Мұзағаң Ақмола өңіріне келгенде…

Белгілі Сәкентанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев жанына атақты ақын Мұзафар Әлімбаевпен жергілікті журналист-жазушы Мәди Хасеновты ертіп, Ақмола, Ерейментау, Сілеті арқылы Атбасарға өтті. (суретте). Бұл өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы. Ұмытпасам, елде егін орағының қызу жүріп жатқан кезі, шамасы қыркүйек айы. Тақырыбы – «Сәкен жүріп өткен жолдармен». Мен ол кезде Сілеті аудандық партия комитетінің идеология бөлімін басқаратынмын. Келулеріне екі күндей қалғанда бірінші хатшы Сапарбек Құнанбаев «Ол кісілер аудан көлемінде бір тәуліктей болады, соған бағдарлама жасап әкелсең, сосын бәріміз ақылдасайық» деді. Бағдарламаны ауданның бірнеше қызметкерлері қарап, талқылап бекіттік. Науқан ғой, мен егінмен айналысайын, сен сол кісілермен бірге боларсың» деді бірінші хатшы. Ол кісілер айтқан уақытында ат басын аудандық партия комитетіне тіреді. Сапарбек Құнанбайұлы қонақтарға аудан туралы біраз мағлұматтар берді. Содан кейін қонақтар мәжіліс залында тұрғындармен кездесу өткізді. Тұрсекең Сәкеннің өмірі туралы тұщымды мағлұматтар берсе, Мұзағаң өлеңдерін оқып, оның ішінде «Маралдым» деген өлеңінің қалай шыққанын баяндады, Мәкең өзінің «Нартәуекел» шығармасы туралы айтып берді.

Осыдан кейін жолға шықтық. Бағытымыз – Степногорск қаласы арқылы «Қарабұлақ» кеңшары. Кеңшардың директоры Сәлкен Айтқожинов қарсы алып, шаруашылығы туралы біраз мәлімет беріп, орта мектептің мәжіліс залында ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Сөздің реті келгенде айта кетейін осы елді мекенде мектеп директоры болып тұрғанымда, бұл жаңа ғимаратты мен салғызып едім.  Ауылдың көркі болып тұр екен. Мұнда Мұзағаң «Естай – Қорлан» поэмасын қалай жазғандығы туралы сыр шертті. Бұл туындыны жазуға себепші болған көрнекті ақын Қалижан Бекқожин екен. Мұғалімдер, оқушылар қонақтарға әртүрлі сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Содан кейін шаруашылық басшысының ұсынысымен кеңшардың Қақсал деген бөлімшесіне жол тарттық. Онда бастауыш  мектептің меңгерушісі, соғыс ардагері Нұрлығайым Қойбасовтың үйіне ауылдың біраз ақсақалдарын жинапты. Қазақи дәстүрмен дөңгелек үстел басында әңгіме-дүкен құрылды. Әңгіме негізінен, 20-30-ыншы жылдардың ашаршылығы, 37-інші жылдың зұлматы, соғыс тақырыптары туралы өрбіді. Ақсақалдар Баймақов, Әлденов, Бөпішев, тағы басқалары Мұзағаңа қазақтың ауыз әдебиетін зерттеумен, дамытумен қалай айналысқаны, «Естай-Қорлан» поэмасын қалай жазғандығы туралы, халықтың сүйіп тыңдайтын әні «Маралдының» қалай жазылғандығы туралы айтуын сұрады. Бұл сұрақтарға автор кең көлемде мағлұмат берді. Бұл әнді ауылдың бір келіншегі нақышына келтіріп, орындап шықты. Осындай әдемі отырыс болып, қонақтар ертеңінде Атбасар өңіріне жол тартты. Ол кезде Атбасар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ауылшаруашылығының білгірі, рухани бай азамат Қасым Тәукенов болатын. Мұзағаңның үйінде қонақта болғанымда, Қасекең туралы жылы лебіздер айтып отырды. Жобасы, сол үйде қонақта болғанында ол кісінің бай кітапханасынан Алматының орталық кітапханасында кездеспейтін кітаптардың бар екендігіне көзі жетіпті. Сол  кездесуде Мұзағаң өзінің жазу кабинетінде үлкен қалың сөздік кітабын көрсетті. Ол кітапты классик жазушы, рухани ағасы Ғабит Мүсірепов «Мұзафар бұл кітап маған көп жыл қызмет жасады, енді саған қызмет жасасын» деген жазумен тапсырыпты.

Артынан Мәди ағамызбен кездескенде Мұзағаң мен Тұрсыкең Ақмола облысының біраз аудандарындағы жұртшылықпен кездескенде, халықтың негізгі бөлігі әдеби кітаптарды оқитындығын, біраз мәселелерден сауаттылығын атап өтіпті. Бізде ол кісілерге осы сөздері үшін риза болып қалғанбыз. Бүгінгі күні бұл кісілердің бәрі бақилық болды, бірақ, өлмейтін екінші өмірлері басталды. Мұзағаң екі томдық шығармаларын маған ұсына отырып: «Хамила қарындасыма, Еркін ініме бақыт, мерей, ұзақ ғұмыр тілеймін» деп 1984 жылдың 17 шілдесінде өз тілегін жазып қалдырып еді. Сол ағамыздың тілегі қабыл болып, бақытты ғұмыр кешіп, мерейіміз үстем болып, сексеннің сеңгіріне шығып отырған жағдайымыз бар. Осы мақаламды ағамыздың мына өлең жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім.

Тумайды жұртын ақын жылатуға,

Туады жүректерді нұрлантуға.

Өлеңін орамалғып өтеді олар

Көз жасын адамзаттың құрғатуға…

Еркін Дәуешұлы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар