Есімің жасай бермек, Ботай баба!

Ертеде әр аймақта, тіпті әр ауылда жұрт тұтқасын ұстаған көш басшылары, дауысы бүкіл қазақ даласына жеткен билері, даңқы асқан батырлары, елінің арман-тілегін арқалаған жыршы-күйшілері болған. Солардың бірі – Ботай Досанұлы баба. Туғанына биыл 260 жыл. Бір ғасыр жасаған адам. Дәлірек айтсақ 97 жасында дүниеден озған.

Бізге жеткен аңыздарға сүйенсек өз заманының әділетті биі, ақылы мен парасаттылығы елін аузына қаратқан дана. Бұл өңірде Ботай дананың алдынан ешкім көлденең өтпеген. Атақты адамдармен иық тірескен, даналық сөздері ел аузында мақал-мәтел болып тараған. Бұл жайында сәл кейінірек тоқталармын. Бастапқы сөзімді жалғасам, бірде дүниеден өтеріне бір жыл қалғанда балаларымен келіп, қазіргі жатқан жерін көрсетіп: «Мен мың жасамаймын. Өзекті жанға бір өлім. Мені осында қойыңдар» депті. Сәл үнсіздіктен кейін:

Тастақ жерді таңдауым бекер болмас,

Бір жол өтер жолаушы қыста тоңбас,

Сол жағымда күре жол ол да тынбай,

Қалың елім қолжаяр мені қимай!

Міне, баба болжағандай дәл тұсынан өтетін теміржол да, күрежол да адамзат баласына қызмет етуде. Бұл кісінің басына арнайы келушілермен қатар, әрі-бері өткен жолаушылар аруағына сыйынып, құрмет көрсетіп, рухына дұға бағыштайды.

Бұл көрегендігіне таң қалуға болмас. Оның бойында табиғат берген тыс күш бар, терең ой, алдағыны болжай білген. Сөзімді шегелей түсу үшін Мөңке биден бірер:

… Құрамалы құрмалы үйің болады,

Ешкімге пайдасы жоқ күнде жиын болады.

Қатының базаршыл болады.

Еркегің қазаншыл болады…

Сары су деген пәле шығады,

Итке берсең ішпейді,

Адам оған құмар болады…

Мөңкенің бұл даналық болжамы үшғасыр бұрын айтылған.

Ботай:

Құйындатып жел соғар,

Қарамай деген көл шығар,

Қайырын берсе Жасаған,

Байлығың болып қаланар.

Немесе:

Жаққаның тас болады,

Шөп-шалаң ас болады.

Ботай Досанұлының өмірін, жүріп өткен жолдарын жазуды өзімізге міндет етпедім, оған тісіміз де бата қоймас.

Дегенмен, ұлы Абайдың өлең жолдарының бірінде:

… Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – десе, Ботай баба артына кесек-кесек мақал-мәтелдер қалдырғанын көпшілік біле бермейді. Оның жөні де бар. Қазір мына диірменнің тасындай дөңгеленген дүниеде естелік, шежіре жазушылар көбейді. Біреудің сөзі, белгілі тұлғаларды біздің рудан шықты деп айқайлайтынын қайтесіз?! Мұның қасында біреуден қалған есті сөзді өз ата-бабасынан қалды деу түкте емес. Мәселен, Ботайдан: «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама», «сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді», «ақыл жастан, асыл тастан» дегендей нақыл сөздері басқа адамнан қалды деп жүр.

Ботай Досанұлы шынында да биік шың, биік құз екеніне ешқандай талас болмас. Мұндай таластарды шешіп, анығына жететін архив қазақ даласында болмаған. Сондықтан, бұл адам жөнінде жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтінін айттым.

Құлақ түрік, оның үстіне мамандығым-журналист. Есімде, 1990 жылдың жазының бір күнінде Сұраған құдам машинасымен Ботай бабасының басына апарды. Құран бағыштадық. Барып-қайтқан жол бойына құдам бабасы жайында естіген-білгенін баяндап берді. Жалпы, Сұрағанға қарасты туыстарымен, құда-жекжаттарымен араласып кеткенмін. Ұрпақтары, құда-құдандаластарының бәрімен таныспын.

Бір отырыста білім саласында ұзақ жыл қызмет еткен құймақұлақ , есте сақтау қабілеті күшті Қайнолла Тушанов марқұм мынандай әңгіменің шетін шығарды:

– Әбділпар, сенің қойып отырған сұрағың орынды, бірақ Ботай туралы білерім аз, дегенмен, ертеректе бір адам (есімін айтып еді, ұмыттым) Ботайдың азан шақырып қойған есімі ұмыт болған. Әжесі еркелетіп, Бота, Боташым деп шақырады екен. Сонда ауылы, көрші-қолаңдары «ай-ді» Ботаға жалғастырып, Ботай атап кеткен.

Өзің жақсы білесің, қазақ дәстүрінде бірінші немересін үлкендері кенжем деп өз бауырына салған. Мәселен, Шоқанның азан шақырып қойған аты Мұхаммед-Қанапия, апасы Айғаным Шоқан деп атап кеткен. Ұлы Абайдың азан шақырып қойған атыИбраһим,әжесі Зере Абай атаған. Мұндай мысалдарды ондап келтіруге болады.

***

Сөз орайы келіп тұрғанда ұлы адам есімін арқалап келе жатқан ауыл жайында айтпай кету жөн болмас. Кезінде Ботай ауылы даңқы шығып дүрілдеп тұрған елді мекен болған. Тұрғындарының бір-бірімен дәм-тұздары жарасып, қызық-қуаныштарын бірге тойласқан. Иық тіресе жүріп еңбектенген, ата-баба дәстүрін берік ұстаған, басқа түскен қайғы-қасіреттерін бірге көтерген, 67 шаңырақтан қалғаны он үш түтін. Есігі айқара ашылып, жұртына қызмет еткен кітапхана, бастауыш мектеп, медициналық пункт, сауда-дүкеннің орындары ғана қалған. Экономикасы, тұрғындарының әл-ауқаты жақсара түскен дүрілдеген бір совхоздың бөлімшесі болатын-ды. Ауа райындай құбылған дүние дегеніміз осы да. Көңіліңді құлазытатын мұндай көрініс еліміздің барлық жерінде орын алған. Бұл дегеніңіз бір адамның сілтеуі, солақай саясатының зардабы жұртты күйзелтті. Бұдан біз Ботай ауылы да, ұлы адамның есімі де тұңғиыққа кетті деуден алыспыз. Әрине, өкінішті!

Есесіне бұл күндері Ботай есімі әлемді шарлап кетті. Бұл туралы сәл кейінірек.

Ботай ауылының тарихы тереңде. Бұл ауылдан Ұлы Отан соғысына аттанған майдангерлеріміздің есімін атап кету борышымыз.

Олар: Әлжан Аипов, Тасмағамбет Әжіханов, Аусат, Абылай, Уәлихан Балабаевтар, Хами, Бүркітбай Батырхановтар, Ғалым, Шерияздан, Әшет Башаровтар, Биқан Бекішев, Айтжан Доскенов, Жүкен, Мағаз Жайықовтар, Молдабай, Ділдабай Ысқақовтар, Сұлтан, Қалимұрат Исабековтар, Жәйніш Қапаров, Асқар, Қажақан Қошқарбаевтар, Қабиден Қонқабаев, Сұлтан, Қалиахмет Мырзахметовтар, Нұрбай Мусин, Сапар Науанов, Жамшид Осипов, Сарбас, Абильмажан Омаровтар, Файзулла, Касен Салықовтар, Сұлтанғали, Ази Салпықовтар, Нұрмұхан Тапенов, Бақытжан Шалтықов, Құбаш Хамзин.

Ауыр жылдары тылда аянбай еңбек еткен Мәсіп Батырханов, Есләм Шалтыков, Аментай Мырзахметов, Нұрмұхамбет Ақышев, Әйіп Сандыбаев, Шабдан Сүлейменов, Мәмат Қожахметов, Сағди, Саип Науановтар, ҚасенУспанов, ӘбайТапенов, СұрағанҚошқарбаев, Қайыржан Башаров, Кәкімбек Бозғымбаев, Есләмбек Зікіриянов, Тайжан Батырханов, бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.

***

Ботай аймағы тұнып тұрған тарих. Мұнда асау аттарды үйретуді және ертедегі тұрғындардың салт-дәстүрлерін байқаған және білгендер болған. Солардың бірі ХамиБатырханов. Бұл туралы Бекет Сұрағанұлы былай сыр шертеді:

«…Бұл 1978 жылдың маусым айының ортасы, мөлшері. Үйге Есләмбек Зікірияұлы келді. Дастархан жайылып, мамамның сары қымызы қойылды. Біраз қысыр әңгімеден соң туған жер, оның қойнауындағы құпия, тарихы жайында құнды әңгіме басталды. Бір сөз кезегінде әкем: «1940 жылдың бір кешінде Ботайға Хами аға келді. Зерек, әр нәрседен хабары мол адам еді. Әңгімесінің бір тұсында Борлық өзенінің бір тұсында жылқының үйілген көп сүйегінің жатқанын айтты. Меніңше, бұл сүйектер тегін емес, әрі ірі. Неде болса осында бір сыр жатыр. Қазба жұмыстарын жүргізсе, шіркін санғасырларды артқа салған бабаларымыздың, олардың өмір сүруінің талай құпиясына қанық болар едік» – дегені бала болсам да есімде».

Мен осы мақаланың авторы ретінде Хами есімін бір қажетті деректерді іздестіріп жүріп, Семей педагогикалықучилищесінің архивінен кездестірдім. Бұл оқу орны ертеден қалыптасқан. Мұнда атақты Мұхтар Әуезовтің де оқығаны бар.

…Бұл 2014-ші жыл. Бір құжаттан Батырханов Хамидің осында оқығаны, оны тәмамдасымен сол Семей облысының Үржар ауданының орталығындағы мектепке мұғалім етіп жібергендігі аталған. Одан мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болған. Осымен жібі үзіледі. Бұл дерекке сонша неге көңіл аудардым. Өйткені, абыз, белді қызмет атқарған Бүркітбай Батырхановты жақсы білдім. Араластым және менің Сұраған құдамның құдасы Есләмбек Қасқаровпен көрші тұрды. Сондықтан да болар, архивтегі Батырхановтың есімі елеңдетті. Кейіннен Бүркітбай ақсақалдан сұрағанымда 1937-1941 жылдар аралығында оқу бітіріп, қызмет атқарғанын айтып, менің сөзімді құптады.

Жалпы қазақтың білімділері, жоғары қызмет атқарған талаптыларының бәріне де кезінде «халық жауы» деген кінә тағып, қынадай қырса, қалғандарын соғыс жалмады. Тірі болғанда Хамидей қазақтың марғасқа жігіті өлкесінің тарихын ашып, ел арманын орындайтыны сөзсіз ақ-еді. Осындайда мынандай әңгіме ойға оралады:

…Қыран бүркіт биік шың басына ұя салады екен. Балапандары қара қанаттанып ұшуға талпыныс жасағанда сол ұясынан тұмсығымен аталығы  қағып терең құзға итеріп жібереді екен. Балапан жерге қалқалақтап құлар сәтте тұмсығымен іліп алып қайта ұясына әкеледі. Осылай өзінің қанаты қатқанша, көк аспанға еркін қалықтағанынша қайталай береді. Бұл нағыз қыранның өзі болып шығады.

Хами бастаған, армандаған шаруаның соңына бертін Никольск ауылындағы орта мектептің директоры Есләмбек Зікірияұлы түсті. Естуімше қолдаушылар болмады.

Петропавл педагогикалық институты тарих пәнінің оқытушысы Виктор Зайберт ағылшын, француз, неміс, орыс ғалымдарының көмегімен, лабораториялық зерттеу нәтижелері арқасында Ботайды бүкіл әлемге жария етті. Оның «Ботай – ежелгі адамдар мекені» атты жоғары деңгейде полиграфиялық сауатты өңдеумен үш тілдегі кітабы жарық көрді.

Оның ұңғыл-шұңғылын қазбалау менің міндетіме жатпайды. Ең бастысы, бұл жерде бірінші болып тағы аттарды қолға үйреткен, бұрын айтылып-жазылып жүргендей европалықтар емес, осыдан бес мың жыл бұрын жергілікті тұрғындардың үйреткенін дәлелдейді. Виктор Зайбертке жолыққаным бар. Кітабы туралы өз пікірімді білдірдім, үлкен еңбек, Виктор Зайбертке ризашылық білдірдік. Ең өкініштісі, Ботай есіміне байланысты бірер жол арналмауы. Ол кім болған, қазақ елі арасындағы атқарған рөлі, абырой-атағы елін қоныстандырып бірлікке шақырғаны жайында бір ауыз да жоқ. Өкінішті.

Көкшетау өңіріне есімі белгілі, тарихқа терең үңіліп, оның кей тұстарын болжап, баға беретін, білімдар адамдардың бірі Есләмбек Қасқаров еді. Ертеректе Омск ауыл шарушылығы институтын тәмамдаған. Аудандарда партия комитетінің екінші хатшысы, атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия ұйымының бөлім меңгерушісі, одақ құлаған кезде Көкшетау жылқы заводының директоры қызметін атқарды. Бұл адамның 2011 жылы «Замана өткелдері» кітабы жарық көрді.Сонда «Құлагердің арғы тегі» деген әңгімесі бар. Осы еңбегін жазу үстінде бір кездесіп, жылқы жайында сөз болды. Сонда ол кісі:

– Әбділпар, Ботай ауылын екеуіміз де жақсы білеміз. Сан бардық. Осы ауыл  «Ботайдың ежелгі мәдениеті» жазылған кітап әлемге паш етілді. Дұрыс-ақ.

Сіз Батырханов Хамидің есімін атадыңыз. Ол бер жағы. Қырық-елу ғасыр өтті деген болжам айтып оны қазба жұмыстарымен дәлелдейді. Мен айтар едім, бұны кітабымда да жаздым, ауыл аты Ботай деген белгілі адам есімімен аталатынын білесіз. Міне, осы ертедегі адамдар да білген. Болжамдарын да айтқан. Соның бірі Ботайдай адам болу да әбден мүмкін. Бірақ біздің дәуірге жетпеген. Ол кезде қазақ даласында архив деген атымен жоқ болды. Жоғарыда аталған әңгімеде Құлагер тегі тағы аттардыңұрпағы.

Қазақ жер қозғалмаса, қозғалмайтын халықпыз. Бірақ, өте талапты, не нәрсеге қабілетті, сөз өрнегін жасай білген қасиетті елміз. Жоғарыда айтқанымдай кең қолтық асығуды әсте білмейміз. Біз де осы саланы зерттеп жүрген ғалымдарымыз баршылық еді-ау! Бірақ уақытқа ілесе алмадық».

Енді негізгі тақырыбымызға бет бұрайық. Уақыт жылдамдығына тоқтау болмайтыны белгілі. Баба мазары қанша жамап-жасқағанмен шөге бастады. Бұл аға буындарды алаңдатпай қоймады. Ауыр кезең. Бұл 1950 жылдың ортасы. Соғыстан кейінгі тапшылық еріксіз аяққа тұсау салды. Құрылыс материалдары атымен жоқ. Жарылып, қисайған жерін түзету үлкен күшті, қаржыны талап етеді. Сөйтіп, ботайлық азаматтар үлкендерімен кеңес құра келіп сәтті күндерді күтуге тоқтасады. Мұның сәті 1963 жылы келіп Кенжебек шебер тағы басқа ақсақалдар бас-көз болып жұмысты аяқтағандай болады. Сол екі арада 60 жыл уақыт көзді ашып-жұмғанша сынаптай зулай береді. Ендігі жүкті көтеру, баба мазарына күтім көрсету кейінгі ұрпаққа аманат болып қалды. Дәл осы тұсты Ыбырай Сұрағанұлы былай әңгімелейді:

– Осы жылдың мамыр айында баба зиратына арнайы келдім. Мазар құлаған, жанынан елу метрдей жерде жолға, түрлі құрылыстарға ұсақ тас, құм алатын карьер бар. Ол да әсерін қатты тигізген. Сонымен осы көріністі суретке түсіріп бәріміз құрмет тұтатын Қайырлы Есләмұлына жібердім. Кездестік. Қазір замана беті түзеліп әл-ауқатымыз жақсаруда. Баба зиратын қолға алуға мүмкіншілік толығымен бар. Әңгімелесе келіп енді баба зиратын жамап-жасқаудың ешқандай нәтиже бермейтінін түсіндік. Оның үстіне бабамыздың туғанына 260 жыл. Осыған орай, жаңадан мазар тұрғызуға келісіп, елдімекендерді араладық. Ол баяғы қаржы мәселесі. Қазақта: «Көп түкірсе – көл, көп біріксе ел болады» деген сөз бар. Көпке жүгіндік, түрлі жағдайлармен ірі елдімекендерге қоныс аударған ботайлықтармен сөйлесіп, ұсынысымызды айттық. Есесіне халық қолдады, қаржы жеткілікті мөлшерде жиналды. Әрине, қиыншылықтар, кедергілер болды. Оны айтып жатудың қажеті болмас. Сонымен,«өткен күнде белгі жоқ» дегендей алға қойған мақсатымыз абыроймен орындалды.

Реті келіп тұрғанда ұйымдастыру ісіне атсалысқан жоғарыда есімі аталған Қайырлы Есләмұлына ризашылығымызды білдіріп, алғыс айтқанымыз жөн. Қазақта: «серкені қой бастайтын туар еді, бастауы су ішетін мөлдір болса» дейтін аталы сөз бар. Бұл адамның арғы тегі көк тасты жарып шымырлап шыққан бұлақ. Ұлы бабасы Шәлтік 1903 жылы қасиетті Меккеге сапар шегіп, қажы аталған адам. Қазақ даласынан ол кезде қажылық еткендер санаулы. Бұл адам әскерден оралып,Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумына түсіп, оны қызыл дипломға тәмамдап шығады. Сырттай жоғары білім де алады. Барлық өткен жолдарын тізіп жатпай-ақ сол өзі бітірген техникумды он жылдай басқарғанын айтсақ та болар. Зейнетке шыққасын ол Көкшетаудан Ресей, Украина, Белоруссия, Мурманскге дейін өзі морфлот болған жерге дейін велосипедпен барып келді. Ботайлықтардың ендігі абызы, ақылманы – осы адам.

***

Ендігі бір абыроймен атқарылған және сауабы мол жұмысқа тоқтала кетейік. 1930-1950 жылдар аралығында аштықтан, ауыр тұрмыстан ботайлықтар және Сталиндік репрессияға ұшырап, еріксіз жер аударылған ингуштардың жермен-жексен болып кеткен екі жердегізираттарына ескерткіш тас орнатылды. Меніңше мұның сауабы да үлкен болмақ. Енді сөз соңында осы құрылысқа белсене араласқан адамдардың есімін құрметпен атаймыз. Олар Қайырлы Шалтықов, Ыбырай, Біржан, Нұржан Қошқарбаевтар,  Марат, Жанат Мырзахметовтар, Берік Бозғымбаев, Сапарғали, баласы Еркеш Жайықовтар, Ахат Мұхамедин, Ренат Аипов, Жан Батырханов, Азамат Науановжәне басқалары, Сырымбет Қожахметов баласы Саянды ерекше атаймыз. Ол техника жағынан үлкен көмек көрсетті.

Біздің халық ешкімді жатырқамайтын бауырмал екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Ол қанымызға сінген қасиет. Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы күндерден бастап Волга бойында ертеден орналасқан немістерді фашистер жағына шығып кетеді деген қауіппен Орта Азия елдеріне жер аударды. Тек Ботай ауылына 25 жанұя келді. Бәрінің кірпігі ғана қимылдайды. Ауыл тұрғындары барымен бөлісті. Үйлеріне паналатты, асын ұсынды. Кейін, бәрі де  туыстасып кетті.

Рұқсат етілгеннен кейін өз отандарына қоныс аударды. Жыласып айырылысты. Жерсінбей, сағыныш хаттарын жолдап, хабар алысып тұрды.

Осымен мақаламызды аяқтай отырып барша қауымға, Ботай ұрпақтарына, ауылдастарына үлкен алғысымызды айтуға тура келеді. Сіздердің өткенге деген құрметті істеріңнен арттарыңда еріп келе жатқан жас ұрпақтар үлгі алмақ. Ендігі тілек еліміз, жеріміз аманшылықта болып, алда қуанышты күндеріңіз мол болғай!

Әбділпар ЖАЙСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,

 Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар