Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Медицина қызметкерлері  жетіспейді - АРҚА АЖАРЫ

Медицина қызметкерлері  жетіспейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовтың қатысуымен «Бурабай ауданының 2023 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері» атты брифинг болып өтті.

Жыл басынан бері ауданда негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсу үрдісінің оң нәтижесі байқалған. Оған дәлел, өнеркәсіп – 217, сауда саласы – 108 пайызды құраса, тұрғын үйді пайдалануға беруде – 144 пайыз/26,1 мың шаршы метр болған. Нәтижесінде, 2600 жұмыс орны құрылып, 2 есе артса, орташа жалақы 21 пайыз/285,6 мың теңгеге өскен. Мәселен, өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шараларды іске асыру нәтижесінде, тау-кен өндіру, металлургия, тамақ өнеркәсібі және машина жасау салалаларында тұрақты өсу динамикасы айқын көрінеді. Аудан экономикасының негізгі секторларының бірі – ауыл шаруашылығы болғандықтан, онда он мың адам еңбекпен қамтылған. Бүгінгі таңда, 175 мың гектар алқапта егін жинау науқаны аяқталып, сексен бес мың тонна астық, он мың тоннадан астам майлы дақыл, тоғыз мың тонна жемшөп, жиырма үш мың тонна картоппен көкөніс жиналған. Бұл ретте, мал шаруашылығы саласындағы жоспарлы жұмыс аудан тұрғындарын етпен және сүтпен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. 71,2 мың тұрғынға шаққанда етке қажеттілік 1,4 мың тонна болса, тоғыз айдағы жағдай бойынша 5,4 мың тонна ет өндірілсе, сүтке қажеттілігіде 39,6 мың тоннамен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ауданда тауарлы сүт фермасын елу басқа кеңейту жобасы, 111 бас ірі қараға арналған мал шаруашылығы бойынша үш жоба іске асырылған. Шаруашылықтардағы шөп орамының құны –  12 мың, тоннасы – 25 мың теңгемен сатылған. Айта кетерлігі, өңірдегі пайдаланбайтын жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қайтару жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде, 30 мың гектар жер қайтарылып, жұмыс одан әрі жалғасуда.

Туризм – Бурабай ауданының қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі екені белгілі. Соңғы бес жылда туристік инфрақұрылымның саны 40 пайызға өскен. Соған сәйкес, демалыс орындарында қонақ үй, мейрамхана, демалыс үйі, лагерьлер, коттедждер, пансионаттардың саны артқан. Ағымдағы жылы ауданға 1,2 миллион турист келген. Ал, аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Осы уақытта оның 5700-ден астам субъектілері жұмыс істейді. Өткен жылмен салыстырғанда едәуір өскені байқалады. Оларда 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 62 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Сондай-ақ, инвесторларды тарту жұмысы да жалғасуда. Тоғыз айдың ішінде аудан экономикасына 26,6 миллиард теңгеге жуық инвестиция салынған, оның 18 миллиард теңгесі жеке инвестициялар. Ауданның экономикалық әлеуетінде барлық деңгейдегі бюджеттерге 34 миллиард теңгеге жуық салықтар мен басқа да міндетті төлемдер жиналған. Ауданда тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру маңызды міндеттің бірі. Бүгінде аудан бойынша 2230 адам үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері 230 пәтер пайдалануға берілген, өткен жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өсім бар. Ал, жеке құрылыс салушылар есебінен  сексен сегіз үй пайдалануға берілген. Бюджет есебінен 90 пәтерлі  екі бес қабатты үй және жеке инвесторлар есебінен он бір үй салынуда. Биыл 4 үйді пайдалануға беру жоспарланған, бұл шамамен 200 отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген сөз.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының  халықты сапалы ауыз сумен жүз пайыз қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында бүгінгі таңда, Наурызбай батыр, Ұрымқай және Веденовка ауылдарындағы су құбырларын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімінің мәліметінше, ағымдағы жағдай бойынша аудан таза ауыз сумен 88 пайыз қамтылған. Алдағы уақытта тағы он ауылды: Баянбай, Қаражар, Жасыл, Шиелі, Николаевка, Молбаза, Көрнекті, Дмитриевка, Жанажол, Сотниковкаларды сумен жабдықтау жобалары әзірленіп, іске асырылса, бұл ауыл тұрғындарының сумен жабдықтау қызметтеріне қол жетімділігін 95 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді делінген. Өз сөзінде әаудан басшысы, қазіргі уақыттағы бірінші кезектегі міндеттердің бірі – жылыту маусымын сапалы өткізу екендігін айта келе, ағымдағы жылы аудандағы сегіз қазандықты күрделі жөндеуге 843 миллион теңге (облыстық бюджеттен – 715,8 миллион теңге, республикалық биджеттен  —  127,2 миллион теңге) бөлініп, бұл жылудың уақтылы берілуін қамтамасыз еткенін айтып жеткізді. Одан әрі аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жолдарды жөндеу болып табылады. Жол сапасының деңгейін арттыру үшін ағымдағы жылы 78 шақырым аудандық, қалалық, ауылдық жолдар жөнделген. Олар, 28 шақырымы Щучинск-Николаевка, жиырма шақырымы Қатаркөл-Бурабай жолдары. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша – 11,3 шақырым жол, 11,8 шақырым ауылішілік және жеті шақырым қалалық жол жөндеуден өткен. Ал, келесі жылы жөндеуге жоспарланған жеті ауыл мен қалада 34 шақырымдық жол бар. Назар аударар жағдай, ауданның денсаулық сақтау саласында  кадр тапшылығы жоғары деуге болады. Осы жылы онбір дәрігер және алты орта медицина қызметкері жұмысқа қабылданған. Алайда, 33  дәрігер мен 51 орта медицина қызметкерінің қажеттілігі байқалып отыр.

– Медицина кадрларын тарту үшін жаңа салынған үйден дәрігерлерге пәтерлер қарастырылады. Сондай-ақ, жатақхана беру мәселесі пысықталуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жас мамандарды медицина саласындағы қызметке келуге шақырамын,  – деп сөзін қорытындылаған аудан басшысы, ауданда халықты әлеуметтік қолдау мәселелеріне де көңіл бөлінетінін тілге тиек етті. Осы уақыттарда 841 мұқтаж адам әлеуметтік көмек алса, жыл басынан бері 2600-ге жуық адам жұмысқа орналасқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге жоғары.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар