өз өмірімнің бір өзегіне айналдырдым, – дейді ол. Тілді білу арқылы ұлтқа деген сүйіспеншілік пен сыйластық бастау алады.

Кейіпкеріміздің пікірінше, тұтас ұлттың мәдени бірегейлігін көрсететін айрықша мәнді тұжырымдар, оралымдар бар. Егер өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жетік меңгергісі келсе, алдымен оның құрылымын, грамматикасын, лексикасын зерделеуі керек. Жалаң тілді ғана меңгеру жетімсіз. Рухани қазынасы мол қазақ халқының ғажайып мәдениетімен тонның ішкі бауындай танысса ғана ұшпаққа шықпақ. Сол сәтте кез-келген адам қазақ тілін үйрене алады.

–Мен мемлекеттік тілді меңгеру міндет деп есептеймін. Өйткені, біз қонақжай, адамдары соншалықты мейірімді Қазақстанда тұрамыз ғой. Болашақта өзге ұлт өкілдері жергілікті ұлт тілін жетік меңгеретініне сенімдімін, – Нилуфар Алмасханқызы, – маған кейде жалаулы жасыл дүние үндестігі Сарыарқаның самалындай есетін майда қоңыр дауыспен өз жаныма соншалықты жақын қазақ тілінде ән салып тұрғандай болып көрінеді.

Осы бір сөздерден кейін менің де толқып кеткенім. Тіл ұшына «ақылыңнан айналайын, әзербайжан аруы!» деген сөз орала берді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар