Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа қазандық салынады - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа қазандық салынады

Бүгінгі таңда Қосшы қаласында жылу энергиясының тапшылығы сезіледі. Осы мәселені шешу үшін жаңа газ қазандығы салынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Ғайдар Қасенов мәлімдеді.

Қала орталық қазандық арқылы жылу алады. Оның қуаты 75 Гкал/сағатты құрайды. Жылу энергиясының тапшылығы 5 Гкал. Қуаттылықты арттыру бойынша жоба әзірленіп, сараптамаға жіберілген.  Жобаның құны 9,5 миллиард теңге.

–Жылу беруді арттыру үшін инвесторлардың қаражатына жаңа газ қазандығын салу бойынша жобаны әзірлеу басталды, жер учаскесі де анықталды. Бұл маңызды әлеуметтік нысандарды және бес жүз мың шаршы метрге жуық тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ғайдар Қасенов.

Қосшы қаласы халық саны ең жоғары аймаққа айналды. Қазіргі уақытта мұнда ресми тіркелген халық саны 54 мың адамнан асты. Сондықтан, тұрғындардың өркениет игілігіне деген қажеттілігі әр уақытта артып келеді. Брифингте қала әкімі қолданыстағы электр желілерінің жалпы ұзындығы 400 шақырымды құрайтынын және құрылыстардың тез салынуына байланысты күн сайын электрмен жабдықтау қажеттілігі артып келе жатқандығын баяндады.

Жаңа бас жоспарда екінші қосалқы станцияны орналастыру жобасы бар, – деді ол.  Сонымен қатар,  қала басшысының айтуынша өткен жылы 30 шақырым су құбыры  желісі салынып, оған 1500 жеке тұрғын үй қосылды. Ағымдағы жылы 50 шақырым су құбырын өткізуді бастау жоспарлануда. Аталмыш жоба 2024 жылы аяқталады.

Биылғы  жылдың шілдесінен бастап тұрғындар электр энергиясы үшін қосымша ақы төлемейді, өйткені, желілерге толық түгендеу жүргізілді. Бүгінгі таңда электр желілері бойынша жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Астанадан қаланы газбен жабдықтауға арналған техникалық шарттар алынды. Газ желісіне қосылу нүктесі орнатылып, мұның арқасында газ көлемі сағатына 32,8 мың текше метр болады. Қазіргі уақытта газ құбырын жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадағы ескертулер түзетілуде.

Әкім  брифинг барысында  қаланың экологиялық жағдайын  жақсарту бойынша жасалған шаралар жөнінде айтып өтті. Ол  Қосшы қала мәртебесін алғанға дейін қатты тұрмыстық қалдықтар Тайтөбе ауылының маңындағы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділеріне шығарылғанын  мәлімдеді.

– 2022 жылы бұл полигон жойылып, тарифтер мен нормативтер бекітілді. Мердігер ұйым қатты тұрмыстық қалдықтарды Астана қаласының полигонына әкетеді. 2021 жылы қала бойынша 178 контейнер болған, қазір 492 контейнер бар, – деді спикер.

Бұрын қаладағы басты мәселелердің бірі – үш ауысымдық оқыту болды.  Осыған байланысты, биыл екі мектеп пайдалануға берілген.  Мұндай шешуші қадам оң нәтиже беруде. Келесі жылы 1200 орындық тағы бір мектеп пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары тағы 3 мектеп салу жоспарланған.

Жалпы, қалада түрлі нысандар салынуда. Көпсалалы аурухана құрылысын жобалау жүргізілуде. Мәдениет үйі жобасы дайын. Кешенді жоспарға жедел жәрдем станциясын салу бойынша ұсыныс енгізілген. Қоғамдық мәдени-спорт орталығының құрылысын бастау жоспарлануда. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ, асхана мен өрт сөндіру қызметі келер жылдың бірінші тоқсанында іске қосылады. Қалалық мешіт те салынуда.

– Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Қосшы қаласынан кезекте тұрғандар үшін «Отбасы банкі» арқылы кредиттік шарттар бойынша төмендетілген бағамен 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, біз апта сайын мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілі және қала прокурорының қатысуымен үлескерлермен кездесеміз. Түрлі шараларды қабылдау нәтижесінде үлескерлер саны 900-ден 537 адамға дейін азайды, – деп қорытындылады  сөзін Қосшы қаласының әкімі Ғайдар Қасенов.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар