Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Келер жылы Көкшетауға 200 жыл  толады - АРҚА АЖАРЫ

Келер жылы Көкшетауға 200 жыл  толады

Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы болып табылады. Сондықтан, оның дамуы жергілікті биліктің  басты назарында. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Бауыржан Ғайса осы жайында баяндады.

Қала әкімі тұрғындардың баспанаға қолжетімділігі қашанда бірінші орында екенін атап өтті.  Оның айтуынша, ағымдағы жылдың  тоғыз  айында 201 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.    Атап айтқанда, коммерциялық тұрғын үй 183 мың, мемлекеттік тұрғын үй 2,5 мың, жеке тұрғын үй құрылысы 15 мың шаршы метрді құрайды.

– Бүгінде бюджет есебінен 48 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Биыл 6 үй пайдалануға берілді. Оның 4-еуі арендалық және 2-еуі кредиттік үйлер. Жыл соңына дейін тағы 6 үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Қазір қалған үйлерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, оларды келесі жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Көктемде 2 арендалық үйде жүзге жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Республика күнін мерекелеу аясында осындай 2 үй пайдалануға беріліп, 65 отбасы  пәтер кілтін алды. Өкінішке орай, үйлердің бірінде олқылықтар анықталып, соның салдарынан электр қуаты мен жылумен қамту да іркіліс болып, кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте біз тұрғындармен тығыз қарым-қатынастамыз, – деді қала әкімі.

Биыл 41 жер телімі пайдаланылмай тұрғандары анықталып, кезекте тұрғандығы берілді. 2025 жылы аяқталуы жоспарланған қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізілуде. Қала тұрғындарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты сұрақтары көп. Жергілікті атқарушы органдар жағдайды қадағалап, әрдайым жедел әрекет етеді. Мысалы, Застанционный ауылында жеке тұрғын үй құрылысына арналған сыртқы электрмен жабдықтау желілері мен блокішілік инженерлік желілердің массиві салынуда. Қала үшін  өзекті мәселе  су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы болып табылады.  Көкшетаулықтар сумен 98 пайызға қамтамасыз етілген.

– Қаладағы ауыз судың сапасы нормативтік талаптарға сай келмейтіні белгілі. Бұл мәселені шешу үшін оның сапасын айтарлықтай жақсарту шаралары қолға алынып, биылғы жылы «Көкшетау қаласының қуаттылығы тәулігіне 30 текше метр су тазарту құрылыстарын қайта құру және кеңейту» жобасы бойынша жұмыстар қайта жанданды. Біз құрылысты келесі жылы бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Бауыржан Ғайса.

Сонымен қатар, Краснояр ауылына су құбырлары тартылды. Жайлау шағын ауданында таза су қоймалары іске қосылып, су құбыры тартылып, резервтік ұңғыма, Краснояр ауылында тағы 3 ұңғыма бұрғыланды.

Брифингте әкім көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Бәйкен Әшімов көшесіндегі темір жол арқылы өтетін автомобиль көпірін орташа жөндеу жұмыстары аяқталғанын  тілге тиек етті.  Оның айтуынша, қалған жол учаскелерінде жұмыс жалғасып, екі жылдық 5 жоба жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, электр желілерінің негізгі бөлігі 60-70 жылдары салынған, тозуы 80 пайыздан асады. Осыған орай, жарықтандыру қондырғылары мен электрмен жабдықтау желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Осылайша, биыл 19 кабельдік желі мен 15 трансформаторлық қосалқы стансаға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмай, барлық жерге жарықтандыру бағандары орнатылып жатыр.

Әкім халықпен тиімді кері байланыс орнату барлық мемлекеттік органдардың маңызды міндеті екенін де атап өтті. Қала тұрғындары жиі айтатын мәселелердің бірі – аула аумақтарын абаттандыру. Бұл жұмыстар қаланың бірқатар аудандарында жүргізілуде. Сегіз спорт алаңы мен бес балалар ойын алаңы пайда болды.  Бүгінгі таңда саябақтар салуға 10 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді, жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады. Қаланың шеттері де назардан тыс қалмайды. Застанционный шағын ауданы тұрғындарының өтініштері негізінде отбасылық дәрігерлік амбулатория, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен саябақ құрылысының жобалары әзірленді. Краснояр ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.

Іс-шара соңында журналистерді  келер жылы қаланың 200 жылдығын өткізу мәселесі толғандырды. Әкім БАҚ өкілдерін талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын білдіруге шақырды.

– Қазір біз жан-жақты дайындық үстіндеміз, іс-шаралар жоспарын жасадық. Ұсыныстарыңыз болса айтыңыздар. Баршаңызды осы дайындыққа тікелей қатысуға шақырамын, – деп  қорытындылады  өз сөзін қала басшысы.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар