«Дүние дүркіреп сан өзгерсе де!..»

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ

Дала жыры

Дала заңы  бесігінде тербеген,
Қазақпыз біз қисынсызға көнбеген.
Қайсарлықтың қағидасын тереңнен,
Көне  жұртым жеткізеді желменен.

Қазақпыз біз, тек қана өрге өрлеген,
Тұлпарлары алғаш өткен кермеден.
Аяқасты етпес үшін намысын,
Тағдырдың да ырқына ерік бермеген.

Ездер өзін күнде өлтіріп, жерлеген,
Бізге Құдай ол қорлықты бермеген.
Алтын тақта отырып-ақ, бабалар,
«Сөз тиер» деп терлеген…

Біз қазақпыз жылатпаған жетімін,
Дұшпанға да келсе берген кешірім.
Жесір қалған жеңгесін де жүдетпей,
Ұмытпаған жеті атасы есімін.

Қазақпыз біз ту астынан ту алған,
Намыс кетсе уайым шегіп, қуарған.
Қазақпыз біз қан майданда  жалтармай,
Жалғыз ұлы шейіт кетсе, қуанған!

Қазақпыз біз жаумен жалғыз алысқан,
Әр жігіті жүрек жұтқан арыстан.
Қазақпыз біз жеңілмейтін тірідей,
Оқтан емес, өлетұғын намыстан!

Қазақпыз біз алдамайтын ешкімді,
Бұл фәниді деп түйетін «бес күндік».
Қолқа салса қайтармайтын меселін,
Біреу үшін тоқтататын көшкінді.

Әр ісіне құт-береке ұялап,
Көңіл құсы көкке өрлейтін қиялап.
Біз қазақпыз кеудеде жан тұрғанда,
Аманатқа жасамайтын қиянат!

Ұлы далам – үйім, төрім, мекенім,
Ұлы далам шежірешім, шешенім.
Сенен ұқтым қазақтың кім екенін,
Сенен ұқтым өмірдің не екенін!

Жігіттер қайда, сырмінез?!

 Құлшынған жасқа үлгі ме ез,
Қылады кімге кімді кез.
Жарасын жанның сездірмес,
Жігіттер қайда, сырмінез?!

Өмірден өтер мүлгіп ез,
Сезімсіз болар дүмбілез.
Тоңқаң ете қалатын,
Қайдан да  шыққан бұл мінез?!

Ұяты жоқ, ары жоқ,
Сын  көтерер халы жоқ.
Көлденеңге кезіксе,
Қайрат қылар әлі жоқ.

Тірлігінің мәні жоқ,
Жұрт сүйсінер сәні жоқ.
Намысын біреу жер етсе,
Бұрқ ететін қаны жоқ.

Семіп қалған қурайлар,
Ар-ұяттан жұрдайлар.
Болам деген жігітке,
Кез болмасын мұндайлар!

Жете алмай жүрмін Жайыққа

 Жете алмай жүрмін
Жастығым қалған Жайыққа!..
Жанымның сырын жүргем жоқ жұртқа жайып та.
Әйтеуір бір күш қиыстырмайды жолымды,
Білмеймін, солай басымнан бағым тайып па?

Алдында ардың  белшеден батып айыпқа,
Сағынышымды алдарқатсамда  байыппен.
Өтседе жылдар, сыздауын қоймай  жүрегім,
Жете алмай қойдым Жайыққа!

Тілеймін дәйім жетсем деп бір күн
Қол жайып.
Бүгінде бәлкім сағымға айналған ол ғайып.
Жеткізбей қойды анамдай алақанында,
Толқындарында тербейтін мені сол Жайық!

…Өткенге қайтып оралып қалай орнайық,
Балалық , арман, сақталып қалған ойда нық.
Қазіргі Жайық басқа балалардың Жайығы-ау,
Жеткізбес бізге, әттең-ай, әттең,  ол Жайық!

Көшпесін бізден дала мінезі

 Соңында қойдың жаяу жүрсе де,
Тұлпар мінуден күдер үзбеген.
«Даланың сырын білеміз» деген,
Дала мен қазақ – бір, егіз, деген…

Қалың жылқыдан күрең іздеген,
«Жылқының сырын білеміз» деген.
Қолыңнан берсең жүген-құрықсыз,
Асауды ұстап мінеміз, деген.

Тереңнен ойды ілеміз, деген,
«Сый-құрметпенен жүреміз» деген.
Үлкенін тыңдап, кішіні үйреткен,
Кім тең келеді,

Мына бізбенен!
Атаның жолы –адал із еді,
Көнекөз сөзі –  санамыз емі.
Дүние дүркіреп сан өзгерсе де,
Көшпесін бізден дала мінезі!

Данышпан дала сайрап тұр

 Қызынған тұлпар астында,
Ауыздығын шайнап тұр.
Көлеңке сүйем қалдырмай,
Шілденің күні қайнап тұр.

Ерулі аты жайдақ тұр,
Тағдыры жолға айдап тұр.
Елінің қамы тыншытпай,
Тәуекелге бел байлап тұр.

Ерліктің тойын тойлап бір,
Бес қаруын сайлап тұр.
Сұңғыла жігіт тыңдаулы,
Данышпан дала сайрап тұр!

Не деп кетті?

 Жоқты барға, барды жоққа шығарып,
Шақырмаған шығандарға сұранып.
Сайрап жатқан ата жолын шаңдатып,
Не деп кетті,
Не деп кетті мына жұрт?

Арам пиғыл, жаман ойын сына қып,
Қақты біреу, бұрып айтып шын атын.
Бөтен сөзге  елеңдедік сонша бір,
Өз тауымыз бола тұра шығатын?

Түк көрмеген баладайын еліріп,
Шала ұғып, шала біліп, желігіп.
Атамызбен айтысатын болдық ау,
Өңеш созып, алақ-жұлақ,  демігіп.

Ата жолын ардақтасақ –  құба-құп,
Не дүрліктік, қайдағыны шығарып?
Надандық па, мәңгүрттік пе, тал түсте,
Аласұрып,
Не деп кетті мына жұрт?!…

Қазан, 2023 жыл.

Кінәлама

 Төзімдіміз!
«Төздің» деп кінәлама,
Төзімсіздер сірә осы сынала ма?
Сол төзімдер жеткізген мұраттарға,
«Төзіңдер» деп үйреткен мына дала!

Шыдамдымыз!
Сондықтанда ел-жұртқа ұнамдымыз.
Құрметтейміз арлыны, имандыны,
Төрімізге ілеміз Құранды біз!

Көнбіс-ақпыз.
Көнбіспіз,
Құламаймыз!
Жоғымызды қол жайып сұрамаймыз.
Қиналсақ та «бір жөні болар» дейміз,
Табақ күтіп отырған құдадаймыз!

Болғандардан тек сұрап, тергемейміз,
Келгенге – кет, кеткенге – кел, демейміз.
Көп ішінде бір тентек  жүрсе қайтер,
Тиер болса, пайдасы елге, дейміз!

Қаймықпаймыз қыс, аяз, қара күз бе,
Жабыспайды жазықсыз  жала бізге.
«Арым таза болсын!» деп алаулаймыз,
Мұның бәрін үйреткен дала бізге!

Қалғымайтын қырағы қырандармыз,
Жер-жаһанды жаңғыртар ұрандармыз.
Қара жерге соғылып, қайта тұрып,
Ат жалына жармасқан ұландармыз!

Намыстымыз!
Белгі қылдық тау кезген барысты біз,
Маңдай термен табамыз табысты біз.
Баптап барып қосамыз атымызды,
Қарамаймыз ермек деп жарысты біз.

Жетімменен жесірді жылатпаймыз,
Қайыршы ғып садақа сұратпаймыз.
Өйткені біз ешқашан екінші боп,
Жеңілгенді ешқашан ұнатпаймыз!

Кінәлама!
Басқаша бола алмаймыз!
Көш соңында шаң жұтып қала алмаймыз!
Біз қазақпыз, тербеткен ұлы дала,
Сол далада мәңгі өшпес алаудаймыз!

Асылық туралы жыр

 Асқақ болғың келді ме,
Асқақтағың?
Асқақтасаң басыңнан қашпақ бағың.
Шыңға шыққан талайлар шығандамай,
Қарапайым болып тек жан сақтаған.

Сөзім емес біреуді оспақтаған,
Көгермейді халықтан алшақтаған.
Қайран біздің қазақ қой тегі керім,
Басқа жазған тағдырдан қашпақ па адам,

Не береді орынсыз асқақтаған?
Ерлігің,  не еңбегің өсірмесе,
Менмендікпен қалайша аспақ бағаң?
Жұлқынғанмен боларсың көпке мазақ,

Адасқандар алқынып  шеккен азап.
Алашы үшін игі іс атқара алса,
Кедейін де көтерген көкке қазақ!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар