Жанарымның жарығын молайтып…

Адамның көз жанары солғын тартса, өмірдің саған кесе-көлденеңдеткен бір қиындығы сол. Бұл арада мен жас егде тартқанда байқатпай жүріп дендейтін көз ауруларын айтып отырмын. Осындай бір кедергіге тап болған жанның бірі өзіммін.

Жанарым солып қала ма деп тайсақтаумен күн өткізіп, соның алдын алу үшін шама-шарқымша дәрігерлерге көрініп жүрген күндерім де аз емес. Ақмола облыстық көп бейінді ауруханасының көз ауруларын емдейтін бөлімшесінің де шипалы емі біраз жағдайымды жеңілдетті. Ондағы дәрігерлер мен өзге медициналық қызметкерлердің өз жұмыстарына ықтияттылығы мен мейірімділіктеріне риза болып, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бетінде аналық ақ алғысымды білдірген кезім де болды.

Бірақ, көз ауруы деген кінәратқа үнемі жіті ем, ұқыпты көзқарас керек. Сол оймен сырқатымның әр жағын ойлап, «Құрмет Белгісі» орденді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтына да көрініп, ем алып келдім. Сол емімнің көңілімнен шыққанына риза болып, тағы да Арқаның іргелі газеті арқылы осы мекеменің дәрігерлеріне ақ алғысымды білдіргенді жөн көріп отырмын.

Алдымен мұндағы неше бір көз ауруларымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген мендей дімкәс жандарға алғаусыз жылы ықылас пен оң қабақты бірден тілге тиек етсем деймін. Содан соң небір білікті мамандардың көрсеткен жоғары сапалы медициналық көмегі де әркез ойыңнан шығып жатады.

Осы ретте, емдерінің мың да бір шипалылығын өз басым жақсы сезінген жоғары санатты офтальмохирург, витреоретинальді микрохирург, күндізгі станционардың меңгерушісі Алмат Жұпарбайұлы Жанысбаев, офтальмохирург, лазерлі хирург, консультативтік-диагностикалық бөлімшенің меңгерушісі Руслан Әділұлы Жақыбеков,  офтальмохирург, күндізгі стационардың дәрігері тура Валентина Анатольевна Ким, осындай қызмет атқаратын тағы бір адам жанының арашашысы Санжар Едігеұлы Абдыхаров, аға медбике Гүлзайра Мұхтарқызы Досова, медбикелер Мейрамгүл Қасқырбайқызы Жәмиева, Ирина Андреевна Минякова, тағы басқаларына шынайы көңілімнен шыққан алғысым шексіз.

Әрине, бір жабысқан аурудың адам бойынан шығуы қиын. Алайда осы бір өз парыздарына адал, жаны жайсаң жандардың білікті емі, шипалы қолымен  өз-өзіме әжептәуір келіп қалдым. Бұл дүниеде жалғанда жанарың сау болсын. Баршаларыңызға осыны тілей отырып мен атап өткен астаналық көз дәрігерлері де, олардың көрікті Көкшедегі өзім қаралып, көзімді емдетіп жүретін ақ желеңді әріптестері де халыққа аянбай қызмет көрсетіп, ел алғысын арқалай берсін деймін! Бұл менің әрдайым осы бір асыл жандардың шапағатын көріп, соған тәнті болып келе жатқан аналық ақ тілегім мен жүрекжарды лебізім.

Әсия ҚАБДЕНОВА,
еңбек ардагері, зейнеткер ана.

Теңдік ауылы,
Тайынша ауданы,
Солтүстік Қазақстан облысы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар