Әдебиеттанудың майталман білімпазы

Сынапша сырғып,сағымдай бұлдырап, атқан оқтай, соққан желдей, аққан селдей, шапқан аттай жүйткіген уақыт атты ұлы күшті жұмыр басты пенде атаулының тоқтата қояр күш-қуаты,құдыреті жоқ екені әлмисақтан аян. Уақыт ұшқыр,уақыт жылдам. Кешегі ибалы бозбала, күш-қайраты бойында тепсінген жас жігіт бүгінде өмірден көргені де, түйгені де білгені де мол жігіт ағасы,ақсақал жасына жетіп отыр. Ол – бүгінде ортамызда жүрген – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, қазақ әдебиеті тарихын зерттеуші, ұлттық шешендік өнердің тарихы мен теориясын зерделеуші, өлеңтанушы, аудармашы Серік Негимов ағамыз.

Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,

Өткіздік бір нәрсеге болмай жетік, –

деп хакім Абай толғағандай кім-кімнің де бұл өмірде әттеген-айлары мен сан соқтырар өкініштері аз болмаса керек.Дей тұрсақта өмір ағысын дұрыс таңдай алған,таза еңбектің арқасында өмірлерін мәнді де мағыналы өткізген жандардың өксікті өкініштерінен гөрі мерейлі шақтарының да мол болатыны жасырын емес. Соның бірі бүгінде қазақ әдебиеттануының қара нары деуге боларлық, еңбекқор тұлға, көрнекті ғалым, тағылымды ұстаз, білім көкжиегі ұлан-ғайыр эрудит, білімпаз ағамыз Серік Негимов. Секең өзінің еңбекқорлық қасиетімен өзінен кейінгі жастарға үлгі бола отырып, қазақ әдебиеттану ғылымында, әсіресе, өлеңтануда өзінің ерен еңбегімен терең із қалдырып отыр.

Талант қуаты ерекше,қажырлы ғалымның қаламынан төрт жүздей ғылыми, әдеби-сын мақалалар мен рецензиялар туды. С.Негимовтің ғылыми өрісі сан алуан. Олар :ұлттық поэтика, ақын-жыраулар поэзиясы, қазіргі қазақ лирикасы, өлең құрылысы, риторика.Ғалым бұл салаларда күн құрғатпай, күні бүгінге дейін тұжырымды дүниелер жазып келеді. Бұл дүниелерінде көңіл аударатын,ғылыми мәні бар тұжырымдар мен ой-топшылаулар жетерлік. Соның бірі өлең тудыруға қажетті элементтің бірі –ырғақ мәселесі.

Осы ырғақтың прозада да алар орны үлкен екенін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының тіл кестесін талдауға байланысты былай білдіреді: «Ежелгі түсінік бойынша прозада ырғақтық өрнек-үлгілер кездеспейді, алайда эмоционалдық,логикалық,психикалық паузалар сөйлемдерді мөлшерлес, шамалас етіп жіктеп бөлетіндігі бар. Прозаның ырғағы күрделі, айқындап ажырату оңайға соқпаса да,өлең сөздің ырғағындай бағана-бағана боп тұрмаса да, Әуезов сөзінің кестесі мәнерлі, ажарлы түзілген. Сөз өнерінде проза мен поэзияның бір-бірімен жақындығын ескерсек, Әуезов осы екеуінің басын табиғи түрде, бір арнада тоғыстырған.

Әуезов прозасында өлеңнің ұйқасты, ырғақты кестесі, поэзиялық тәртіп-түзіліс, симметриялық-пропорциялық құрылыс, үндестік пен үйлестік, синтаксистік жағынан ұқсас түзушілік өлшем сақтаушылық, өрнектілік, әуен келісіміне, дыбыс жүйесіне, ырғақтық-синтаксистік бастамаларға құрылған» – дей келіп, Әуезов стиліндегі сөз үйлестіру, ұйқас құру ерекшеліктеріне байланысты былай дейді: «Сөз үйлестіру, ұйқасқа құру, ырғақ мүсіндеу–Мұхтар Әуезовтің сүйікті мәнері. Салиқа қыздың дауында Абай атынан аталған сөздер өрнектілігімен өзгешеленеді. Мысалы: «…Жаңа тілегін жас көңілімен айтады.Жас ұрпақтың талабымен айтады». «Тағдыры бір жазаланған  қыз; Теңінен айырылып,тілегінен кесілген қыз». «Бұл ақ ноқта емес,қайта айтамын-хан ноқта». «Біржанға екі күймек-әділет емес. Бір қыздың екі сатылмағы жол емес».

Ғалым романдағы бояуы қанық, кестесі жатық, жарасымды дыбыстарға негізделген сөздер, мағыналық жүгі зор тармақтар ой-қиялдың жойқын күштілігі мен ақындық зерденің зергерлік қасиетімен шебер қырланып,сомдалып шыққанын, Мұхтар Әуезов прозасының өлең жүйесіндегідей жүйелілік пен тәртіпке бағынудың өзі суреткердің ішкі толғаныс-тебіренісі мен жан-сезімі дүниесіне тән құбылыс екенін айтады.

Ғалымның бұл тұжырымдарынан ырғақ, ұйқас, үндестік пен үйлестіктің поэзия поэтикасы ғана емес, проза поэтикасына да жат еместігін ұғамыз. Ойды көркем, образды жеткізуде сүйенетін тәсіл-ырғақ болса, мұны суреткердің романда мықтап пайдаланғандығын: «Осында синтаксистік параллелизм мен қайталанушы түрде,дыбыс келісімі мен ұйқасқа құрылған тұстар мол. Татьяна әнінің тууы туралы тарауы-өлең кестесіндей әсерлі, әсем, көрікті. Пушкиннің қазақша жырлануы, орыс, Европа мен Шығыс халықтарының ғылымы мен мәдениетін тұтастай бойына дарытқан ұлы Абайдың ақындық алып жүрегінің жылуы мен жарығынан нәр алып, қазақы әуенмен шырқалуы–сахара тірлігінде ірі өзгерістің,айтылуы жаңалықтың бірі болды. Халықтың рухани-мәдени дүниесінің гүлденіп-көріктенуіне себепкер болды. Күншығыс Күнбатысқа айналды… Күмістей жарқырап туған жырдың аршынды қадамын, рухани самғауын суреттейтін «Ақшоқыда туған өлең»… деп басталатын абзацта сөздердің үндесе байланысуы, яғни, ұйқасқан тармақ, дыбыстарының табиғи жайғасуынан туған-үйлескен дыбыс, ырғақтық мүшелену, пластикалық толқындану бар» – деп көрсетеді.

М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы ұйқас, өлшем, үйлесімділік, ырғақ мәселелерін қарастырып отырған ғалымның эпопеяны талдау барысындағы тілі де қасаң, құрғақ стиль емес,үйлесімді, ырғақты болып келеді.

Эпопеяға берген бағасы бар сөйлемдерінің өзі құбылысты бірінен-бірі асыра суреттейтін градациялық түзілімді, көркемдік түйдектетуді еске түсіреді. Мысалға: «М.Әуезов эпопеясы – қазақ халқының айтулы,асыл қадір-қасиеттерінің, творчестволық күш-қуатын, асқақ идеялын, сұлу ой-арманын, сәулелі, нұрлы болашағын, жарқын өмірін, қастерлі өнерін арқау еткен. Халықтың артықшылық, озық жақтары әсем бейнеленеді. Осыған орай эпопея патетикалық үн-екпін, жарқылдап көрінетін ғажайып отты ұшқындарға толы әрі гауһардай мөлдір, әсем де әсерлі, нақышталып қырналған ішкі қуат-серпінге  ие өрнекті тілді қажет етеді».

Мұхтар Әуезовтей заңғайыр жазушының көркем прозадағы зор ақындық үнін, өнерпаздық-поэтикалық қырларын талдап отырған ғалым өзінің де ақындық болмысы, көркемдік нәзік түйсігі,терең түйсігімен өнерпаздық, суреткерлік қырларын жарқырата танытады. Проза поэтикасын өлеңге тән ырғақ, ұйқас, өлшем заңдылығымен талдап отырған ғалым ғылыми стиль мен көркем стильді сәтті орайластырып, үйлестіріп жарасымды стиль тапқан. Осыған орайластыра С.Негимовтің ғылымдағы дара жолын, өзіндік ерекшелігін айтқанда, оны ғалым-суреткер демеске әддіміз жоқ. Иә,ол ғалым – суреткер. Ғалым Серік Негимовтің суреткерлік болмысы әсіресе, оның поэзия, өлеңтануға қатысты ғылыми материалдарында айқын байқалады.

С.Негимовтің «Өнерпаздық өрнектері» (1961), «Мәлік Ғабдуллин» (2001), «Ақын – жыраулар поэзиясы» (2001)  атты ғылыми зерттеулерін қазақ әдебиеті тарихының қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысында жаңаша пайымдалған құнды еңбектердің қатарында атауға болады. «Өнерпаздық өрнектері» (1996), «Мәлік Ғабдуллин» (2001) атты еңбектері қазақ әдебиеті тарихының белгілі бір кезеңдерін зерттеуге арналған. «Өнерпаздық өрнектері» зерттеуінде Д.Әлімбайұлы, Қ.Жапсарбайұлы, И.Байзақов, Ақан сері, Ы.Сандыбайұлы, Құлтума, Ш.Отызбаев сияқты әнші-сазгер, ақындықпен танылған өнерпаздардың өмір деректері мен шығармашылық мұралары пайымдалып, көркемдік-эстетикалық тұрғыда нақты да ғылыми жүйеленеді. Бұрын белгісіз болып келген тұлғаларға қатысты тың деректер де мол келтірілген. Кітап сонысымен қызықты да тартымды. Сындарлы талдаулары арқылы зерттеуші поэзияның көркемдік қуаты,стильдік болмысы, жанрлық қырларына байланысты байсалды, тұжырымды пікірлер айтқан. Кеңес Одағының Батыры, академик ұстаз, жазушы, әдебиетші, фольклоршы ғалым Мәлік Ғабдуллиннің ғұмырнамасы мен шығармашылығына арналған  «Мәлік Ғабдуллин» атты зерттеу кітабы Мәлік Ғабдуллиннің фольклор мен әдебиеттануға қатысты еңбектерін жүйелей отыра, ол мұралардың бүгінгі ғылымға да қажет мәні бар екеніне көз жеткізеді. Бүгінгі тәуелсіз әдебиеттану ғылымының дискурсында, ғылыми контексінде кеңес әдебиеттануының көрнекті өкілінің мұралары зерделеніп, нақты саралауға түсіп, құндылық қасиеттері бағамдалған.

Ғалымның нақты өлеңтануға қатысты «Өлең өрімі» (1980), «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» (1991) деген іргелі зерттеу еңбектері бар. Жалпы өлеңтануға қатысты А.Байтұрсынов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов, М.Базарбаев, З.Ахметов, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, Б.Хасанов, Т.Қоңыров еңбектерін атай келіп, зерттеуші ақын-жыраулар поэзиясы жайында: «Алайда ақын-жыраулар мұрасының образдық-бейнелілік жүйесіне (мұнда сол халықтың эстетикалық, этикалық, философиялық көзқарастары мен географиялық ерекшеліктері айқын бедерленеді), стилистикалық құбылуларына, көркемдік құрылысының ішкі иірімдеріне ғылыми-теориялық талдаулар жасалынған жоқ деуге болады» деген тұжырым жасайды.

Өзінің «Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі» (2001) атты монографиясында ғалым өзінің осы игі мұраттарын ғылыми тұрғыда іске асырған. Осы еңбек жөнінде «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы (1920-2005)» деген зерттеуінде көрнекті әдебиеттанушы ғалым Г.Пірәлі: «Ақын-жыраулар поэзиясы» (2001) кітабында олар көтерген қоғам мен тарих,адам мен оның еңбегі, ұлы тағдыры мен ұрпақ қамы, дәстүр өнегесі, тіршілік пен болмысты, көркемдік дүниетаным табиғаты мен поэзиядағы ұлттық сипаттар нақты әдеби шығармалармен ақындық өнер әлемімен байланыстырылып зерттелген. Осы ретте – «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жыр дастандары мен ақын-жыраулар Асанқайғы, Ақтамберді, Қазтуған, Доспамбет, Жиембет, Бұқар, Шортанбай, Мұрат, Дулат өлеңдері талдауға түскен. Аталған басылым халық әдебиеті үлгілерінен бастап, ұлттық-рухани дүниетаным иірімдері,қазақ өлеңінің көркемдік құрылымы мен бейнелеу жүйесі нақты әдебиеттанушылық талдауға түскен. Сондықтан, бұл зерттеуде – айтыс пен толғаудың генезисі,стилистика,поэтика тұрғысынан қарастырылған. Осы ретте қазақ өлең өнерінің қасиеті, оның негізгі даму жолдары айқындалған» деп жазады.

Бұл іргелі еңбекте зерттеуші ақын-жыраулар поэзиясындағы бейнелі сөздер табиғатын, олардың образдық-метафоралық, лексико-фразеологиялық қабаттарын айқындап, сөз-ұғымдардың, сөз-образдар мен сөз-символдардың поэзиялық қолданысы мен мағынасын талдау арқылы ашып көрсеткен.

Көркемдік заңдылықтардың тарихи негіздері, дәстүр мен жаңашылдық сипаттары түбегейлі тұжырымдалған. Бұл аталмыш көркемдік құбылыстарды зерттеуші көркемдік танымның күретамыры деп қарастырған. Зерттеу еңбектің маңыздылығы, құндылығы оның ақын-жыраулар поэзиясының образдық-метафоралық, лексикалық-фразеологиялық сөз жүйесі, сөз қабаттарын, дәстүр мен жаңашылдық сипаттарын айқын да нақты талдауларында жатыр. Ақын-жыраулар поэзиясының көркемдік мұралары ұлттық поэзия көкжиегінде, поэтикалық дискурсында зерделеніп, талдауымен құндылық сипаттарын арттыра түседі.

С.Негимов – қазақ әдебиеттануында кенже қалған сала – қазақтың шешендік өнерінің тарихы мен теориясын зерделеген бірегей еңбек- «Шешендік өнердің» (1991) авторы.

Еңбек – қазақтың ұлттық шешендік өнері мен әлемдік шешендік өнерін тоғыстыра зерттеуімен құнды. «Н.Төреқұлының «Қазақтың 100 би-шешені» (А. «Қазақстан». 1995), «Шешендік жырлары» (А. «Қайнар» 1993),Б.Адамбаев.Алтын сандық (А. Жазушы.1989), Қ.Өмірәлиев «Абай афоризмі» (А.Қазақстан.1993), соңғы жылдары жарық көрген Г.Қосымова «Қазақ шешендік өнерінің негіздері» (А. «Білім». 2003.), т.б. еңбектерде қазақтың төл тарихындағы шешендік өнер жөнінде айтылса, әдебиеттанушы С.Негимовтің «Шешендік өнер» (А. Ана тілі.1997-208-бет) атты оқу құралында ұлттық шешендік өнердің табиғаты, билер мұрасындағы шешендік өнерге қатысты ой-пікірлер таразыланады. «Би» деген ұғымның этимологиясын, шешеннің болмысын, психо-физиологиялық ерекшеліктерін, шешен сөйлеудің логикалық-композициялық құрылысын жаңаша зерттейді» делінген соңғы зерттеу еңбекте.

С.Негимовтің әдебиеттанушылық қайрат-жігерін, оның сыншы, ғалым Айқын Нұрқатовтың бес томдық еңбегін құрастырып, жарыққа шығаруынанда байқаймыз. Ғалым ағамыз әлі де өзінің шығармашылық үлкен биігінен көрініп отыр. Соңғы жылдары С.Негимов «Абай руханиятына терең бойлап, 2021 жылы Абайдың көркемдік және ғылыми дүниетанымы», 2022 жылы «Абай шеберлігі», 2023 жылы «Абайдың ғибратнамасы» монографияларын жарыққа шығарды. Ғалымның «Ә.Марғұланның 120 жылдығына байланысты» монографиясы және «М.Жүсіп ғибраты» монографиясы жазылу үстінде. Сондықтанда, ғалым ағамыздың ғылым дүниесіне берері әлі де таусылмақ емес.

Қорыта айтқанда, әдебиеттанушы ғалым Серік Негимовтің қай-қай зерттеу еңбегін алсақта, бұрынғы белгілі көркемдік мәтіндерді, байырғы поэзиялық нұсқаларды бүгінгі тәуелсіз әдебиеттану принциптері тұрғысынан, қазіргі мәдени дискурс тұрғысынан жаңаша байыптап зерттеуімен, олардағы көркемдік шарттары мен жанрдың ішкі заңдылықтарын ұлттық поязияның дәстүр аясында, ұлттық-мәдени кеңістікте жан-жақты, ұтымды дәлелдеп беруімен құнды.

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар