Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықаралық турнир өз мәресіне жетті - АРҚА АЖАРЫ

Халықаралық турнир өз мәресіне жетті

Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Краснояр ауылындағы «Құлагер» ипподромында Республика күніне орай, атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алуға арналған «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен «Қансонар-2023» халықаралық турнирі өткізілді.

Бүркітші Мәсіп Батырханұлы туралы деректерде өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы ашаршылықта өзінің алтын қыранының арқасында ауыл тұрғындарын аштықтан аман алып қалуымен есте қалды. Оған қоса, 1940 жылы Мәскеуде «КСРО аңшылық ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталғанында дүйім жұрт білетін еді. Ол кісінің ұрпақтарыда өзіне тартқан елдің арқа сүйер азаматтары болды. Түз тағысына деген құштарлығының құрметіне Бүркітбай деп атын қойған ұлы 93 жыл өмір сүріп, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқиярлық еңбегі үшін» медалінің иегері атанған. Сүйікті немересі Мұнарбек бүгінде зейнеткерлікке шығып, әкесінің көзі тірісінде туған жерінің әкімі ретінде облыс орталығының дамуына қосқан үлесі үшін Көкшетау қаласының Құрметті азаматы болса, өткен жылдары облыс әкімінің кеңесшісі қызметін атқарған екінші немересі Шынарбек те облысымыздағы «Бүркітшілер федерациясының» президенті қызметін белсенді түрде жалғастырып келеді.

Өңірімізде өткен турнирге оралсақ, екі күнге ұласқан дүбірлі додада бес мемлекеттен және еліміздің тоғыз облысы мен бір қаласынан келген 63 құсбегі бақ сынады. Сайысқа, бүркітшілер 11 ителгі, 8 қаршыға, 44 бүркіт әкеліп, тіркеуден өтіп, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан халықаралық турнирде өз өнерлерін паш етті. «Қансонар-2023» халықаралық турнирінің алғашқы күні бүркіт құстары бойынша екі сайыс өтіп, бағын сынап көрген 44 қатысушының ішінен «Қолға шақыру» және «Шырғаға салу» сайыстарының нәтижесі бойынша суырылып, жартылай финалдық бәсекеге 12 спортшы жолдама алды. Екінші күнгі кезеңде де қатысушылардың киімі, құрал-жабдықтары, құсты ұшырып, қайта қолға қондыру әдісі, шырға тарту, яғни, қанаттылардың аң алуы сияқты ерекшеліктер сыналды. Қансонар қорытындысы бойынша алпыстан астам құсбегінің арасынан Алматы облысынан келген Сейітжан Аян бағы жанып, үздік атанды. Қаршыға мен ителгі баптағандардың арасында да мықтылар шығып, жүлделілер анықталды. Олар, бүркіт құсы бойынша Астана қаласынан келген Күнтуған Серікбек «Алғыр» құсымен 1-орынды, Атырау облысынан «Нарын» құсымен  келген Арман Құшқаров 2-орынды, Жамбыл облысынан «Жанқияр» құсымен келген Серікболсын Жалғасұлы 3-орынды, Ақмола облысынан «Жебе» құсымен турнирге қатысқан жерлесіміз Кеңес Дархан 4-орынды, ал, 5-орынды «Сауыр» құсын баптаған тағы бір жерлесіміз Тастанбек Бергенбай иеленді. Ал, қаршыға құсымен бақ сынасқан Алматы облысынан келген Сейітжан Алмас «Көкжендет» құсымен бірінші орынды, Жамбылдық Бабажан Берікболсын «Ұшқыр» құсымен екінші, Арман Қошкаров, «Сомбалақ» құсымен үшінші, Шығыс Қазақстан облысының құсбегі Мүбарак Алтай «Қаракөз» құсымен төртінші, Ақмолалық Тастанбек Ералы «Ұшқыр» құсымен бесінші орынды қанжығаларына байлады. Келесі ителгі құсымен сынға түскен Қарағанды облысынан келген Темірәлі Төлегенұлы бірінші орынды жеңіп алса, 2,3,4 орындарды қатарынан Таңат Оспанқұлов, бесінші орынды Ақмола облысының тумасы Ерлан Кенжетаев  иеленді. Үш номинацияның барлық жеңімпаздары атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлының алтын, күміс және қола медальдарымен, Республикалық «Құсбегілік» федерациясы мен Ақмола облысы әкімдігінің ақшалай сертификаттарымен марапатталды.

– Құсбегілік атам қазақтан қалған ұлттық өнеріміз. Сол үшін бәріміз айналысуымыз керек. Қазір Қазақстанда көбінесе жас балалар жақсы айналысып жатыр. Құсбегілер саны кем дегенде 60-тан асып қалды. Оның ішінде жастармен үлкен ақсақалдарда бар. Бұны мен баптамасам, сіз баптамасаңыз, онда бұл қазақтың өнері өледі. Енді қазір өзіміздің балаларды тәрбиелеп жатырмыз осы өнерге, – дейді «Алғыр» бүркітінің қырағылығымен бірінші орынды иеленген Астана қаласының құсбегі Күнтуған Серікбек. Расында, құсбегілік – қазақ ұлтының қанына сіңген көне дәстүр. Көшпенділер өмірінен берік орын алған үлкен өнер. Оның тәлім-тәрбиесі атадан-балаға қастерлі қалпымен жарасымды жалғасқан және жалғасып та келеді. Адамзат тарихындағы елеулі жаңалықтардың бірі де дәл осы құсбегілік өнер. Өнердің бұл түрі қазаққа етене жақын болғандықтан құсбегілік өнер біздің ұлтымыздың ерекшелігін айқындап, болмысын айшықтайтындай. Оған дәлел ретінде әлемдегі бірде-бір елдің мемлекеттік рәміздерінде кездеспейтін қыран бүркіттің тек Қазақстанның ғана туында көрініс тапқандығын айтуға болады. Сөз соңында, осымен 21-ші рет ұйымдастырылған халықаралық қансонарға Қазақстаннан басқа көршілес Қырғызстан, Ресей мен бауырлас Түркия елі және шығысымыздағы Моңғолиядан келген құсбегілер қатысты. Турнир қатысушылары мен қонақтары Ақмола облысындағы «Қансонарлардың» 20 жылдық тарихын паш еткен ұлттық киіз үйде тігілген Мәсіп Батырханұлының этноауылы мен жылжымалы мұражайында болды. Айта кетейік, аталмыш турнирге Қазақстан Республикасының «Құсбегілік» Федерациясы», «Самұрық Қазына» АҚ, «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ, сонымен бірге, спорт және туризм министрлігі, Ақмола облысының әкімдігі, «Ұлттық спорт» қауымдастығы, «Ат спорты түрлері» орталығы демеушілік көрсеткен.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар