Зейнолла Шайдаров

Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, одан кейін Целиноград облыстық атқару комитетініңтөрағасы болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Зейнолла Мұхаметжанұлы Шайдаров тірі болса 90 жасқа толар еді.

Қандай да бір белгілі тұлғаның болмысы, оның парасатты мінез-құлқынан, жақсыға жақын, үлкенге ізет, кішіге қызмет көрсетуінен танылады. Мұндай адамдарға қатысты халық арасында «Жаны жайсаң екен» деген пікір қалыптасқан. Оның бер жағында, ғұлама ғалымдар, ақын-жазушылар небір салиқалы ойларын қағаз бетіне жазып қалдырған. Мәселен, бүгінде бізге мәлім болып отырғандай, Ескендір Зұлқарнайын патшаның (Александр Македонский) ақылшы ұстазы болған Аристотель «Жан – тәннің формасы» десе, Гректің ұлы философы Платон « Жан – тәннің формасы емес, ол ақыл-ой иесі» деп адамды танудың сипатын барынша аша түскен. Осы орайда, академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтың: «Асылы, адам – өз өмірінің суретшісі. Ол өмірді сырлап бояуға, оған ажар, түр беруге, әшекейлеп, өрнектеуге еңбек етеді», – деген тұжырымдарын да атап өтуге болады.

Аталған пікірлердің ұғымына тереңірек ой жүгіртсек, адам бойындағы жақсы қасиеттердің парасаттылық биік ұстаныммен астарласып отырғандығына көзіңіз жете түседі.

Міне, осындай адам болмысында кездесетін жақсы қасиеттердің бірегейі, егер осы күндері арамызда болса 90 жасқа толғандығы кеңінен атап өтілер, саналы ғұмырын облыс өңірінің өсіп-өркендеуіне арнаған, іскерлігімен, қажыр-қайратымен, зерделі біліктілігімен ел құрметіне бөленген, белгілі мемлекет, қоғам қайраткері Зейнолла Мұхаметжанұлы Шайдаровтың бір басынан табылатынына еш шүбәларыңыздың болмасы анық. Өкінішіміз сол, тек осы бір ұлағат болар жайларды өткен шақта баян етуге мәжбүр болып отырмыз.

Өз басым негізі сонау Қазан төңкерісінің от жалын жылдарында «Тіршілік» газетінен бастау алған облыстық газет редакциясының ұжымында ат ауыстырмай қырық жылдан астам еңбек еткен жылдарымда өңірдің барлық шаруашылықтарында болдым десем, асыра айтқандық емес. Жыл бойы бір-біріне жалғасып жататын науқандық жұмыстардың газет бетінде жария етілуі біздер, журналистерге жүктелген жауапты міндеттер болатын. Аудан басшылары, шаруашылық жетекшілерімен, диқан, малшы, сауыншы, механизаторлармен жүздесіп, олардың ерен еңбектері жайлы мақалалар жазып, суреттерін жариялап жататынбыз.Міне, осындай жол сапар кезінде Зейнолла ағамызбен ол еңбек еткен Астрахан, Атбасар аудандарында бірнеше рет жүздескен едік.

1982 жылдың қазан айының 15 жұлдызында облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде жүздесіп, өзіме, ұжымға айтқан жылы лебіздері әлі де жадымда. Сол кездегі тәртіп бойынша облыстық газеттің жетекші бөлімдерінің меңгерушілері бюро мәжілісінде бекітіліп, бас редактордың бұйрығымен тағайындалатын.

Осыдан екі ай бұрын рекдакция ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Баймұрат Есмақанов насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды да, бөлім меңгерушісінің міндетін атқару маған жүктелді. Тиісті құжаттар обкомға жіберіліп, екі апта ішінде мен обкомның редакцияға қатысты бөлім меңгерушілерінің, орынбасарларының қабылдауында болдым. Енді міне, бюрода бекітілуім қажет.

Бюро мәжілісін екінші хатшы З.Шайдаров ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып жатыр. Аудандардан келген біраз кадрлар бекітілді. Кезек маған да келіп жетті. Нұсқаушы менің өмірбаянымдағы мәліметтермен таныстырды. «Редакцияда он жылдан астам уақыттан бері қызмет етеді. Бұған дейін екі бөлімді басқарған. Кәсіби журналист…»

– Сұрақтарыңыз бар ма, жолдастар?! – деді Зекең мәліметтермен таныстырып болған соң. Ешкім үндемеді. Өзі сұрақ қойды. Бюро мүшелерінің, қатысып отырғандардың біразы орыс ағайын өкілдері болса да маған қазақша сауал тастады.

– Қай жоғары оқу орынын бітірдің? – деді.

– Алматыда КазГУ, журналистика бөлімі.

– Жақсы, газеттің беделін жоғары ұстаңдар. Ауыл шаруашылығы тақырыбын жан-жақты жазыңдар. Экономикалық мәселелерді назарда ұстаңдар. Проблемалар, оларды шешудің жолдары, соңғы жаңалықтар. Сын да болсын. Ұжымға осы сәлемімді жеткіз.

Қазақша сөйлеп «жолың болсын!» дегені жүрегімді жылытты. Жігерімді тасытты. Жүрексініп, қобалжып тұр едім, күдігімді сейілтіп жіберді. Еңсемді көтеріп, Зейнолла ағама ықыластана қарадым.

– Басқа сауалдарыңыз болмаса, Имашев жолдас облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болсын деген ұсыныс бар.

– Бекітілсін, – деді бірауыздан бюро мүшелері.

– Бекітілдің, қарағым, – деді Зекең маған тағы да қазақша. – Жігіттерге сәлем айт.

«Газеттің беделін көтеріңдер» деген ағаның сөзі мені тіпті жігерлендіріп жіберді…Ал, соңғы рет асыл ағамызды Елордамыздың Арқа төріне қоныс аударғанына 20 жыл толуы қарсаңында редакция тапсырмасымен сұхбатқа шақырып, әңгімелесудің сәті түскен еді. Осы жолы ардагер ағамыз күні кеше облыс орталығы, бүгінде Астана мәртебесіне ие болған Ақмоланың өз кезеңінің талап-талғамына сай жетістіктері, өсіп-өркендеуі, мәдени өмірі, оқу-білім, өнеркәсіп салалары бойынша бағамдай ой толғап, өз тұжырымдарын нақты деректермен әңгіме еткен болатын.

Облыс орталығындағы ірі өндіріс орындары – «Казахсельмаш», «Целиноградсельмаш», үй құрылысы комбинаты, насос, газ аппаратуралары, шойын құю, вагон жөндеу заводтары сияқты кәсіпорындардың, тоқыма-жіп иіру, тігін фабрикаларындағы еңбекшілердің ерен еңбектерін, мыңдаған гектарларға егін егіп, Отанымыздың берекесінің молшылығын тасытқан диқан-механизаторларымыздың күні-түні бел жазбай атқарған жұмыстарының қарапайым көпшіліктің қаперіне алынуына ерекше назар аударып еді.

– Біз өз заманымыздың перзенті санатындамыз. Соған орай еңбек еттік. Менің саналы ғұмырым осы Ақмола өңірімен тікелей байланысты өтіп келеді. Осы өңірде өсіп-өндім. Халқыма хал-қадірімше еңбек еттім, оған өзім дән ризамын, – деген-ді.

Әңгіме барысында бізге мәлім болғанындай, Зейнолла ағамыз 1933 жылдың қараша айының 14 жұлдызында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы «Атасу» кеңшарында дүниеге келген. Екі жасар сәби кезінде әкеден айырылған ол анасы Насиханың, әкесінің ағасы Шайдар ақсақалдың тәрбиесімен өсіп, жетілген. Елді жайлаған қиын кезең. Әйтсе де еті тірі жасөспірім жеткіншек 1940-1941 оқу жылында өз қатарластарымен орта мектеп табалдырығын аттады. Біздің осы күндері айтып, жазып жүргеніміздей, «балалық шақ – балдәурен» дейтін ұғымымыздың жасөспірім Зейнолла, оның құрдастары үшін әлдебір қызыққа толы болмағаны, соғыстан кейінгі тұрмыс тауқыметі, жұтаң тіршілік балалықты ұмыттырып жібергендігі де сұхбат барысында қылаң беріп өткендігін аңғарған едік. Бала кезінен зерек, өзіне талап қойғыш, оқуға ынталы болғандықтан,орта мектепті үздік бітіріп шығады. Ауылда қалып еңбекке араласуды ұйғарады. Алайда, баланың жоғары білім алып, қатарынан қалмауы, білімге деген құштарлығын пайымдаған әкесі Шайдар оның Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсуіне мүмкіндік жасайды. Жолы болып, жоғары оқу орнының студенті атанады.

… Міне, өзіндік қолтаңбасын қалдырған студенттік өмірдің бес жылы да артта қалды. Сол кездегі қалыптасқан ережеге сәйкес, жас маман 1955 жылы Республика Ауыл шаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Ақмоладағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумның қарамағына оқытушылық қызметке жіберіледі.

Арнаулы орта білім беретін оқу орны ұжымына етене араласып кеткен жас ұстаздың осындағы төрт жыл еңбек өтілі алғашқы өмір тәжірибесіне айналды деуге болады. 1960 жылы техникумды облыс орталығынан тысқары жердегі кеңшар қонысына көшіру туралы Министрдің бұйрығы шықты. Бұл кезде Зекең отбасын құрып үлгерген болатын. Тысқары жерге қатынап, сабақ беру өзіндік қиындық туғызатын болды. Осы жағдайды ескеріп, ол өзі өтінішімен қызметтен босайды. Сол жылдың шілде айында Зейнолла Мұхаметжанұлы Қарағанды кеңес-партия мектебіне оқытушы болып орналасады. Партиялық тәлім-тәрбие, қарым-қатынас, іс қағаздарын жүргізу, қаулы-қарарлардың әзірленуі, орындалуы, қадағалануы, тыңдаушылардың талап-тілектерінің жүзеге асырылуы сияқты мәселелерімен етене араласты.

Баршамызға мәлім, 1964 жылы Орталық партия құрылымында ауыс-түйіс болып, Бас хатшылыққа Л.И.Брежнев келді. Төменгі буындарда да өзгерістер болып жатты. Содан 1966 жылы Республика Орталық партия комитетінің шешімімен Қарағандыдағы мектеп жабылып, ондағы оқытушы кадрлар республикамыздың облыстарындағы партия құрылымдарына жұмысқа жіберілді.

Осы жылдың шілде айында Зейнолла Мұхаметжанұлы Ақмола (Целиноград) облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Бұл бір жаңа экономикалық реформаның жүзеге асырылып жатқан жауапты кездері болатын. Облыс негізінен ауыл шаруашылығы бағытындағы өңір саналатын. Егін өсіру, мал шаруашылығы басты бағыт болып есептелетін. Қала іргесіндегі Шортанды кентіндегі Бүкілодақтық астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен ынтымақтаса еңбек етіп, жаңа технологияларды салаға енгізу, қой шаруашылығында семейліктердің бастамасымен комсомол-жастар бригадасын құру сияқты бастамалар жүзеге асырылды. Зейнолла ағамыздың өз саласына жүктелген жұмыстары алға басып жатты. Жаңа ұсыныстар ұсынудағы табандылығы, жігерлілігі өз жемісін берді деуге болады. Осылардың барлығы басшылар тарапынан лайықты қолдау тауып, бағаланды да.

1969 жылы Зейнолла Шайдаров облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Астрахан аудандық партия комитетіне екінші хатшы болып сайланды. 1936 жылы шаңырақ көтерген ауданда сол жылдары 40 мыңнан астам халық тұратын, 12 кеңшар, 1 бірлестік, 6 ұжымдық кәсіпорын, 17 елді мекен бар болатын, ауыл шаруашылығына тиісті жер көлемі 520, 8 мың гектар алқапты қамтитын. 51 мыңнан астам ірі қара. 20 мыңнан астам қой, 2 мыңнан аса жылқы, 20 мыңнан аса талпақ танау түлкі бағып күтілетін. 290 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілетін. Жергілікті жерге қадам басқан хатшы өзіне жүктелген саламен жіті танысып, білек сыбана қызметке кіріседі. Атап айтқанда, мал шаруашлығы, егін шаруашылығы саласына басымдық беріліп, өндірген жаңа технологиялар көптеп енгізіліп, ірі қара, шошқа түліктерін сауықтыру жүзеге асырылады. Зор ынтамен атқарылған жұмыстың қайтарымы көңілге күдік тудырмайтын еді.

Осы ауданда екі жылдан аса еңбек еткен Зейнолла Мұхаметжанұлы 1972 жылы Алматы жоғары партия мектебінің үздік дипломымен Атбасар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.

Облысымыздың солтүстік аймағында орналасқан Атбасар ауданы 1928 жылы ұйымдастырылған болатын. Аумағы 12 мың шаршы метр алқапты қамтиды. Сол жылдары өңірде 78 мыңнан астам халық тұратын. 19 елді мекен, 1 қалалық әкімшілік құрылымы бар болатын. 14 кеңшар, 3 колхоз, негізінен астық, ет өндіру, көкөніс өсірумен айналысатын. 146 мың гектардан астам алқапқа дәнді дақылдар егілетін. 11 өнеркәсіп кәсіпорыны, элеватор, астық өнімдері комбинаты, нан, сыр, ірімшік өнімдерін шығаратын зауыттар, ет комбинаты, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары халыққа қызмет көрсететін. Білім беру, мәдениет орындары, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысы өз алдына. Атбасар темірбетон, Атбасар керамзит бетон бұйымдары заводтарының шығарған өнімдері республикамыздың барлық аймақтарына, Ресей облыстарына жөнелтіліп жататын.

Ауданаралық екі жөндеу шеберханасының негізінде 1957 жылы құрылған Атбасар жөндеу-механикалық заводы ауылшаруашылығына қажетті шынжыр табанды, дөңгелекті тракторлардың қосалқы бөлшектерін жасап шығарумен қатар, оларды жөндеп, алымды К-700 тракторларын да қалыпқа келтірумен айналысатын.

Атбасар совхоз-техникумы мен ауыл шаруашылығын механикаландыру сынды арнаулы оқу орындарында астық өндірісі, көкөніс өндіру, құрылыс саласы мамандары, медициналық арнаулы оқу орынында денсаулық саласына қажетті орта буын мамандары даярланатын.

Міне, осындай ауқымы кең аталған өндіріс орындарын қоспағанда өзіндік теміржол торабы бар іргелі ауданның жұмысын ұйымдастыруда бар жауапкершілік бірінші басшыға келіп тірелетіні белгілі. Егіншілік, мал шаруашылығы  мәселелері өз алдына, әрине. Шаруашылықтарда 40 мыңнан аса ірі қара, 170 мың қой, 3 мыңнан аса жылқы, 40 мыңнан аса шошқа күтімге алынып, өнімдері өндірілетін.

Осындай сан салалы өндіріс саласын қамтыған өңірдің экономикасын өрге бастыруда Зейнолла Мұхаметжанұлы білікті, іскер, өз мамандығының нағыз хас шеберлерін іріктеп, аймақ еңбеккерлерін ортақ мақсатқа жұмылдыра білудің нәтижесінде ауданның ауылшаруашылығы саласы жылдан-жылға ілгерілеп дамыды. Аймақаралық байланыстар нығайды. Егіс көлемі ұлғайып, жаңа технологиялар өндіріске енгізілді. Ірі қара, қой, жылқы басы көбейді. Өсімтал түлік санатындағы ел арасында «талпақ танау» мегежінінен алынған торай санының да көбейгенін айта кетуге болады. Білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерінің де жұмыстары алға басты. Жаңа ғимараттар салынды. Кадрлармен жасақталды. Жаңадан қоныс тойлары тойланды.

Атбасарлықтар жыл сайын Отан қамбасына 20-25 миллион пұт астық тапсыратын дәрежеге жетті. Сол жылдардың басты көрсеткіші болып саналатын әр саланың жылдық жоспарлары орындалып жатты. Ауыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбектері лайықты бағасын алып түрлі дәрежеде марапаттарға ие болды.

1979 жыл – Зейнолла Мұхаметжанұлы үшін өміріндегі бір есте қаларлық белес болды деп айтуға болады. Облыстық партия комитетінің ұйғарымымен Қазақ КСР Орталық партия комитеті обкомының екінші хатшысы лауазымына ұсынылып, пленумда бірауыздан сайланды.

Зекеңе өңірдің ауыр өнеркәсіп, көлік, құқық, прокуратура мекемелерінің жұмысына бақылау жасау жауапкершілігі жүктелді. Жауапкершілік жүгі ауыр. Кадрлардың қабілеті, сала жұмысындағы проблемалар. Ауыс-түйіс дегендей. Тұрғын үй, балабақша мәселелері де қылаң беріп жатады.

… Ағамыз 1979 жылғы облыс орталығында Неміс автономиясының ашылуына орай болып өткен орталық алаңдағы студент жастар шеруін өте бір толқу үстінде еске алған еді.

… «Неміс автономиясы ашылады. Орталығы Ерейментау болады, бірінші хатшылыққа А.Браун, атқару комитетінің төрағалығына Ә.Шабатов тағайындалмақшы» деген әңгіме халық арасына тарап кеткен. Жексенбі күні болатын. Орталық алаңда кәсіптік-техникалық училище түлектеріне еңбек орындарына жолдама тапсыру рәсімін өткізу шарасы жоспарланған болатын. Енді бір сәтте алаңға жастар жинала бастады. Байқасақ, Ауыл шаруашылығы мен медицина институтының студенттері. Қолдарында плакаттар. «Неміс автономиясының ашылуына жол бермейміз!», «Қазақстан – біртұтас!» деген жазулар. Облыс басшылары, бәріміз алаңға шықтық. Қоғамдық тәртіпті қадағалау менің құзырымда. Жастардың арандап қалмауын ойладым. Басу айттық. Сабыр сақтаңдар. Бәрі байыппен шешіледі дедік. Обалы не керек, жастарымыз сабырлылық танытты, соған риза болдым. Шынымды айтсам, өзімнің де жүрегім қан жылап тұрғандай еді».

1983 жылы Зейнолла ағамыз облыстық партия комитетінің ұсынысымен, Орталық партия комитетінің ұйғарымымен облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Хатшылық міндетке қарағанда бұл қызмет халық шаруашылығының барлық саласын қамтитынын еске алсақ, ол міндетті де үлкен жауапкершілікпен атқарды.

Сөйткен ардагер ағамыз бүгінде арамызда жоқ. Өмір заңы осыны алға тартады. Мойындамасқа шараң бар ма?! Бірақ, артында жарты ғасырдан астам бірге ғұмыр кешкен зайыбы, ұлағатты ұстаз, абзал ана, ақылшы ене, немерелерінің әжесі, шөберелерінің ұлы әжесі Айман әпкеміз бар. Өмір жалғасуда. Зейнолла ағамыз бен Айман әпкеміз үш ер бала өсіріп, тәрбиеледі. Мейірімді әке, мейірбан ананың тәлім-тәрбиесі нәтижесінде олардың әрқайсысы өмірден өз орындарын тапты, отбасын құрып, егемен еліміздің өркен жаюына өз үлестерін қосып келеді.

Тұңғыштары Ғабиден жоғары білімді инженер-механик. Өз саласы бойынша абыройлы еңбек етті. Зайыбы Айнаш «Қазақсельмаш» заводында экономист болып қызмет етті. Отбасында үш бала, олардан төрт немере өсіріп, тәрбиелеуде. Ортаншылары Мәжиттің екі жоғары білімі бар. Ғалым-ұстаз. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі. Ақмола қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері, Астана қалалық денсаулық сақтау департаментінің директоры, Астана қаласындағы №1 ауруханасының бас дәрігері, Қарағанды облысы денсаулық сақтау департаментінің директоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медицина және фармацевтика қызметтерді қадағалау комитеті Астана қалалық департаментінің директоры, Астана мемлекеттік медицина университетінің ректоры қызметтерін атқарған. 5-6-шақырылымдардағы Астана қалалық мәслихатының депутаты болып сайланды. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Зайыбы Гүлден де дәрігер. Екеуі екі бүлдіршін тәрбиелеп, алты немерені көз қуаныш етуде. Кенжелері Надим Мәскеудің П.Лумумба атындағы халықаралық университетінің түлегі. Қаржы саласының маманы. Зайыбы – Мәдина ұстаз. Екеуі екі баладан үш немере сүйіп отыр.

Өнегелі өмір өрнектерінің иегері ардагер ағамыздың ел алдындағы атқарған еңбегі кезінде мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Зекең екі мәрте Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Орталық комитеттің мүшесі болды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.

Туғанына 90 жыл толуы аталып отырған кезеңде егемен еліміздің біртуар азаматы санатындағы ардагер ағамыздың барлық саналы ғұмыры облыс өңірінің халқымен етене араласқан ортада өтті. Демек, Зейнолла Шайдаровтың атқарған, артында қалдырған істерінің бәрін пайымдап бағаласақ бүгінгі ұрпаққа өнеге ретінде атап өтуге лайық дер едік.

Енді тек осы елімен бірге есейген ардагер ағамыздың есімін есте сақтау шараларының бір парасы ретінде оның кіндік қаны тамған ауылдағы мектепке есімі беріліп, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылса, Елорда көшелерінің біріне есімі берілсе деген тілегімізді де айта кетуді жөн санадық.

Бәдуән ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар