Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
15 ҚАРАШАДА КӨКШЕТАУДА КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ТУҒАН КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ - АРҚА АЖАРЫ

15 ҚАРАШАДА КӨКШЕТАУДА КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ТУҒАН КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Батыр Мәлік беренім,
Жүйрігім озған өренім.
Халқым сүйген қалауым,
Жырымды саған төгемін.

Жамбыл ЖАБАЕВ.

 І. Мәлік батырдың рухы мәңгі жасай береді

Кеңес Одағының Батыры, ғалым, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туған күніне орай, Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясы және Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдері, ғылыми қызметкерлер, профессорлық оқытушылар, БАҚ өкілдері мен курсанттардың қатысуымен «Батыр тағдыр, ғылыми ғұмыр» атты ғылыми-танымдық семинар өткізілді.

Батырдың туған күніне орай ұйымдастырылған шара дәстүрлі түрде оның ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Тағзым етіп, гүл шоқтарын қойған соң, жиынға қатысушылар академияның акт залында аталған семинарға қатысты. Ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі ғұмыр жолын, ұлт алдындағы адал қызметін, адамгершілік тұлғасын, парасат биігін, адами болмысын, ғылымға сіңірген еңбегін паш ете отырып, жас ұрпаққа үлгі ету.

Семинардың ашылуында академия бастығы, полковник Ерлан Әлібеков сөз сөйлеп, М.Ғабдуллиннің ерлік істері өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге екенін және батыр есімінің бүгінгі ұрпақ үшін алар орны ерекше екенін атап өтті. Және де облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин қатысып, Ақмола облысы әкімі Марат Ахметжановтың атынан  сөз сөйлеп, лебізін білдірді. Оған қоса, семинарға спикер ретінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл, Азаматтық қорғау академиясының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сандуғаш Қасымова мен кафедра оқытушысы Жұлдызай Бексұлтанова, Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкерлері Эльмира Ержанова, Аққу Есжанова қатысып, Мәлік батырдың өмір жолынан, еңбектерінен, ғылыми туындыларынан көпшілікке лекциялар оқыды. Лекциялар арқылы ұрпақтар сабақтастығы мен патриоттық тәрбие беру, Отан игілігі үшін қызмет ету парызы туралы жоғары адамгершілік сананы қалыптастырудың өзекті мәселелері бойынша баяндамалар тыңдалды.

Жерлесіміз Мәлік Ғабдуллиннің туғанына биыл 108 жыл толды. Аталмыш жиын төңірегінде аты аңызға айналған нар тұлғаның майдандағы ерлігі дәріптелді. Мәлік Ғабуллин 1941-1943 жылдары Мәскеуді неміс-фашист басқыншыларынан қорғау кезінде Иван Панфилов атындағы 316-атқыштар двизиясының батыр жауынгері, ротаның саяси қызметкері болды. 1943 жылдың 30 қарашасында Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, 1946 жылы елге аман-есен оралған соң әдебиет саласына сүбелі үлес қосты. Жерлес батырдың есімін мәңгі ұлықтау мақсатында түрлі мекемелерге оның есімі берілді. Қазір облыс орталығында батырдың музейімен қатар, 1 мектеп және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау академиясы 2021 жылдан бері Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады.

Сөз арасында академия бастығы полковник Ерлан Әлібекұлы «Азаматтық қорғау академиясына Мәлік Ғабдуллиннің аты берлігені біз үшін үлкен мәртебе. Атамыздың ерлігі, бейбіт күнде істеген қызметі туралы біз әрқашан өзіміздің курсанттарға айтып отырамыз. Бұл деген біздің курсанттарға үлкен рух береді» дей келе, алдағы бір айды Мәлік Ғабдуллин айы деп жариялауды ұсынып, батырдың еңбегін дәріптеу туралы бірқатар ойларын ортаға салып, қызметкерлеріне тапсырмалар берді.

Жыл сайын дәстүрге айналған батырдың рухына тағзым етіп, еске алу шаралары жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу, Мәлік ағамыздың ерен ерлігі, халық үшін атқарған айтулы еңбектерін жас ұрпаққа ұдайы насихаттау болып табылады. Іс-шараның нәтижесінде оқылған, тыңдалған баяндамалар негізінде семинарға қатысушылар Мәлік тұлғасының жылдар өтсе де мәнін жоғалтпай биіктей беретінін түсінумен бірге, батыр-ғалым М.Ғабдуллиннің сан қырлы адами болмысынан үйренеді және соны бойларына сіңіреді.

Сонымен бірге, семинар соңында бейбіт күнде үш адамды өрттен құтқарып, ерлікпен қаза тапқан тағы бір батырымыз, академик түлегі Асқар Зәбикулинді еске алуға арналған «Жас қаламгер» жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары да марапатталды.

ІІ. Ұрпақ тәрбиесіне жол мен жөн көрсететін құнды еңбек

Қазақтың  даңқты ұлдарының бірі, Кеңес Одағының Батыры, ғалым, педагогика ғылымдарының академигі Мәлік Ғабдуллиннің  «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты кітабы 1966 жылы Алматы қаласының  «Мектеп» баспасынан жарық көрген еді. Сол заманғы кері саясаттың қыспағына қарамастан батыр атамыз осы еңбегін жазып қалдырғанының  өзі ерлікке пара-пар жағдай дер едік.

Академик педагогикалық еңбегінде жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде қазақ халық ауыз әдебиетіндегі батырлық жырларын пайдаланудың тиімді жолдарын көрсетіп кеткендігін бүгінгі еліміз бағалауы тиіс. Әрине, цензураның ықпалымен жазылғандықтан ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер толық қамтылмағаны да аян. Десе де, қазіргі руханиятқа жол сілтеп, бағдарын көрсеткен тағылымды еңбек Кеңес дәуірінде жазылғанымен, ондағы айтылған түйін, бала тәрбиесіне арналған ұлағатты ойлар бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның, атап айтар болсақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жас ұрпақтың тәрбиесі – адамзаттың елеулі тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Кез-келген халық ұрпақ тәрбиесін – ұлттың тағдыры, болашағы деп біледі. Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін», – деген тұжырымы мен  тұшымды ойымен үйлесіп жатқаны анық. Осы орайда, Мәлік Ғабдуллиннің этнопедагогикалық және әдеби мұраларын насихаттау мақсатында ағымдағы жылғы 14 қарашада М.Ғабдуллин мұражайы басшылығының және Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының ұйымдастыруымен «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» кітабының негізінде шыққан «Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық болмысқа» атты еңбектің тұсаукесері өтті. Ұлттық тәрбие бағытындағы аталмыш еңбекті жаңа заман талабына сай қайтадан өңдеп шығару идеясы ұзақ жылдар бойы музей басшылығы мен қызметкерлерінің, зиялы қауымның көкейінде сақталып келген. Соның сәті биылға түсіп, Ақмола облысының әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауының нәтижесінде «Көкше-Полиграфия» баспасынан 500 дана тиражбен жарық көріп, оқырман қауымға жол тартып отыр. Басылып шыққан жаңа тәрбиелік маңызы зор еңбектің негізін батырдың «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» кітабының ықшамдалған нұсқасы, оған қоса, еліміздің белгілі ғалымдарының бала тәрбиесі туралы жазған мақалалары және халқымыздың тәлім-тәрбиеге арналған мақал-мәтел, нақыл сөздері қамтыған. Көпшілік қауымға, студенттерге, ұстаздарға, ата-аналарға бағытталған бұл кітап жас буын, өскелең ұрпақты адамгершілік пен ұлттық рухтық, тәлім-тәрбиеге жетелеудің, үйретудің баға жетпес қайнар көзі болып табылатынын қолына алып оқыған жан сезінбей қоймайтындығы сөзсіз.

Кітаптың тұсаукесеріне арналған іс-шараға кітапты құрастырып, редакциялауын басқарған ақын, жазушы Ерболат Баятұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек, М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын мамандандырылған гимназиясының оқытушысы Шаттық Қарасартова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, шараның өтуіне мұрындық болған музей директоры Кенжебай Мұқышев және зиялы қауым, БАҚ өкілдері мен кітапқа мақалалары енген ғалым қаламгерлер қатысты. Рухани маңызы бар шара барысында, кітаптың тұсаукесер лентасын қиғаннан кейін, шақырылған қонақтар мен зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, Мәлік атамыздың ерлік істерімен тағылымға толы еңбек жолдарынан сыр шертті.

Өз кезегінде сөз алған драматург Жабал Ерғалиұлы, қазіргі уақытта бала мен ұрпақ тәрбиесінің күйіп тұрған мәселе екенін айтып, осы тұрғыдағы қоғамдағы келеңсіз жайттарға тоқтала келіп, Мәлік Ғабдуллиннің еңбегін жаңғыртып, жаңа заманға сай бала тәліміне үлесін қосатын «Ұрпақ тәрбиесінен ұлттық болмысқа» кітабын шығарған ұжымға алғысын білдіріп, ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, музейді бұрынғы жылдары басқарған, сол кезде осы шараға арқау болған «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» кітабын қайтадан басып шығару идеясының бастамашысы болған айтыскер ақын Құдайберлі Рахымбекұлы да өз сөзінде бұл кітаптың басылу жолындағы болған оқиғалармен бөлісіп, ендігі уақытта осы қалыпта тоқтап қалмай, тұсауы кесілген жаңа еңбектің негізінде аудандар мен ауылдарда, мектептерде экспедиция жасап, ата-аналармен жаңа Қазақстанның ұрпағының қандай болуы керектігін көрсететін конференциялар, іс-шаралар өткізуді ұсынды. Оған қоса, 2025 жылы Мәлік Ғабдуллин музейінің 30 жылдығы мен батырдың туғанына 110 жылдығына арнап, Мәлік Ғабдуллин энциклопедиясын шығару, республикаға танымал ғалымдар мен белгілі тұлғалардың қатысуымен кең көлемді конференция өткізу, мерейтойын атап өтудің маңыздылығын тілге тиек етті.

Ұлттық тәрбиеге жол сілтеп, ел болашағына өшпес мұра қалдырған Кеңес Одағының Батыры, сонау қилы заманда соғыс өртінде жүріп, қазақтың намысын жықпай, бабаларымыздың ерлігін ұран еткен Мәлік атамыз аталмыш кітабында тәрбиенің маңызы халықта екенін баса айтқан. Әсіресе, жаугершілік заманда өмір сүрген көшпелі халық рухы биік, арманы асқақ, мақсаты айқын азаматтықты алға ұстап, соларды үлгі еткендігін, қазақтың батырлық ертегілері мен қаһармандық эпосынан байқауға болатынын айқын жеткізіп кеткен. «Ұлттық тәрбие ақсады» деп ұрандауға болмайтын сол заманда қазақтың ұлттық тәлім-тәрбие дәстүрлігін жаңғыртудың, соны жас ұрпақтың бойына дарытудың нәзік жолдарын қарастыру қажет болғандай. Міне, осы мақсатты іске асыру жолындағы Мәлік Ғабдуллиннің осы кітабы күні бүгінге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ дей аламыз», – дейді, кітаптың алғысөзін жазып, қаламгерлік үлесін қосқан философия докторы Е.Баят.

Иә, расыменде халымыздың ұлттық тәрбиесі мен тәлімі – болашақ ұрпақты сақтап қалудың, ұлттың ұланы етіп өсірудің бірден-бір жолы екендігін сезінер уақыт жетті. Жаңа заманның даму үрдісіндегі жат ағымдағы мәдени, діни бөлінулер қазақы қалпымызға қауіп төндіріп тұрғаны өтірік емес. Ұлттық тәрбиенің ұлағатын бойына сіңірген, ата-баба рухын, салт-санасын, тарихын, тілін, дінін, болмысын өзіне ұстаным, үлгі еткен ұрпақ қана азбайды  һәм жоғалмайды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар