Әлем чемпионы Зерендіде!

Зеренді ауылында еркін күрестен Кеңес Одағының Батыры, ғалым ұстаз, академик, даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинді еске алуға арналған халықаралық турнир өтті.

Бұл байрақты жарысқа еліміздің жүрегі Астана қаласынан, Атырау облысы және басқа да бірқатар өңірлерден, сондай-ақ, Ресейдің Қалмық, Бурят автономды республикаларынан, Омбы қаласынан көптеген талантты спортшылар қатысты.

Жарыстың ең бір есте қалар тұсы осы турнирге байланысты зергер зерлеген Зеренді жеріне күні кеше ғана Сербияның астанасы Белградта өткен әлем біріншілігінде 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бүкіл қазақтың, соның ішінде Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың асыл арманына қол жеткізіп, еркін күрестен әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұханның қадам басуы еді. Бұл қуанышты жағдай турнир маңызын одан сайын арттырып, орталық алаңға жас та болса, бас балуанды қошеметтеп қарсы алуға шыққан қаншама зеренділік жұртшылық өкілдерін көл-көсір шаттыққа бөледі десек, артық емес.

Ең біріншіден, жергілікті басшылар мен спортсүйер қауым жас әлем чемпионының осы жарысқа шақыруды шынайы ризашылықпен қабыл алғанына, сөйтіп, уақыт тауып келгеніне, екіншіден, өзіне құрмет білдіріп, көкке көтерген халқымен, соның ішінде турнирге қатысқан спортшылармен, әсіресе, жас балуандармен етене араласып, тонның ішкі бауындай жарасып кеткен елгезектігіне сүйсінді. Әлем чемпионын аудан орталығы Зерендіге кірер жолда Балқадиша апамыздың ескерткіші жанында Зеренді ауылдық округінің әкімі Нұртас Мұхтарұлы бастаған жұртшылық өкілдері құрметпен қарсы алды. Аз уақытта күллі қазақтың, тұтастай еліміздің мақтанышына айналып үлгерген балуанымызды қошеметтеп, Белградтағы үлкен жеңісіне «Құтты болсын!» айту рәсімі орталық алаңда өтті. Онда Ризабек Айтмұханды аудан әкімі Әсен Жақсылықов және тағы басқа да атқамінер ел азаматтары жылы шыраймен қарсы алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Сол арада шын жүректен шыққан ризашылық сезімдері 19 жасында осындай биік шыңдыбағындырған батыр балуанымызға ғана емес, оны жастайынан спортқа, соның ішінде ептілер мен шеберлердің ғана қолынан келетін осы күрес өнеріне мықтап баули білген әкесіне де молынан білдіріліп жатты.

Жылыжүзді кездесудің өн бойы өздерінің қарапайымдылығынан жазбаған әкелі-балалы құрметті меймандарға аудан әкімі сый-сияпатын жасап, қазақы дәстүрмен Ризабектің астына ат мінгізіп, иықтарына шапан жапты. Басқа да қонақжайлылық кәделері жасалып, орталық алаңда осы бір соңғы айлардың қуанышы – ерен жігітімізді көреміз деп келген көпшіліктің жүзінде қуаныш нұры шалқи түсті. Ән-күйден шашу шашылып, халық қақ жарылып, ашық көліктегіРизабегін батырындай күтіп алған аудан тұрғындарында да есеп жоқтай еді. Әр жерде қазақтың көк Байрағы! Біздің есімізде осындай жылылығымен, салтанатымен қалған мұндай қуанышты сәттер алдада елімізде көп бола берсінші. Зеренді жеріне чемпионның келуі де үлкен әсер еткен шығар, осы күндері еркін күрестен Мәлік ағамызға арналған халықаралық турнир де жоғары деңгейде, ұйымшылдықпен өтті. Соның басы-қасында болған Ризабек Айтмұхандай қазақтың намысшыл ұлдарының қатары алдадакөбейіп, осындай ақжарма қуаныштан жазбайық!

Серік НЫҒМЕТОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар