Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қолдауымен «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы таныстырылды. Жоба түлектерінің әрқайсысына өз ісін дамытуға құны 517 500 теңге құрал-жабдық алып беріледі. Қаржылық сауаттылықты арттырып, сұранысқа ие кәсіптерге үйрететін жоба басталып кетті.
Кешенді жобаның мақсаты халықтың ең осал топтарының өкілдері, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған, жалғызбасты, ерекше қажеттіліктері бар балалар тәрбиелеп отырған отбасылар мен жастардың болашақта өз істерін бастау үшін қажетті жаңа дағдыларды үйрету және тәлімгерлік қолдау көрсету болып табылады. Оқу аяқталғаннан кейін де түлектерге қолдау көрсетіледі.
− Өткен жылы Қор тарапынан қолдау тапқан пилоттық жоба белгілі бір деңгейде өз нәтижесін көрсетіп, биыл Ақмола өңірі ауқымында тиісті бастамаға демеушілік жасауға шешім қабылдадық. Әр отбасының қаржылық тұрақтылығы мен сауаттылығы, құзыреті – бүкіл елдің оң ахуалына септігін тигізетіні анық. Сәйкесінше халық арасында жұмыссыздық азайып, әркім өз кәсібін үйде отырып-ақ дөңгелетіп әкетсе дейміз. Баршаңызға бірлесе кіріскен қадамда табыс тілеймін!, – деді өз сөзінде «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан жобаның бас серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Жоба аясында тәжірибелік және шеберлік сабақтары, сондай-ақ, «Цифрлық дағдылар», «Азық-түлік өндірісі», «Сұлулық индустриясы» және «Ер азаматтарға арналған кәсіптер» сынды төрт бағыттың бірі бойынша мамандандырылған оқыту қарастырылған. Осылайша, әр қатысушыға жеке көзқарас танытылып, 150 айлық есептік көрсеткіш сомасында өз кәсібін ашу үшін қажетті құрал-жабдықтарды алу мүмкіндігі пайда болады. Ақмола облысы бойынша барлығы 50 тұрғынды оқыту жоспарлануда. Қажетті тізім әкімдік арқылы қалыптастырылады.
− Бүгінгі таңда Ақмола облысында 18 мыңнан астам көпбалалы отбасы мен аналар бар. Цифрлық карта деректеріне сүйенсек, облыс бойынша 14 мың 846 отбасының орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Сондай-ақ, өңірде 29 мыңнан астам мүгедек жан тұрады, оның 3 мыңнан астамы бала. NEET санатындағы жастар саны 13 мыңнан асады, – деді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Алмагүл Исахметова.
Сонымен бірге, жобаның пилоттық нұсқасы өткен жылдың 1 желтоқсанында іске қосылып, Ұлытау, Абай, Жетісу, сондай-ақ, Түркістан және Ақтөбе облыстарында сәтті жүзеге асырылды. Барлығы 300 жоба түлегі оқытылып, олар шағын бизнестерін дамыту үшін құрал-жабдықтар алды. Игерген білімдері мен дағдыларының арқасында қатысушылар кондитерлік және тігін цехтарын, сұлулық салондарын ашу арқылы кәсібін кеңейтті.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.