Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Әділет Рақымжановтың қатысуымен «Көкшетау қаласында қоқыс шығарудың ағымдағы жағдайы» туралы брифинг болып өтті.
– Көкшетау қаласының санитарлық тазалау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың ең өзекті және негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Тек бірлескен күш-жігер, құзырлы органдардың қолдауымен жергілікті атқарушы органдар бұл мәселеде оң нәтижелерге қол жеткізе алады, – деді Әділет Болтайұлы.
Бүгінгі күні жауапты бөлім Көкшетау қаласының атқарушы органдарымен бірлесе отырып,коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталуының нормаларын есептеу ережесімен нормативтерін әзірлеп, бекіткен. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және орналастыру бойынша тарифтер енгізіліп, контейнерлік алаңдар мен қайталама шикізатты қабылдау пункттерін дамыту үшін жер телімдері бөлінген. Ағымдағы жылы Көкшетау қаласын санитарлық тазалауды қамтамасыз етуге бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде өздігінен пайда болатын полигондарды жоюға 56 миллион теңге бөлініп, оған жауапты мердігер болып «Көкше тазалық» ЖШС белгіленген. Сол секілді қоқыс орындарын ірі көлемдегі қалдықтардан тазалауға бөлінген 44 миллионтеңгеге «Зерен плюс 2006» ЖШС-ы өз жұмысын бастаған.Қоқысжинаудың орталықтандырылған жүйесін ұйымдастыру мақсатында конкурс өткізілген. Нәтижесінде, қызметті жүзеге асыру үшін «ТҚҚ операторы», «ЭКО-ДУМП», «ЭкоГрупп 2020», «Таза қала Ақтөбе» серіктестіктері қатарлы кәсіпорындар анықталды. Әрбір учаскеде орнатылған контейнерлер санына әрбір учаскеден қоқыстыжүйелі түрде шығаруды қамтамасыз ету көзделген.
Экологиялық кодекстің 367-бабының 3-тармағына сәйкес халық қоқысжинаудың орталықтандырылған жүйесін мемлекеттік шарттар негізінде пайдалануға және мәслихат бекіткен тарифтерге сәйкес қалдықтарды тасымалдау қызметтеріне ақы төлеуге міндетті. Қоқысшығару қызметтерінің құны бір тұрғынға айына 500 теңгені, жайсыз үй шаруашылықтары үшін 580 теңгені құрайды. Сонымен бірге, 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін Көкшетау қаласында қоқыс сұрыптау және орналастыру полигоны болмағанын ескере отырып, белгіленген сома толық жиналмаған. Қаладағы контейнерлік алаңдарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, барлығы 242 алаң орнатылған. Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі типтік ережелерге өзгерістер енгізді. Түзетулер қалдықтарды жинау және шығару тәртібіне әсер еткен. Жаңа өзгерістегітармаққа сәйкес, контейнер алаңдарына іргелес аумақта құрылыс және ірі көлемдегі қалдықтарды сақтауға жол берілмейді. Жеке және заңды тұлғалар құрылыс және ірі көлемдегі қалдықтарды арнайы бөлінген орындарға өз бетінше апарады.
– Тағы бір мәселе – стихиялық полигондардың пайда болуы. Биылдың өзінде 18000 шаршы метрден астам қоқыс шығарылған. Бұның басты себебі, жұмыс істейтін қоқыс алаңының болмауы. Қалдықтарды арнайы мамандандырылған орындарға шығаруға мүмкіндігі жоқ тұрғындар оны жер бетінде, белгісіз орындарда заңсыз тастауға мәжбүр. Ал, құзырлы органдар тарапынан жеке және заңды тұлғалар тарапынан мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу және алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізбейді, – дей келе, «жоғарыда айтылғандардың негізінде Көкшетау қаласының аумағын санитарлық тазалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруда кешенді жұмыстар қажет дегенді атап өтті.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.