Фанатизм – діни сауатсыздықтың белгісі

Қазіргі уақытта бүкіл әлем елдерінде діни фанатизм мен радикализм идеяларының көрініс тауып, қоғам арасында белең алуы қауіпті тенденцияға айналуда. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл құбылыстардың ақыр соңы адам өміріне қауіп төндіретін экстремистік-терорристік сипаттағы қантөгіс жағдайларға апаратындығына куә боламыз. Сондықтан, діни сипаттағы қылмыстық әрекеттермен жұмыс – бірінші кезекте діни фанатизм мен радикализм сынды идеялардың алдын алумен жүзеге асуы тиіс. Осыған орай, мақаламызда діни фанатизмнің негіздері мен белгілерін көрсете отырып, оның салдарымен күресу жолдарын ұсынамыз.

Жалпы фанатизм құбылысы тек дін саласына ғана тән емес болғандықтан, бұл ұғымның негізгі мән-мағынасына тоқтала кетуіміз қажет. Діни фанатизм – қандай да бір діни ұстанымдарға баc ұрып, қағидаттарына тәуeлділік танытуды білдірeді, олжанкештілік пен бірбеткейлікке салынып, ақиқаттылығына қарамастан, ешкімнің көзқарасына құлақ салмай, соқыр сенімге еліктеу. Неміс философы Карл Яcпeрcтің пікіріншe, фанат дeгeніміз өзін қандай да бір міндeткe арнаған жәнe көзі oдан баcқа eштeңeні көрмeйтін жан. Oл өз мақcатына жeту үшін бeйcаналы түрдe қoлында бардың бәрімeн тәуeкeл eтугe даяр.Фанатизм деген өте қауіпті жазылмас дерт екендігін өткен ғасырдағы ұлттық фанатизм дертімен ауырған фашистік Германияның тағдыры анық көрсетіп берген еді. Жалпы, нәсілдік, ұлттық немесе діни фанатизм бола ма, қайсысы да оңып тұрған жоқ. Олардың бәріне ортақ қасиет – бізден артық ешкім жоқ, басқаларын таптап езу, құрту керек деген астамшылық пиғылдың болуы.

Діни сипаттағы фанатизмнің белгілері төмендегідей:

Тек өзінің діни ұстанымы мен докторинасын, догмалары мен идеяларын ғана жалғыз өзгермейтін ақиқат ретінде қабылдап, басқа альтернативтік діни ілімдер мен түсіндірмелерді, тіпті, діни мәтіндерге негізделген болса да, мойындамау.

Өзге дін өкілдері немесе өз дінінің басқа бағытын ұстанушыларымен үнемі алауыздықта болу, оларға төзімсіздік танытып, олармен бейбіт қарым-қатынасқа түсуден түбегейлі бас тарту.

Діни жоралғылар мен құлшылық-рәсімдерді атқаруда және діни өмір салтын ұстануда шектен шығып, әсіре діншілдікке бойалдыру.

Діни өмір салтын себеп етіп, зайырлы қоғам құндылықтарына қайшы әрекеттерге бару. Сондай-ақ, қоғамдық қатынастарда құқықтық заңды нормаларға бағынбау.

Зайырлық пен дін арасын үйлестіру арқылы ортақ бітімге келуден түбегейлі бас тарту.

Әсіре діншілдік салдарынан радикалды сипаты көрініс тауып, діни негізде экстремистік-террористік қылмысты әрекеттерге бару.

Қандай да бір ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен басқа да ұлттық бірегейліктерді қалыптастыратын факторларға қарсы болу.

Бұл белгілердің барлығы бірден орын алмаса да, өзіндік кезеңдік сатылар бойынша, тұлғаның радикалдану процесі іске асуы ықтимал. Діни фанатизм дертіне ұшыраған тұлғаның аталмыш белгілерін байқау арқылы анықтай аламыз. Кейбір жағдайларда, қандай да бір діни фанатизмге бас ұрған тұлға өзінің ұстанымдарын бірден жариялайтын болса, қоршаған ортасы тарапынан белгілі бір дәрежеде сынға ұшырауы себепті, діни көзқарастарын жасырын түрде ұстануы мүмкін. Бұндай жағдайда ол идеялогиялық әрекеттерін астыртын орындауға тырысып, интернетте әлеуметтік желілерді пайдаланады.

Сондықтан да болар, өкінішке орай, қазіргі уақытта кейбір жастар әртүрлі әлеуметтік желілерде діни тақырыптарға байланысты сөз қозғалғанда, асыра діншіл мазмұндағы позицияларын агрессивті түрде білдіріп жатады. Бұл өз кезегінде, еліміздің болашағы болып табылатын жастарымыз үшін өте қауіпті құбылыс.Осыған орай, қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни фанатизмнің етек жаюына тосқауыл болып, алдын алу шаралары мен радикалсыздандыру әрекеттерін кешенді түрде атқара білуміз қажет. Атап айтқанда, халық арасында ақпараттық, профилактикалық әрі теологиялық түсіндірме жұмыстары жүргізілуімен қатар, белгілі бір қоғамдық аудиторияларға да назар аударуға тиіспіз. Сондай-ақ, қоғам арасында діни фанатизмге қарсы сыни ойлау мен логикалық пайымдай білу қабілеттерін дамыта отырып, ақпараттық кеңістіктегі діни мазмұнды материалдарға өзіндік сараптай білу қасиетін қалыптастыру қажет. Оған қоса, діни сауаттылық пен зайырлы білім алу, адамның пікіралуандылығын дамыту, жалпы сауаттылықты арттыру арқылы болары сөзсіз.

Қорыта айтар болсақ, діни фанатизм сынды еліміздің зайырлық қағидаттарына қайшы келетін әрі қоғамға қауіпті болып табылатын радикалдану құбылыстары жиі көрініс табады. Еліміздің немесе әлем тарихының қай кезеңіне де көз жүгіртер болсақ, әсіре діншілдік, яғни, діни фанатизм әрдайым қоғамдағы мәдениет пен өркениеттің қалыптасуына кері ықпал етіп, ғылым мен білімнің артта қалуына, әрі адам бостандығын шектеуге апаратын болған. Сондықтан да, халқымызды діни фанатизмнің зардаптарына ұшыраудан сақтау мақсатында дін саласындағы мамандар кешенді жұмыстар жүргізіп, діни әрі зайырлы сауаттылықты арттырып, қоғам арасында әсіре діншілдік пен дүмшелікке қарсы сыни пікір қалыптастыра білуі тиіс.

Диас БАЙЖІГІТОВ,
«Науан Хазірет» мешітінің наиб имамы, теолог.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар