Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Депутат болу –  мансап емес,   депутат болу – еліме пайдамды тигізу» - АРҚА АЖАРЫ

«Депутат болу –  мансап емес,   депутат болу – еліме пайдамды тигізу»

 Нұрлан Есіркепұлы Тәжин орта мектепті тәмамдап, еңбек жолын комсомол-жастар бригадасында шопан, құрылыс учаскесінде жұмысшы болып бастаған. Кеңес Одағы әскерінің қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен соң, ата-анасының ізін басып, мұғалімдік кәсіпті таңдады. С.Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Аманкелді, Шалқар, Абай мектептерінде мұғалім болып, кейін Дружба орта мектебінде директор  лауазымын атқарды. 1995 жылы Қорғалжын аудандық білім бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1998 жылдан қазіргі уақытқа дейін білім беру қызметкерлері кәсіподағының Қорғалжын аудандық кеңесінің төрағасы. 2006 жылдан осы күнге дейін Қорғалжын ауылындағы мектеп-гимназияның директоры қызметін де жемісті атқарып келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Педагогика саласындағы атқарған еңбегі мен жұмыс нәтижелері үшін бірқатар аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына ие болды.

Жуырда елімізде 2023 жылдың наурыз айында өткен барлық деңгейдегі депутаттар сайлауында өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түсіп, Ақмола облыстық мәслихатына Астрахан, Егіндікөл және Қорғалжын аудандарынан сайланған, осы қоғамдық қызметте тәжірибесі мол, іскер азаматтың бірі, зерделі педагог, Қорғалжын ауданының Құрметті азаматы Нұрлан Есіркепұлы Тәжинмен сұхбаттасқан едік.

–Нұрлан Есіркепұлы, Сіз қырық жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар білікті ұстазсыз. Әсіресе, Қорғалжын ауылының мектеп-гимназиясына сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Олай болса, оқу орнында соңғы жылдары қандай жұмыстар атқарылды? –Рахмет. Қорғалжын мектеп-гимназиясына директор болып келгенде шашыраңқы шаруа шаш-етектен болатын. Бірақ, менің басты мақсатым оқушыларыма сапалы білім алулары үшін лайықты жағдай жасау болды. Осылайша мектептің оқушыларға жайлылығын арттыруда ауқымды жұмыстар басталып кетті. Бірінші кезекте 2007 жылы облыстық бюджеттен мектептің ішкі дәретхана жүйесі іске қосылды. 2008 жылы демеушілердің көмегімен мектептің спорт залы жөнделді. 2009 жылы Жол картасы бағдарламасы бойынша мектеп терезелері, 2010 жылы ішкі есіктері ауыстырылды. 2012 жылы  мектептің қасбетін жөндеуден өткіздік.  Сонымен қатар, 2013 жылы білім ордамызға  жергілікті бюджеттен модульдік қазандық орнатылды. Ал, 2015 жылы облыстық бюджет есебінен едендері ауыстырылса, 2020 жылы шатыры күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде мектебіміз келбеті жақсарған, білім сапасы атына сай, күллі облыс деңгейінде жақсы нәтиже көрсетіп отырған білім ордасына айналды. –Осы ретте бір сұрақ туындап отыр. 2020 жылы  Ақмола облысы әкімінен  «Орта білім беретін үздік ұйым» деген атақпен 22 627 000 теңгенің сертификатын ұтып алдыңыздар. Осы туралы айтып өтсеңіз. –Шынымен де, бұл мектеп тарихында да, аудан тарихында да болған үлкен жетістік. Бұл тек менің ғана емес, біртұтас ұжымның еңбегі деп білемін. Яғни, менімен қызметтес ұстаздар қауымының маңдай терімен келген жемісті жұмыс нәтижесі. Мұның артында үлкен еңбек жатыр. Және біз осы марапатты алу арқылы Қорғалжын ауданының білім саласы облыс деңгейінде де, республика деңгейінде де осал емес екенін дәлелдедік деп ойлаймын.

–Ұжымның еңбегі дедіңіз. Демек, кадрға келгенде талапшылсыз ба? Себебі, осы секілді үлкен жетістіктер тек сапалы, білімді мамандардың арқасында келеді емес пе?

–Дұрыс айтасыз. Кадр мәселесіне келгенде талапшылмын, қаталмын деп айта аламын. Алайда, өзімнің әріптестерімді ешқашан үйретуден жалыққан емеспін. Әрқашан, білгеніммен бөлісіп, мектепте менен кейін де мықты маманның отыруын қамтамасыз етуім міндетім деп білемін. Менің түсінуімше, ұстаз үнемі ізденісте болуы шарт. Ол заман ағынымен қатарласып жүзсе, оқушыларға берген білімі де сіңімді, ұғымды болады деп ойлаймын.

–Алайда, ұстаздық жолында жүріп, депутат болу қиын емес пе? Себебі, осыған дейін бірнеше мәрте Қорғалжын аудандық мәслихатының депутаты болып та сайландыңыз.

–Мен үшін депутат болу мансап емес, мақсатым, еліме пайдамды тигізу деп айтып жүргенім рас. Себебі, аудандық, облыстық деңгейдегі депутаттар ақысыз еңбек ететін, қоғамның мүддесі үшін жұмыс атқаратын адамдар.  Мысалы, маған Астрахан ауданы бойынша екі депутаттық сауал түсті. Ол Өрнек ауылының негізгі мектебінің шатырын жөндеу және  Жаңа бірлік ауылының жолын жөндеу мәселелері, тағы басқа сауалдары баршылық.  Мектеп мәселесі шешімін тапты. Ал, жол мәселесі алдағы уақытта ретке келетін болады. Депутат болып сайланғаннан бері назардағы басты мәселе ауыз су болып келеді. Осы жылы Қорғалжын аудандық мәслихатының төрағасы Берік Оралбайұлы Рыспаевпен бірге сол кездегі Экология министрі Зульфия Сулейменованың қабылдауында болдық. Қорғалжын және Егіндікөл аудандарындағы су проблемасын дәйегіне жеткізе түсіндіріп, нәтижесінде іргедегі Егіндікөл ауданына 64 шақырым жаңа су құбырын жүргізу жұмысы басталып кетті. Ал, Қорғалжын ауданы бойынша су мәселесі  келер жылы шешіледі деген ойдамыз. Осы ретте, мен депутат ретінде жүйелі түрде облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысымен тікелей байланыс жасап, ақпарат алмасып тұрамын.

–Мемлекет басшысының саясатын қаншалықты қолдайсыз? Осы тұрғыдағы өз ойыңыз?

–Менің ойымша тарих уақыт өте әр билікке өз бағасын береді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бастап президенттік өкілеттілігін атқарып келеді. Байқасаңыз, мемлекет басшысы барынша ашық саясат жүргізуде. Кезіндегі оппозиция өкілдеріне парламентке жол ашты. Бұл да бір саяси жаңашылдық. Оған қоса, Президент Қазақстанда маңызды саяси, әлеуметтік, экономикалық реформаларды жүзеге асырып, мемлекет пен халықаралық саясатта болып жатқан істерге қатысты маңызды шешімдер қабылдады. 2023 жылдың жаз мезгілінде Мемлекет басшысы бірнеше маңызды істерді атқарды, Ұлттық құрылтай мен ШЫҰ саммитінде баяндамалар жасады. Бұл мемлекет үшін маңызды жұмыстар деп білемін.

–Ертеңгі келешегіміз – жастарға не айтар едіңіз?

–Мен бала кезімде Джек Лондон деген ағылшын жазушысының 14 томдық шығармасын оқып шыққан едім. «Абай жолы» мен «Қан мен тер» тәрізді қазақ әдебиетінің теңдесі жоқ классикалық шығармаларын әр қазақтың баласы оқуы керек деп есептеймін. Тоқ етерінде жастарға интекллектуалдық потенциалды барынша жоғарылату  керек деп ойлаймын. Демек, кітапты көп оқу керек. Бұлай деуімнің себебі, қазір гаджеттер заманында жас буын  кітапқа ден қойып, оны сүйсініп оқуды шетте қалдырғаны шындық. Бүгінгі күнгі бір «әттеген-ай» осы болар?! Сондықтан, жастарға кітапты үзбей оқуға кеңес беремін. Кітап оқыған адамның таным-түйсігі дамып, жан дүниесі кең болады.

–Бізге уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз. Еңбегіңіз жемісті болсын!

 Әңгімелескен Ботагөз СЕМБАЙҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар