Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тілі тұғырлы ел ғана биіктен көрінеді - АРҚА АЖАРЫ

Тілі тұғырлы ел ғана биіктен көрінеді

Осындай тақырыпта Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Достар» мәдениет сарайында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында   мәдени іс-шара болып өтті.

 Тағылымы мол танымды іс-шараға Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нұғыманов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің философия докторы (PhD), профессор, ақын-жазушы Ерболат Баятұлы, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, айтыскер ақын Әлібек Серғалиев және басқа да өңірімізге танымал зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты. Жиын барысында мемлекеттік тілді дамытуға өз үлесін қосып жүрген бірқатар тіл жанашырлары марапатталды.

Жиынды еңбек ардагері, белгілі қаламгер Қаратай Бәйкенұлы жүргізіп отырды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин өңірімізде мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтіп, алдағы жоспарлармен де бөлісті.

– Тіл – ұлтымыздың рухы, қазынасы, халқымыздың рухани қуатының негізі. Ғасырлар бойы талай қиындықты басынан кешірген халқымыздың өз қасиетін жоғалтпай, ұлттық болмысын сақтап қалуына  тіліміз тірек болды. Еліміз қарыштап дамып, озық елдердің қатарына жетуге ұмтылуда. Осы биік мақсатқа жету жолында бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін аса маңызды фактор мемлекеттік тіл екендігі белгілі. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған бай да көркем ана тілімізді болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру біздің қасиетті борышымыз. Биыл Түркістан қаласында өткен  Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілінің қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз» деп айтқан болатын. Сондай-ақ, жуырда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының Х-шы Саммитінде Мемлекет басшысы Түркі елдерінің ынтымағын нығайтып, өзара сенім мен бауырластыққа  негізделген бірлігімізді сақтап, өскелең ұрпаққа табыс етуіміз керек деген болатын. Халқымыздың ұлттық құндылығының  негізі мемлекеттік тіл екені бәрімізге анық, – дей келіп, ол тілге деген қызығушылық пен құрмет алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты екендігін баса айтты. Одан әрі өз сөзінде қазақ балабақшаларындағы тәрбиешілердің бүлдіршін балалармен өзге тілде сөйлейтіндігін сынға алды. Осы мәселеге байланысты облыстық ішкі саясат басқармасы мен білім басқармасы бірлесіп арнайы мониторинг жүргізіп, жүйелі жұмыс жасалып жатқан көрінеді.

– Осы жуырда ғана Зеренді ауданында болған бір мәселені тілге тиек ете отырайын. Сол елді мекендегі балабақшалардың бірінде қазақ тобында  мемлекеттік тілді жетік меңгермейтін бір тәрбиеші білім берсе керек, кейін оның орнына қазақ тілін жетік меңгерген тәрбиеші орналасып, алдында олқылық жіберген әріптесінің орнын толтырып, қазіргі таңда сол топта тәрбиеленіп жүрген бүлдіршіндердің барлығы қазақша сөйлеп кеткен екен, – дейді басқарма басшысы. Жиында жасалған баяндамаға тоқталып өтетін болсақ, облыстағы мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде  тәрбие алып жүрген бүлдіршіндердің саны 78 пайызға артып отыр.  «Алдағы уақытта бұл көрсеткішті көбейтуге баршамыздың ат салысуымыз керек» деді Алмас Аянұлы.

Өңірімізде мемлекеттік тілді оқыту орталықтары да жүйелі жұмыс істеуде. Мәселен, соңғы үш жылда тіл оқыту курстарына тартылған тыңдаушылар саны 51 пайызға, ондағы мемлекеттік қызметшілер үлесі 14 пайызға артып отыр. Жалпы, облысымызда тіл саясатын насихаттау мақсатында былтыр екі мыңға жуықіс-шара өткізілсе, биылғы жылдың он айының көрсеткіші бойынша екі мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылған. Яғни, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш әлі де  өсе түсетіні анық.

– Тіл тағдыры – ұлт тағдыры, ал ұлт тағдыры мемлекетіміздің тағдыры деп ойлаймын, – деп бастады сөзін Ермек Нұғыманов ағамыз. – Үйдің іргетасы қалай болса, мемлекетіміздің  іргетасы солай қаланады. Біз мемлекетіміздің іргетасын  қалап жатқан жандармыз. Бұл – қазақтың мемлекеті, бұл – ұлттық мемлекет. Қазақстан халқы Ассамблеясы  туралы да қазіргі таңда әртүрлі пікірлер айтылып жүр.  Біреулер қажет ұйым десе, енді біреулер «үй ішінен үй тігіп…» дегенді алға тартады. Бұл пікірлердің оң-терісін уақыт еншісіне қалдыру керек деп ойлаймын. Көп жерде елімізде 124 ұлт өкілі бар деген мәлімет жүреді. Сол ұйыммен біте қайнасып жұмыс істеп келе жатқан адам ретінде менің айтпағым,  Қазақстанда 124 этнос өкілі тұрмайды! Қазақстанда көп болса, мыңнан артық халқы бар, бар-жоғы 20 этнос өкілі бар. Қалғандары бір адамға байланысты алынған деректер. Яғни, ана бір ауылда жалғыз чукча тұрса, соны бір этнос өкілі деп санды көбейту үшін, баяғы кеңес заманынан келе жатқан Қазақстан халықтар достығының лабораториясы деген үрдіс бойынша есепке алынған ғой. Тағы  бір мәселе бар, қазіргі таңда Қазақстанда тұрып жатқан халықтың 70 пайызы қазақ. Міне, көшеде он адам тұр делік, оның жетеуі қазақ деген сөз, – дей келіп, Ермек Бекенұлы облыстағы барлық балабақшаларды мемлекеттік тілге көшіру туралы ұсыныс білдірді.

Іс-шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Ерболат Баятұлы мемлекеттік тілдің адам өміріндегі орны туралы салмақты да салиқалы, пәрменді ойларын ортаға салып, жиналған қауымды тәнті етсе, Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты Әлібек Серғалиев өз сөзінде солтүстік өңірлерде тіл саясатын дамытуға арналған бөлек бағдарлама қажет екендігін баса айтты.

Сондай-ақ, іс-шарада Көкшетау қаласындағы № 1 мектеп-гимназиясының мұғалімі, «Тіл шебері» облыстық байқауының жеңімпазы Нилуфар Амирасланова және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының І курс студенті Нұрсұлтан Айдосұлы Аманхос сөз сөйледі.

Жиын соңында мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлер Ақмола облысы әкімі орынбасарының және ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың қатарында Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің аға ғылыми қызметкері Гүлзира Сәбитова,  Көкшетау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру  және спорт бөлімінің бас маманы Ақбота Тәшенова,  Бұланды ауданындағы «БИС» жарнама агенттігінің басшысы Төлеу Дүйсенбай  және тағы басқалары бар. Мәдени іс-шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Рамиль ДУСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар