Өмір қымбат! Осыны ойла!

 2023 жылға жасалған «Wisevoter» рейтингісінде Қазақстан суицид статистикасы бойынша дүниежүзіндегі 178 елдің арасында 19-орынға шықты. Біздің елдегі әрбір 100 мың тұрғынның шамамен 17,6-сы өзіне қол салады екен. Балалардың қорғалуы бойынша әлемдік рейтингіде Қазақстан 180 ел ішінде 50-орында тұр. Бұл жағынан Орта Азия елдері бойынша көш бастап тұрмыз.

Суицидке қатыстыақпараттар тізбегін тарқатар болсақ, 2023 жылдың өткен жарты жылында жас ұрпақтың өзіне-өзі қол жұмсау  оқиғалары еліміздің он өңірінде: Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында көбейіп кеткен көрінеді. Осы аталған өңірлерде балалар мен жасөспірімдердің суицидке бейім тұру әрекеттері де  жоғары екен.

Ажал айтып келмейді деген бар. Сол айтып келмес ажал құшқандардың   кей жағдайда өлімі қоғамды елең еткізіп, алаңдата түседі.Биылғы жылдың қазан айының басында  біздің Шучинск қаласында студент жастың өліміне байланысты жағдайды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз бақылауына алуы да тегін болмаса керек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрамында Қазақстан Республикасы  Ішкі істер министрлігінің орталық аппараты мен Ақмола облыстық полиция департаменті қызметкерлері бар арнайы жедел-тергеу тобы да  құрылды.

Қазіргі уақытта  Шучинск қаласының 19 жастағы тұрғынының өлімін жан-жақты тергеу жүргізілуде. Осы оқыс оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу), сондай-ақ, қаза тапқан адамның туыстарының одан ақша бопсалаған деген арызымен Қазақстан Республикасының  ҚК 194/2-тармағы бойынша екі қылмыстық іс қозғалған екен.

Осы іс бойынша толығырық білейік деп едік, ведомство қызметкерлері іс әбден аяқталмайынша әзірге толық ақпарат бере алмайтындықтарын алға тартты.

Жасөспірімдер мен жастардың суициді, яғни, өзіне-өзі қол жұмсау сияқты жағдайды білмек болып, Ақмола облысының полиция департаментіне арнайы сауал жолдап, өңірдегі ахуалды білуге тырысқан едік. Берілген мәліметтер бойынша 2023 жылдың басынан бері  облыста кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың төрт жағдайы тіркеліпті. Осы барлық оқиғаларға қатысты тиісті тергеу амалдары жүргізілген көрінеді.

Бетін аулақ қылсын деңіз, осы өзіне-өзі қол жұмсаған жастардың үшеуі 15 пен 17 жас аралығындағы ұл балалар да, біреуі  17 жасар  қыз бала екен.

Мына жайға назар аударуға тура келеді: суицид жасаған төртеудіңекеуі колледж, ал,екеуі мектепте білім алып жүргендер. Бұл мектептер мен түрлі деңгейдегі білім ошақтарындағы жастар мен жасаөспірімдер арасындағы тәрбие жұмыстарын босаңсытуға болмайтындығын көрсетсе керек. Және де оқу орындарындағы оқушылар мен студент жастардың өзара қарым-қатынастарын ұдайы бақылауда ұстаумен бірге, олардың бір-бірін сыйлай білу сияқты адами құндылықтарды кеңінен насихаттаумен бірге, түсіндіру жұмыстары да қатар жүргені абзал. Тағы да бір өзекті мәселе, ол мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын да жоққа шығаруға болмайды. Тіпті, емтиханнан дұрыс баға ала алмадым деген көңіл-күйдің ырқымен Көкшетаудағы белгілі бір колледж студентінің өзіне-өзі қол жұмсауының  орын алуы осы ойға жетелейді.

Қазір облыс бойынша полиция бөлімінде есепте тұрған 357 кәмелетке толмаған жасөспірім бақылауға алынған. Және де 889 баласы бар 689 қолайсыз отбасында балалардың зорлық-зомбылығын анықтау және алдын алу жұмыстары жүргізілуде екен.  Өз балаларын тәрбиелеу ісінде ағаттық жіберіп отырған, яғни, ата-аналық борыштарын  орындамаған 517 ата-анаға әкімшілік шаралар қолданылса, оның 77-сін ата-ана құқығынан айыруға тура келген көрінеді.

Мына бір жағдай да алаңдатса етті. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтауға байланысты әр аптаның бейсенбісі мен жексенбі күндерінің аралығында жергілікті жерлерде жүргізілген  шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері түнгі уақытта көше кезіп жүрген 4130 жасөспірім, ұсақ бұзақылық жасаған 466, алкогольдік ішімдіктер ішкен 212, қоғамдық орындарда темекі шеккен 79 жасөспірім ұсталған екен. Әрине, балалар мен жасөспірімдердің құқын қорғау, олардың қылмысқа жол бермеудің алдын алу шаралары  қашан болсын, департамент басшылығының бақылауында  екендігін құптаймыз. Лайым солай болғай!

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында «Өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет», – депатап өткен-ді. Осыған орай Ақмола облысының білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтер туралы облыстық білім басқармасынан мән-жайды сұрап білдік.

Білім басқармасы мамандарының айтуынша 16 қазаннан бастап «Аманат» партиясы жанындағы 111 республикалық «колл-орталығы» өз жұмысын қайта бастапты. Енді әр бала немесе әр ересек адам осы орталыққа қоңырау шалып, өз жағдайларын айта алады. Орталық мамандарымен бірлесіп, жағдайды  оң шешу  жолдары да қарастырылады.

Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін  жетілдіру мақсатында қазір Ақмола облысының 493 мектебі мен 32 колледжінде психологиялық қызметтер құрылып, жұмыс істеуде. Олар  білім беру қызметіндегі қиындықтарды анықтауға және диагностикалауға, кеңес беруге, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу көрсетуге мүдделі. Және  де білім беру ортасы жағдайында қолдауға бағытталған, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтардың, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің психологиялық әл-ауқатын сақтау мен нығайтуды көздейді.

Облыстың барлық психологиялық қызметтеріне облыстың білім басқармасының әдістемелік орталығы жанындағы бөлім жетекшілік етеді. Білім беру ұйымдарының психологтары уәкілетті орган бекіткен психодиагностикалық әдістемелердің тізбесін пайдаланады. Оқушылар мен олардың ата-аналарына 24/7 (тәулік бойы) режимінде тегін консультациялық көмек ұйымдастыру үшін барлық мектептерде балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау мәселелері бойынша жедел жүгінуге арналған QR-коды бар «Bala Qorgau» тақтайшасы орналастырылған.

Аудандардың, қалалардың білім бөлімдері жанындағы сенім телефоны (90-31-52) және білім басқармасы жанындағы колл-орталық (72-29-03) жұмысы ұйымдастырылған. Қандай бір жағдайда отбасылық қиындық болса, колл-орталықтарына хабарласып, көмек алуыңызға болады. Сонымен бірге, Ақмола облысының білім беру әдістемелік бақылау орталығы психологиялық қызмет бөлімінің әдіскері Гүлім Шәріповадан балалардың суицидке не жағдай итермелейтіндігі және алдын алу жолдары туралы сұрағанымызда:

– Мен статистикалық деректерге және суицидтің  қаншалықты өскені немесе азайғанына мысалдар келтірмеймін. Бүгінгі таңда бұл жағдай өткір болып тұр және қоғамда жиі талқыланатын мәселе, – деп психолог маман  өз-өзіне қол жұмсау жыныстық қарым-қатынас негізінде  және алкогольдік ішімдіктерді пайдаланатын жасөспірімдерде көбірек екенін алға тартты. Өйткені, аталған осы себептерге байланысты жасөспірімдер терең күйзелісті бастан кешеді де, өз әрекеттерін өзі бақылай алмайтын жағдайға тап болады.

Тұрмыс жағдайларының төмен болуы және ата-ананың өзара қарым-қатынастарының нашарлығы, отбасындағы ұрыс-керіс, түрлі кикілжің жағдайлар, әке мен ананың тарапынан өз балаларына ықыласты көңіл бөлмеудің салдары да балалар мен жасөспірімдердің көңіл-күйлеріне ауыр салмақ түсіреді. Мұндай отбасылар осы тығырықтан шығудың жолдарын өз беттерінше іздейді. Жасыратын несі бар, біздер әлі де болса отбасындағы, баламен қарым-қатынас жасаудағы кездесіп жатар қиындықтарды  жасырамыз, ұяламыз. Ендігі арада осыны қойып, маман психологтарға барып, солардың ақыл-кеңестеріне жүгініп отыру қалыпты дағдыға айналғаны жөн.

Жаны күйзеліп жүрген балалар мен жасөспірімдерге деген өз ата-анасының және жанында жүрген достарының немқұрайлығы, отбасындағы  және кей жағдайда мектептегі қолайсыз қарым-қатынастар мен сол күйзелістен шығып кетуге, өз бетіншежетілуге ​​психологиялық жағынан дайын болмауы жасөспірімді өзін қинайтын мәселелерден арылу құралы ретінде өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлауға итермелейді.

Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау әрекеттеріне кей жағдайда олардың өз құрбы-достарымен тіл табыса алмаулары, түсіне алмаушылық қарым-қатынастың да кері әсері болып тұрады. Кей жағдайда балаға  болмаса жасөспірімге ата-анасының қазасы, жақын жандарының қайтыс болуы да  ауыр тиетіні бар. Мұндай жағдайда ересектер баланың көңіл-күйін аңдап, олардың делсалдықтан (депрессия), қайғыға беріліп кетуден, алаңдаушылықтан өмірге деген қызығушылықтарын жоғалтып алмау жағдайларына жылы шырайлы қамқорлықтары арқылы жол бермеуге тиісті.

– Жасөспірім басқа адамдармен және өз айналасымен қарым-қатынасындағы кейбір сәтсіздіктерді ақыл тоқтатқан жандарға қарағанда ауыр қабылдайды. Өз-өзіне қол жұмсау әрекеті – бұл айналасын, тіпті қоғамды көмекке шақыру. Өзгелердің назарын өз жағдайына аудару немесе басқалардың жанашырлығын ояту ниеті ата-аналарымен арасындағы түсінбеушілікті және дау-дамайды шешудің соңғы нәтижесі,–деген  психолог маманның айтқанына зер салсақ, суицидке бекінген адам ашушаңдыққа бой алдырады, депрессиялық көңіл-күйде болады, отбасында және достарының ортасында тұйықжүреді, айналасына немқұрайлы қарап, дәрменсіздік танытып, үмітсіздікке бой алдырады да мінез-құлықтары түбегейлі өзгерістерге ұшырайды, кей жағдайда тамақты тым аз немесе тым көп жейтін сияқты халге де душар  болады.

Маман психологтың тағы бір айтуынша, егер баланың не жасөспірімнің  суицидке барады-ау деген көңіл-күйін байқасаңыз, онымен ашық сөйлесуге тырысып, бірақ «мен өлемін» деген сөзді  өзі бастап, өзі айтпайынша, бұл тақырыпқа қатысты сұрақ қоймау керек екен. Барынша сабыр сақтап, балаңызды не мазалап жүр, жалғызсырап,өзін бақытсыз сезініп жүрген жоқ па екен, әлдебір ойдан шыға алмай, тығырыққа тірелгендей сезімде емес пе екендігін білуге тырысу керек. Тағы да мына мәселені де білудің маңызы бар. Бала өзін ешкімге керексіз болып қалғандай немесе біреулерге қарыздармын деп ойламай ма? Достары кім, неге қызығушылық танытады деген сұрақтарға да жауап алуға тырысыңыз.

Неғұрлым баламен ашық сөйлесіп, туындап тұрған мәселе болса, сол тығырықтан жол табуға тырысу керек. Өйткені, көп жағдайда бала өзін мазалаған жайттарды ашық айта алса, суицид туралы ойдан арыла алады. Әрқашан баланың бұл әрекетіндегі мақсаты не және себебі қандай екендігін ұғыну маңызды қадам болып табылады.Сондай-ақ, психолог мамандарға жүгінуден қорықпасаңыз да, ұялмасаңыз да болады. Психологке жүгінген жағдайда ешкім де ешқандай есепке алынбайды.  Яғни, бұл өмір бойы  таңба болып қалады дегенді білдірмейді.

Зерттеулер мен бақылаулар көрсетіп отырғанындай, өз-өзіне қол жұмсайтындардың арасында ақыл-есі дұрыс, қарапайым, дені сау,  дарынды балалар мен жасөспірімдер көп кездеседі екен. Өмірдегі болмашы бір  қиын жағдайларға тап болған балалар мен жасөспірімдерге ең әуелі өз ата-аналары, айналасында жүргендер мен жалпы қоғам көмекке келуге әзір болғандары жөн.

Өз балаңызды сүйіспеншілікке бөлей біліңіз!

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар