Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары үшін «Мәслихаттардың рөлі мен әлеуетін күшейтудің заманауи тәсілдері» атты оқыту курстары басталды.
Мемлекеттік басқару академиясы филиалының директоры Ержан Жаров атап өткеніндей, оқыту бағдарламасының мақсаты жаңа сын-қатерлер мен қазіргі нақтылық жағдайында тиімді қызмет ету үшін барлық деңгейдегі депутаттардың кәсіби құзыреттілігі мен практикалық дағдыларының деңгейін арттыру болып табылады.
Оқу бағдарламасы интерактивті пікірталастарды, шағын топтарда жұмыс істеуді, практикалық жағдайларды талдауды, тренингтерді қамтиды. Бес күн ішінде депутаттар «Заң шығару қызметі», «Мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа архитектурасы», «Тиімді депутаттық қызметті ұйымдастыру», «Көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары», «Тиімді коммуникациялар. Мәслихат депутаттарының сайлаушылармен өзара әрекеттесуі» сияқты бағыттар бойынша білімдерін арттырады.
16-20 қазан аралығында өткен бірінші ағымға облыстық мәслихаттың төрт депутаты Анар Аяпбергенова, Құралай Жұмабекова, Дуанбай Ыбырай, Қалел Рахматулин, сондай-ақ, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары кірді.
Курс қатысушыларын оқудың басталуымен Ақмола облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Дулат Жұрымбаев құттықтап, жұмыс пен оқуда табыс тіледі.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.