Ұлттық мүдденің бірі – балаға қазақы ұғымдағы есім беру!

Шаңыраққа сәби дүние келгенде сол балаға көркем ат қою ата-ананың басты міндеті әрі жауапты сәті. Себебі, ол бала сол берілген есімді өмір бойы арқалап жүреді. Егер есімің әдемі болса, айтылғанда құлаққа жағымды естілсе, қандай тамаша! Бұл тақырыпты қозғап отырған себебіміз, бүгінде қоғамда ұлттық сана-сезімге үйлеспейтін, қазақы мәдениетімізге жат, қазақтың иісі сезілмейтін, құлаққа түрпідей естілетін,тіпті тілімізді күрмейтіндей есімдер қаптап кетті.

Аиша, Айлин, Айлун, Ильхан, Асуад, Дален, Даниял, Адель, Ясмин, Ясин, Раяна, Альфия, София, Айлана, Ибраһим, Мехмет, Рамида… Міне, жаза берсек,бүгінгі қоғамда осындай түсініксіз есімдер жетіп артылады. Ертеде атам қазақ балаға ат қоюға ерекше мән беріп, қазақы түсінікке, қазақы салтымызға сай ырымдап мағыналы да мәнді көркем есімдер берген. Себебі, баланың есіміне байланысты оның болашағы солай қалыптасады деп алаңдаған.

Менің арғы атам Шәмшиүйленгеннен кейін бала тоқтамапты. Екі-үш баласы бірінен соң бірі шетіней беріпті. Сөйтіп, келесі бір ұлы дүниеге келгенде,әулеттің үлкендері қазақтың ырымын жасап, дүниеге келген шарананы 7 кемпірдің аяғының арасынан өткізіп, әлгі кемпірлерге ақша-пұл беріп, «баланы сатып алдық» деп, Сатыбалды депесімін қойыпты. Содан атамыз Сатыбалдыдан кейін тағы 6 бала дүниеге келіпті. Одан кейін атамыз үйленгенде де бала тұрақтамаған екен, осы ырыммен кемпірлерден «төлеп алдық» деп, перзентіне Төлегендеп ат қойыпты. Әкем атасының бауырында өсіп, үйленіп, дүниеге мен келген соң, ұлы атам: «Бұл жарық дүниеге қыз келді, шаңырағыма ырыс келді, үйіме құт қонады» деп қуанып, шөбересі маған  Ырысалды деп ат қойыпты. Міне, нағыз қазақы түсінікке сай, ұлттық дүниетанымға сәйкес көркем есімдер.

Ырымшыл атам қазақ дүниеге келіп жатқан сәбилерге табиғат құбылыстарына, туған жыл мезгіліне байланысты ойланбастан түрлі есімдер қоя бергені белгілі. Боранда туған балаларға Боранбай, Боранқұл, Боранкүл, Қаржаубай, Аязбай, наурызда туғандарына Наурызбай, Наурыз, Наурызгүл, апта күніне байланыс Дүйсенбі, Сейсенбай, Сәрсенбай, Бейсенбай, Жұма, Жұмағұл, Жұмакүл, Жексенбай, күннің мезгіліне байланысты Таңатар, Айжарық, Айтуар, Айшуақ, Айсұлтан, Жұлдыз, Шолпан, біреудің мерейтойларында туғандарға Елубай, Алпысбай, Жетпісбай, Сексенбай, Тоқсанбай, Жүзбай деп атап жатты. Қыздарды әдемі құстарға, тәтті жеміс-жидекке теңеп, болашақтары жарқын, көрікті, тәтті болсын деп Қарлығаш, Сандуғаш, Тоты, Ақтоты, Бұлбұл, Алма, Өрік, Гүл, Гүлнәр, Гүлден, Айгүл, Айнагүл, Алмагүл, Жайнагүл, Жадыра, Бақыт, Қуаныш, Шаттық, Раушан, Райхан деп неше түрлі жарасымды есімдер берген. Мағыналары да түсінікті. Мәселен, Дәулет десе, баланың дәулеті артсын, Бақыт десе, шаңырағының бақ құсы болсын, өзі де бақытты болсын деп ырымдаған.

Қызымның сыныбында Айша деген де, Аиша деген де қыздар бар. Бір кездері бұл есімдер қазіргі тілмен айтқанда трендке айналып,  көптеп қойылды. Әлі де қойылып келеді. Айша десек, әйтеуір қазақтың аңызындағы Айша бибіні еске аламыз, сол сияқты сұлу болсын деген екен ғой дейміз. Сөйтсек, бұл қыздың есімін арабтардың Айшасына ұқсатқан екен… Бірде Аишаны мұғалімі Айша деп қалып еді, «апай, мен Айша емеспін, Аи-и–ша-мын» деп созбалақтап тұр…

Қаһарман жазушы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы: «Адам дүниеге келгенде берілетін есім оған өмір жолында бақыт сілтейтін жарық жұлдыз іспетті: өмір бойы жанында болатын алғашқы және қасиетті белгілердің бірі» деген екен. Яғни, ата-ананың міндеті балаға жақсы есім беруі тиіс деген. Жақсы есім баланың болмысына, тұлға болып қалыптасуына тікелей әсер етеді.

Еліміздің белгілі ғалымы, абайтанушы, философ- мәдениеттанушы Омар Жәлел есім тұлғаның қалыптасуына әсер ететін бірден-бір феномен екендігін айтады. Есімнің баланың тағдырына тікелей әсер ететіндігін ескертеді.

– Кезінде медицина дамымаған уақытта балалар шешек, оба ауруларынан ауырып қайтқанда, жаман есімдерді де берген. Онда балаға көз тимесін деген ниетпен қоюға мәжбүр болды. Бірақ қазір заман өзгерді, ондай есімдерді қоюдың қажеттігі шамалы. Балаға есім беруде халықтың белгілі бір тұлғаға деген махаббаты көрінеді. Сол махаббаты есім арқылы баланың тәрбиесіне трансформацияланады. Адамның есімі секілді Құдай жаратқан кез-келген құбылыстың аты бар. Ағылшындарда «кемені қалай атасаң, солай жүзеді» деген бар, сол сияқты, баланың тағдыры өз есімімен тығыз байланысты. Егер балаға мағынасы жақсы есім берілсе, болашақ өмірі де жарқын болатынына сенім мол. Қазақта «Атыңа затың сай екен» деген сөз бар. Яғни, балаға жақсы ат қойсаңыз, ол есімнің өзінің мәні тағдырына жарығын түсіріп тұрады, –дейді ол.

Сонымен бірге, ол қазақ халқы жаңа туған балаға азан шақырып ат қоюды халықтың мәдениетімен, ұлттық дүниетанымымен байланыстырады. Ал, қыздарға ұлдың есімін, ұлға қыздың есімін қойып жататындарға Омар Жәлелұлының өз айтары бар.

– Қазақта жақсы ырым бар, отбасында қыз дүниеге келе берсе, Ұлболсын, Ұлмекен, Ұлболды деген есімдер қойып жатады. Өзім Ұлболсын деген қыздардан сұрағанда, артынан көп жағдайда дүниеге ұл бала келеді екен. Ал, ұлдың атын қызға, қыздың атын ұлға қоюға болмайды. Себебі ұлттың мәдениетіне қайшы нәрсе. Мысалы Бақыт, Баян, Жанат, Мерей деген секілді ортақ есімдерді қойса болады. Себебі, адамның есімі – ұлттың визит картасы іспеттес. Атына заты сай, түсінігі, өмірлік қағидасы өзгеше болғанда оның кім екенін, қай ұлттың өкілі екенін айнытпай білуге ​​болады. Сондықтан, балаға есім қойғанда сол елдің иісі анық сезіліп тұруы керек, –дейді.

Жақында бір ағам немерелерінің есіміне көңілі толмай, баласына: «немерелерімнің есімін қабырғаларға жазып қойыңдар, әйтпесе, ұмытып қаламын» деп, ренжіп жатқанын естідім. Оның реті бар. Егер немересіне Ахмад, Махмұт, Алхан, Райым, Сабина, Альмира, Тахира, Шахина, Шехризат деп қойып жатса, әрине шатасып, ұмытып қалады.

Тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабамыз ұрпағына есім бергенде сол өздері өмір сүрген тарихи кезеңнің оқиғаларына байланыстырып, замана ағысына орайластырып,Комсомол, Совет, Совхоз, Партизан, Кеңесхан, Армия, Саммит, Олимпиада, Азиада деп те, сол дәуірдің белгілі тұлғаларына сәйкестендіріп, Индира, Рауза, Канди, Ататүрік, Мэлс, Марселсекілді де есімдер берген екен. Өткен жылдары Бен-Ладен, Дағдарыс, Експолар мен Ковидтар да дүниеге келді. Соңғыларына қараңызшы, өте өрескел есімдер. Ата-аналары баласына есім бергенде бұл аттарды не үшін таңдап алған? Атың шықпаса жер өрте деген бар еді, қазіргі тілмен айтсақ хайп үшін бе? Түсініксіз…

Кейбір ата-аналар қазір балаларына тарихтағы әйгілі адамдардың есімдерін беруге тырысады. Мәселен, бүгінде Қасым, Хақназар, Ерназар, Бейбарыс, Әл-Фараби, Томирис, Тұмар, Айша-бибі, Мұхамед, Сүлеймен, Шыңғысхан, Абылайхан, Әлихан, Фариза, Димаш, Дінмұхамед, Әбілмансұр, Мансұр, Төре, Кенесары секілді де есімдерді жиі кездестіреміз. Сондай-ақ, бүгін жас ата-аналар ислам дінінің атақты тұлғаларының есімдері мен Құранда кездесетін атауларды да балаға есім етіп қоюдысәнге айналдыруда. Қазіргі қыздардың екінің біріне Кәусар, Раяна, Аянат, Ясмина, Фатима, Амина, Хадиша деп қойса, атұстарларына Ислам, Ясин, Мұхамед, Ахмет, Абдуллах, Ибн-Сина, Ағзам, Сүлеймен, Иса деген есімдер беруде. Жақсы, осындай атақты адамдардың немесе пайғамбарлар мен Құраннан алынған сөздерді баласына есім етіп қойсын, бірақ, сол баланың осы атақты есімді алып жүретіндей оның тәрбиесіне зор мән беріп, көңіл бөлсе, нұр үстіне нұр болар еді. Амина, Фатималарымыз келешекте ар жолынан айнымайтындай инабатты, Сүлеймен, Мұхамедтеріміз кісілік қасиеттері адам сүйсінетіндей тәрбиелі болып өссе дейміз.

Сонымен қоса, бүгінгі қоғамда тас лақтырсаң, психологқа тиетін болды. Сол мамандардың бірімен сөйлескенімізде,  балаға есім беруде өмірде болған таныстарының немесе қайтыс болған адамның атын қойғанда абай болу керектігін ескертеді. Өздері жақсы көрген адамның есімін балаға қойғанда оның өткеніне, мінез-құлқы мен болмысына, әсіресе, тағдырына мән берілу керек екен. Өйткені, бала бейсаналы түрде есімі берілген адамның тағдырын қайталауы мүмкін.

Қорытындылайтын болсақ, балаларымызға қазақы түсінікке сай етіп, қыздарымызға Асылым, Көркем, Інжу, Маржан, Жансұлу, Әдемі, Жанерке, Аяулым, Шұғыла дегендей, ұлдарымызға Қайсар, Жігер, Талап, Ерсін, Жалғас, Кемеңгер, Нұршашқан, Нұрлан, Дәурен, Кемел, Заңғартәріздіесімдер қойылса, қандай ғажап. Айтуға да әдемі, мұндай есімдерін естіп өскен ұрпақтың болашағы да жарқын  болады деп ойлаймын.

Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» повесінде айтылатындай, адамның есімі бір-ақ рет қойылады, ал, ол есім сол адамның өмір бойы серігі болып жүретіндей, мақтанышпен айта алатындай болғанға не жетсін!..

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар