Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасы бойынша облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Нұресіл ауылының №48 орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына тексеру жүргізді.
Тексеру барысында мердігер ұйыммен екі жылға жалпы сомасы 398 миллион теңгеден астам келісім-шарт жасалғаны анықталды.
Биылғы жылдың жұмыс кестесіне сәйкес еден төсеуді аяқтау, жылыту және желдету, су құбыры мен кәріз, электр қуатымен жабдықтау және электр жарығын орнату, терезелер мен есіктерді ауыстыру қажет болатын. Алайда, бұл жұмыстарды жүргізу кестесінде 46 күнтізбелік күнге артта қалуға жол берілді әрі санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың бұзылуы орын алды.
«Тексеру нәтижелеріне сәйкес «ГрадСтройСервис» ЖШС-іне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама ҚР ӘҚБтК 312-бабының 2-бөлігі (жобадан ауытқу) және ҚР ӘҚБтК 315-бабы (құжаттаманың болмауы) бойынша шаралар қабылдау, яғни, айыппұл салу және лицензияны тоқтата тұру үшін сотқа жіберілді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы мердігерге нұсқама берілді», – деп атап көрсетілген облыстық басқарманың берген мәліметінде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.