Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – парызымыз

Тұтастай еліміздегі сияқты, Ақмола облысында да үшінші жыл қатарынан жүргізіліп келе жатқан осы жұмыстардың барысын мен біздің облыста құрылған арнайы комиссияның үйлестірушісі ретінде бұдан бұрын да «Арқа ажары» газетінің беттерінде тұрақты түрде жазып келемін. Осы уақыт ішінде біздің облыстық комиссия көптеп-көмектеп атқарылған жұмыстардың нәтижесінде осы орайда әлі күнге беймәлім болып келген біраз ақтаңдақтардың бетін ашты. Сөйтіп, сол тарих қойнауынан аршып алынған деректердің негізінде бес жинақ, атап айтсақ, сол жылдардағы мұрағаттық материалдар мен естеліктер кітаптары шығарылды. Республикалық деңгейде тағы үш кітап дайындалуда. Бірнеше фильм жарық көрді, конференциялар, семинарлар өтті, экспедициялар ұйымдастырылды.

Бұл орасан зор жұмыс бізге, тірілерге ғана емес, біздің ұрпағымызға, балаларымызға, сондай-ақ, осы қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарына да қажет. Бұл олар туралы естелік, сондықтан, біз тарихымыздың қайғылы беттерін есте сақтаймыз.

Лагерьлер туралы

Біз олар туралы бәрін білетін сияқтымыз… ГУЛАГ болды, Карлаг, Алжир, Степлаг және басқа да лагерьлер болды, біз тек біздің облыста жиырмаға жуық еңбекпен-түзету лагерьлерін (ЕТТ) таптық. Олар әртүрлі аталды: «нүктелер», учаскелер, аймақ, лагерьлік пункттер, еңбек ауылдары, арнайы қоныстар және тағы басқа. Бұл лагерьлерге кімдерді отырғызбаған?! Берлиндегі Гумбольдт атындағы университеттің Кеңес дәуірі туралы жазған атақты неміс тарихшысы, советологы Роберт Киндлер «Сталиндік көшпенділер. Қазақстандағы билік пен аштық» кітабында былай деп жазған: «Қазақстан 1930-1940 жылдарда Сібірмен бірге жаппай жер аударудың басты орындарының біріне айналып, «кулактар», «әлеуметтік жат элементтер», тұтас этникалық топтар (немістер, поляктар, корейлер, шешендер және т.б.), әскери тұтқындар қазақ лагерьлерінің контингентін құрады.

Бірнеше жыл ішінде лагерьлер мен арнайы қоныстардың тығыз желісі кең даланы шырмады. ГУЛАГ пен оның қоныстары тиісті комендатуралармен бірге Орталық Қазақстандағы Кеңес өкіметінің «негізі болды». Кеңес Одағы кезінде сталиндік жұмыс лагерьлерінің бес түрі болды: арнайы лагерьлер, жалпы типтегі концлагерьлер, өндірістік лагерлер, әскери тұтқындар лагерьлері, үйлестіруші лагерлер. Уақыт өте келе, бұл лагерьлер формасы, мазмұны мен контингенті бойынша әртүрлі атала бастады. Қазақ КСР аумағында орналасқан лагерьлердің нақты саны әлі күнге дейін ғалымдар арасында нақтыланбаған. Академик Манаш Қозыбаев мынадай деректерді келтіреді: «…Қазақстан аумағында 27 ГУЛАГ лагері, республиканың НКВД Еңбекпен-түзеу лагерьлерінің бас басқармасына тиесілі 70 лагері болды». Д.Шаймұханов, С.Дильманов, З.Сақтағанованың және т.б. ғалымдардың лагерьлер бойынша деректері бар. Өткен ғасырдың 30-жылдарында құрылған бұл лагерьлер 1960 жылдарға дейін жұмыс істеді. Ақмола облысының аумағындағы лагерьлерге келетін болсақ, олардың ішіндегі ең ірілері – Атбасар ЕТЛ №9 арнайы лагері немесе Целиноград ауданындағы Төңкеріс ауылының жанындағы Луговой лагері, Зеренді ауданындағы Приреченское селосының 3 бөлімшесіндегі НКВД-ның №14 колониясы, Үлгілі ауылындағы ІІМ ОЛП-3 лагері, Уголки-Ақан ауылының маңындағы «Ключи» лагері, Симферополь кентінің маңындағы «Озерное» лагері, сонымен қатар, Степняк ЛО, оған Қаззолото-Ақсу, Бестөбе, Жолымбет, Даниловка, Бөгембай, Анар станциясы, Сталин атындағы Новорыбинское және т.б. кеніштердегі лагерьлер бағынышты болды. «Степняк» Цветметзолото кен орнында, бұрынғы Қима ауданының Подгорное селосында, Жақсы станциясында, Чернозубовка селосында Рузаевка кентінің жанында, «кулактар-ауқаттылар» немесе «контрреволюциялық элементтер» деп аталатын арнайы қоныс аударушылар отырды. Мұрағат материалдары, мақалалар, тақырыптық жинақтар, очерктер, БАҚ материалдары, сондай-ақ, біздің облыс, Астана қаласы, СҚО, Қарағанды мұрағаттарының, ҚР Президенттік мұрағатының қорлары зерделенді. Сайлау құқығынан айырылған, ет, астық дайындау жоспарын орындамаған, «антисоветтік үгіт үшін», колхоздардан шығару туралы және т. б. адамдардың істері бар. 1942 жылғы Көкшетау қалалық атқару комитетінің архивтік құжаттарында НКВД-ның Карлаг жүйесіндегі лагерь базасын салуға учаске бөлу туралы айтылады. Көкшетау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 1952 жылғы жылдық бухгалтерлік есебіндегі түсіндірме жазбадан ІІМ лагерь бөлімшесі Бұлақ ауылдық кеңесінің аумағындағы Павловка ауылының ауданында орналасқанын білдік. Мамандар Қазақстанда лагерьлердің жұмыс істеуінің 4 кезеңін анықтайды: 1930-1940 жж.; 1941-1948 жж.; 1949-1953 жж.; 1953-1960 жж. Әр кезең лагерь жүйесінің дамуының белгілі бір тенденцияларымен және әр кезеңнің ерекшеліктерімен сипатталады. Соғыстан кейінгі жылдары саяси тұтқындар үшін арнайы лагерьлер құрылды, олардың ішіндегі ең танымалы ерекше лагерьлер: Песчаный, Луговой, Степной.

Ақмола облысының аумағында Еңбекпен-түзеу лагерьлері тақырыбы бойынша арнайы қорлар бар. Мысалы, Ақмола қаласы ҚазКСР ІІМ №330 Әскери тұтқындарға арналған лагерь басқармасы (1945-1947 жж.), ҚазКСР Әділет министрлігінің Степняк лагерь бөлімшесі (1947-1953 жж.), Еңбекпен-түзеу және №154 Атбасар совхоздары құрылысы лагерьлерінің басқармасы (1955-1956 жж.) туралы.

Жалпы, Қазақстандағы лагерьлер жүйесі қосымша зерттеулер мен нақтылауды қажет ететін проблемалардың бірі.

Арнайы қоныс аударушылар, жер аударушылар туралы

Ақын Олжас Сүлейменовтың мынадай сөздері бар: «Сонымен, шындық естілсін! Жазықсыз қаза тапқандардың еңіреуі мен көз жасы біздің жүрегімізге кіріп, жанымыз бен санамызда өз жаңғырығын тауып, оларды тазартсын. Болашақ үшін олар қайталанбауы тиіс!». Біздің тарихымыздың көптеген беттері ата-бабаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың, бауырларымыздың еңбегі мен қанымен жазылған. Бүгінгі өмір сүретіндер біздің тарихымыздың бағасы қандай деп ойлай ма? Біз олар үшін жасай алатын жалғыз нәрсе – тарихта болғанды ұмытпау және есте сақтау.

Әлеуметтік топтардың барлық топтарына және тұтас халыққа қарсы жаппай қуғын-сүргін Қазақстан халқы үшін үлкен қайғылы жағдайға айналды. Қарапайым адамдардың әртүрлі «эксперименттерге», атап айтсақ, большевиктердің мүлікті мәжбүрлеп тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, ауылдарда «Кіші Қазанды» орнату, «дұшпандық элементтерді» үнемі анықтау, «сергек болу және революциялық қырағылықты жоғалтпау» түріндегі жаппай науқанына, кез-келген реформаға қарсылығы мемлекет тарапынан террордың күшеюіне себеп болды, оның нәтижесінде көптеген адамдар қуғын-сүргінге ұшырады. Үш онжылдық бойы болған кеңестік арнайы қоныстандыру жүйесі – бұл әлемдік тарихта ерекше құбылыс. Тоталитарлық режим мәжбүрлі қоныс аударудың тарихи тәжірибесін «байытып», ресми түрде «арнайы жер аудару жүйелері» деп аталатын «міндетті қоныстану орындарының» бүкіл жүйесін тудырды.

1930-1950 жылдардың басында жер аударылған арнайы контингенттердің 30-дан астам топтары, жіктелуі болды (санаттар, «есепке алу түстері»). Олар көтерілісшілер, ұлтшылдар, тыңшы агенттер, «зиянкестер», диверсанттар, троцкистер, қарақшылар, бүлікшілер және т.б. деп аталды. Соғысқа байланысты республикадағы ішкі жағдайды КСРО Ішкі Істер Халық Комиссарының мемлекеттік қауіпсіздігінің майоры Бабкиннің Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Скворцовқа 1941 жылғы 3 қазандағы №0990 Кеңеске қарсы көріністері туралы баяндамасы айқын сипаттайды.

Жазбада дұшпандық элементтердің контрреволюциялық жұмысы «үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізу, арандатушылық алыпсатарлықты тарату және антисоветтік көтеріліс топтарын жинауға тырысу» деп талданған.

1940 жылдардың аяғынан бастап орталық органдарға – партияның Орталық Комитетіне, КСРО Министрлер Кеңесіне, КСРО Жоғарғы Кеңесінің төралқасына арнайы қоныс аударушылардан қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды депортациялаудың заңсыздығы туралы хаттар мен шағымдар түсе бастады. Соғыс кезінде Қазақстанға жер аударылған халықтардың қоғамдық көңіл-күйін НКВД-НКГБ арнайы хабарламалары жеткізген. Мәселен, 1942 жылғы мамырда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ІІД бастығының Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Скворцовқа арнаулы жазбасында Солтүстік Қазақстан облысының аумағында тұратын неміс және поляк тұрғындарының антисоветтік көріністері туралы, жұмыс колонналарына жұмылдырылған тұрғындардың жағдайлары айтылады. Жер аударылғандардың бірі былай жазған:

«…Еңбек лагерьлеріне шақырылғандар шыбындар сияқты аштықтан өліп жатыр, бастықтар оларды мазақ етеді, науқастар жұмысқа қуылады, ал көбісі тікелей жұмыста өледі, өлгендерді ешкім жерлемейді».

1944 жылы 19 мамырда СҚО Ұлттық қауіпсіздік басқармасының бастығы Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Скворцовқа №3/10 арнайы хабарламада «Мамлют ауданында тұратын Шешен-Ингуш АКСР-нан жер аударылған адамдар тарапынан мынадай дұшпандық сөздер айтылуда.

«…Кеңес үкіметі ЧИ АКСР жойып, барлық шешендер мен ингуштарды Сібірге каторгаға жіберу туралы қате шешім қабылдады. Бұл олардың тарапынан жасалған қылмыс. Егер бізге Кавказға оралуға рұқсат етілмесе, онда біздің халқымыздың «қасиетті қанжар» және «қан үшін қан» кегі сияқты ежелгі күрес құралдары басталады. Егер бізге қоныс аударған кезде алынған мүліктеріміз бен малдарымыз қайтарылмаса, біз қарулы жасақтар құрып, ормандарға кетеміз, ал қару-жарақты біз таба аламыз» немесе Петропавл ауданында тұрған тұрғынның сөзі:

«…Кеңес үкіметі халқымызға қатысты дұрыс әрекет жасады ма? Бізді туған жерімізден себепсіз қуды. Олар мұны өз заңдарына қайшы жасады».

Құжаттарда арнайы контингенттің осындай көңіл-күйі олардың материалдық-тұрмыстық жағдайының едәуір ауыр болғанынан туындағанын көрсетеді. Бұл көңіл-күй, қарсылық қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Кеңес мемлекетінің адамгершілікке қарсы, зорлық-зомбылық әрекетіне наразылығынан туындады.

Біз №9 арнайы қоныс аударушылар қорының «Арнайы қоныс аударуға бағытталған бақылау-қадағалау істерінің жинағын» зерделедік. Тек «немістер» санаты бойынша 36 мың іс бар, олардың бір бөлігі талданып, дерекқорға енгізілді.

Негізінен контингент құрамы мынадай: партияда емес, орта білімі бар адамдардан, әр түрлі мамандық иелері, негізінен жұмысшылар қатарынан болды: бухгалтер, тас қалаушылар, сатушылар, шұжықшы, ұсталар, комбайншылар, құюшы, балға соғушы, медбике, темір ұстасы, пеш шебері, пимокат, етікші, слесарь, ағаш ұстасы, токарь, сылақшы, жүргізуші. Ақмола облысына келген арнайы қоныстанушылардың туған жерлері сан алуан: Еділ, Балтық жағалауы, Коми АКСР, Қырым, Солтүстік Кавказ, Краснодар өлкесі, Ставрополье, Архангельск және т.б. облыстар. Арнайы қоныстанушылар «Міндетті қоныстану орындарында» бақылауда болды және оларды тастап кете алмады, сонымен қатар, көптеген істерде азаматтарға қоныс аударғанға дейін тұрған жеріне оралу құқығынсыз арнайы қоныстанудан босатылғаны туралы қолхаттар бар (босату туралы анықтама).

Поляктар туралы

Украина мен Беларуссияның шекаралас аймақтарындағы кеңес-поляк қатынастарының күрделенуіне байланысты поляктар шекара бойынан эвакуациялана бастады. 1936 жылы 28 сәуірде КСРО Халық Комиссарлары кеңесінің «құпия»түрде  «Қазақ КСР-нің Қарағанды облысына УКСР-нан 15000 поляк және неміс шаруашылықтарын аудару және шаруашылықтарды орналастыру туралы” №776-120 сс қаулысы қабылданды. Нәтижесінде Украинада 1925 жылы Житомир маңында құрылған Ю.Мархлевский атындағы автономиялық аудан жойылды. Кейінірек Беларуссиядағы Ф.Дзержинский атындағы поляк ауданы да жойылды. Сол жылдың 10 маусымында Тайынша станциясына 10479 адамнан тұратын алғашқы депортацияланған поляктардың 2142 отбасы келді, оның ішінде ерлер – 2762, әйелдер – 3054, балалар – 4663 адам. Келгендер уақытша шатырларға, саман үйлерге,казармаларға орналастырылды және жоспарланған құрылыс процесіне бірден қосылды. Поляктардың естеліктерінен: «Барлық ғимараттар шөппен бірге кесілген шым қабаттарынан тұрғызылған шымүйлер болды, төбелері боз шөбімен оқшауланған, ал үстіне саз қабаты салынған. Күзге қарай екі бөлмелі үйлер салынды. Әр отбасы отбасы мүшелерінің санына қарамастан (5-8 адам) 18 шаршы метрден тұратын бір бөлме алды. Әр отбасы пеш салып, тесіктерді бітеп, сиыр қыстайтын қора салды, ал тауықтар шұңқырда қыстады. Олар тезекпен және далада жиналған қамыспен пеш жақты. Барлық үйлер кеуіп үлгермейтін және қыста олардың ішін қырау басатын, ал көктемде шөгіп кететін».

Поляктарды қоныстандыру үшін Жаркөл, Алабота, Қарақоға,Сәуле, Қарағаш (бұрынғы Көкшетау облысының Красноармейский, Чкаловский, Келлер аудандары, қазіргі СҚО Тайынша ауданы) және т. б. фермалардың жанында 13 нүкте ұйымдастырылды.

Кейіннен қоныс аударған ауылдардың атауы өзгертілді, мысалы, Калиновка селосы –«Червонный пахарь» колхозы, Донецк селосы –«Красная Звезда» колхозы, Зеленый Гай селосы «Звезда коммуны» колхозы, Ясная Поляна – Куйбышев атындағы колхоз, Чкалово «Ленин шляхы», ал, Петровка «Кеңестің 8-ші съезі» және т.б. деп аталды.

1937 жылы «поляктарға  қарсы» саясаттың жаңа кезеңі басталды. 1937 жылы 11 тамызда КСРО НКВД № 00485 бұйрығы және «КСРО-дағы поляк барлауының фашистік-бүлікшіл, тыңшылық-диверсиялық және жеңіліске ұшыраған-террористік әрекеттері туралы «құпия хат» шықты. «Поляк тыңшылары» деген айып шын мәнінде бүкіл поляк халқын күдікке іліндірді. Кейіннен поляк депортациясының бірнеше толқыны өтті: 1938, 1939, 1940-1941 жж. 1945 жылғы 6 шілдедегі кеңес-поляк келісіміне сәйкес 52000-ға жуық поляк өз Отанына оралды, бірақ, бұл Ереже көпшілікке (бұрынғы әскери, сотталған, құжатсыз тұлғалар, 1936 жылы депортацияланған адамдар және т. б.) қолданылмады. 1959 жылғы санаққа сәйкес Қазақстанда поляк диаспорасы 53102 адамды құрады.

Жалпы, Кеңес мемлекетінің құрылысы барысында большевиктердің этникалық депортациясы билік үшін күрестің, социалистік құрылымның, идеологияның ажырамас бөлігі болды деп айтуға болады. Депортация туралы шешімдерді, әдетте, КСРО-ның орталық билігі негізінен, ОГПУ-НКВД-КГБ бастамасы бойынша қабылдады.

Зерттеуші Е.Грибанова жазғандай: «…бұл депортацияларды- кеңестік сот ісін жүргізудің құзыреті заңнан тыс қояды және арнайы қоныстар жүйесін және колониялар жүйесінен күрт ажыратады… олар адамдардың көпшілігін қалыптасқан және таныс тіршілік ету ортасынан жұлып алып, оларды жаңа, ерекше және, әдетте, олардың өмір сүруі үшін қауіпті ортаға орналастырумен ерекшеленді».

Әскери тұтқындар туралы немесе 58-бап…

Тоталитарлық сталиндік уақытта барлық кеңес адамдары РСФСР Қылмыстық кодекстің саяси  58-бабы бойынша айыптаулардан қорыққан-ды. Атышулы осы бапта Отанға опасыздық, тыңшылық, антисоветтік көтеріліс пен сатқындық қарастырылған. Осы бап бойынша адамға ең жоғары жаза – ату жазасы немесе Еңбекпен-түзеу лагерінде 10, 25 жыл мерзім, сондай-ақ босатылғаннан кейінгі қатаң шектеулер берілген. Мысалы, «101 шақырым» деп аталатын шектеу туралы айтсақ, тұтқын бостандыққа шыққаннан кейін жақын маңдағы ірі қаладан 100 шақырымға жақын тұруға құқығы болмаған. Бұл «саяси бапты» большевиктер 1927 жылы қабылдады және ол 1961 жылға дейін қолданыста болды. Зерттеулерге сәйкес, 1937-1938 жылдардағы «үлкен террор» жылдарында Қазақстанда 45 мыңнан астам адам сотталды, ал, өткен ғасырдың 20-60 жылдарында Кеңес Одағы бойынша төрт миллионға жуық адам осы баппен жазаланған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германия мен басқа Еуропа елдерінің тұтқынында болған көптеген әскери тұтқындарға 58 бап қолданылды. Әскери тұтқындар Вермахттың әртүрлі құрамдарында болды: Түркістан легионы, Шығыс мұсылман дивизиясы, РОА – Ресей азаттық армиясы, Солтүстік Кавказ легионы, Еділ-татар легионы, әртүрлі жазалаушы, полиция, шаруашылық, жұмыс бригадалары және басқаларында қызмет еткен. Біз арнайы мұрағаттар мен жабық қорлардағы материалдарды зерттедік. Ғылыми-зерттеу жұмысы барысында олар бойынша фильтрлік және трофей карточкалары, әскери тұтқындардың жеке карточкалары, жеке істер, мінездемелер, хат алмасулар, жауап алу хаттамалары, өмірбаяндар және жеке заттар, баянаттар, жоғары тұрған органдардың бұйрықтары сияқты мұрағат көздері зерделенді.

Қазақстандық әскери тұтқындардың тақырыбы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында өзекті тақырыпқа айналып, тіпті халықаралық сипатқа да ие болды деуге болады. Мысалы Ресей тарихшылары жау қолында тұтқында болғандарды ешқандай ақтауға лайық емес деп санайды. Бұл оқиғалар Украинада, Балтық республикаларында әр түрлі түсіндіріледі. Айталық, Өзбекстанда басмашылар қозғалысын өзбек тарихшылары қайта қарастыра бастады, кеңестік қуғын-сүргінді бағалау аясында оларды ақтау процестері жүріп жатыр. Басмашылық бас көтерулер «қарсыласу қозғалысы  немесе тәуелсіздік қозғалысы» ретінде бағаланады. Бүгінгі таңда қоғамда, айталық, Түркістан легионының сарбаздарын ақтауға қатысты әртүрлі пікірлер бар. Бұл тақырыпқа деген көзқарастар да әртүрлі. Тұтқында болғандардың барлығын толық ақтау туралы жақтаушылар да бар, сонымен қатар, барлық жағдайларды ескере отырып, бұл мәселеге салмақпен қарау, ғылыми көзқарас та бар екендігін айтуымыз керек. Мәселе әрине, оңай емес. Менің ойымша, біз көптеген сұрақтарға жауап табуға тырысуымыз керек, атап айтқанда: әскери тұтқындарды Түркістан легионына кіруге не түрткі болды, партизандарға, кеңес халқына, Қызыл Армияға қарсы іс-қимылдарға қатысу дәрежесі, легионның арқасында қанша сарбаз концлагерьлерде аман қалып, содан кейін Қызыл Армияның жағына өткен, соғыс ардагерлерінің, сарапшылардың осы тақырып бойынша пікірлері қандай, бізге барлық мұрағат материалдары, соның ішінде шетелдік әскери мұрағаттар қолжетімді ме, ғалымдардың бүгінгі ұстаным тұрғысынан бұл мәселе бойынша көзқарастары қандай, тұтқындардың барлығы ерікті түрде фашистер қолына түсті ме, сол кездегі әскери басшылықтың кінәсі қандай, егер миллиондаған Қызыл әскер жауынгерлері қару-жарақ пен оқ-дәрілерсіз қоршауға түсіп, шарасыздан тұтқынға алынса, соғыстың алғашқы жылдарында Қызыл армияның жауынгерлік дайындығы қандай еді дегендей… Кеңес Одағының «Әскери тұтқындар туралы Женева конвенциясына» қол қоймағанын ескеру қажет, сәйкесінше кеңестік әскери тұтқындар осы құжатқа бұрын қол қойған елдердің әскери тұтқындарына қарағанда өте нашар жағдайда болды. Олар медициналық көмек алмады, хат-хабар, азық-түлік көмегіне тыйым салынды, сәйкесінше дұрыс тамақтанбады, азаптау мен қорқытуға ұшырады. Көптеген әскери тұтқындар концлагерьлердегі адамгершілікке жатпайтын жағдайларға байланысты немістерге қызмет етуге мәжбүр болды. Тұтқындардың көбі алғашқы мүмкіндік туа қалған жағдайда одақтастар, партизандар жағына өтуге тырысты. Олардың фашистерге қарсы соғысып, марапаттарға ие болғанын растайтын көптеген фактілер бар. Фашизмге қарсы күресте оларға ризашылық ретінде Еуропаның бірқатар қалаларында бұрынғы әскери тұтқындарға  арналған ескерткіштер те бар. Жалпы, мәселе мұқият зерттеуді және терең талдауды қажет етеді. Қазақстандық сарапшылар жауларға сатқындық пен көмек жасағандарды емес, фашистер жағына амалы жоқтан, еріксіз түскен әскери тұтқындарды ақтауды ұсынады.

Енді жерлестеріміздің тағдырына келсек. Мұрағат материалдарының еске алу кітабының деректеріне сәйкес, Ақмола облысынан Қызыл Армия қатарына жұмылдырылғандардың жалпы саны – 69880 адам, оның ішінде 1939-1945 жылдары хабар-ошарсыз жоғалып, қаза тапқандар – 33950, қолда бар мәліметтер бойынша 4000-нан астам жауынгер тұтқында болды, көпшілігі тұтқында қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті, әртүрлі неміс бөлімшелерінде қызмет етті, 91 адам сотталды, қазіргі уақытта ақталмаған адамдардың жалпы саны 367 адамды құрайды, 429 сақтау ісі  немесе қылмыстық істер бар. Бірақ, біз жаңа деректерді жабық мұрағаттардан әлі де тауып жатырмыз, бұл деректер соңғы емес. Жұмыс жалғасуда. Неміс тұтқынынан босатылғаннан кейін әскери тұтқындар сүзгі лагерьлерінің желісі арқылы тексерілді. Нәтижесінде сүзу комиссиялары әскери тұтқындардың болашақ тағдырын шешті: армияда қызмет етуді жалғастыру, ГУЛАГ лагерьлеріне немесе әкімшілік тәртіпте НКВД құрылыстарына жіберу жағын қарастырды. Бұрынғы әскери тұтқындардың белгілі бір бөлігі тексеруден кейін тұрғылықты жеріне оралды және ұзақ уақыт бойы жергілікті органдардың  бақылауында болды. Жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, қолдағы материалдарға қарағанда Ақмола облысы бойынша әскери тұтқындардың көпшілігі мобилизацияның бірінші кезеңінде шақырылған, яғни 1918-1923 жылдары туғандар. Көпшілігі тұтқынға 1942 жылы түскен, негізінен әскери бөлімдері қоршауға түсу арқылы. Мысалы, Ақмолада құрылған 106-шы Қазақ атты әскер дивизиясының тағдырын алуға болады. 1942 жылы мамырда аталмыш дивизия Харьков маңындағы шайқастарда толығымен жойылған. Неміс генералы Клейст сол шайқас туралы былай жазды: «Майдан алаңының көз жететін барлық жерінде адамдар мен жылқылардың мәйіттері, сүйектері жерді жауып тұрды, тығыз болғаны соншалықты, аяқ алып жүру мен көліктің өтуіне қиын болды».

Дивизия 1941 жылдың 10 желтоқсанынан бастап қысқартылған штат бойынша құрыла бастады. Бұл бөлім Ақмола, Петропавл, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының тұрғындарымен жасақталды. Жылқылар осы аймақтардың шаруашылықтарынан жеткізілді.

Дивизия нашар қолбасшылықтан, барлау ұйымының әлсіздігінен және қару-жарақтың жетіспеушілігінен орасан зор шығынға ұшырады. Мысалы, 1942 жылы 15 мамырда 6-шы атты әскер корпусының арнайы комиссиясы осы дивизияны қабылдау актісінен алынған мәліметтерде былай делінген: «Сандық құрамы 4091 адам болды, 102 мылтықпен, 3100 қылышпен, 50 мм калибрлі 46 минометпен, 3180 атта 18 минометпен қаруланған». Бүгінгі күні осынау шайқас орнында мемориалдық тақта орнатылған. Бұл дивизия 6-шы атты әскер корпусының құрамында шайқасты. Ешкім дерлік аман қалған жоқ. Неміс танктеріне қарсы жалаң  қылыштармен көзсіз шабу дегеніміз көзсіз ерлік еді. Дивизия жауынгерлерінің қалдықтары фашистік тұтқынға түсіп, Германияның «Дулага-205» лагерінде ұсталды. Тірі қалғандары кейін кеңестік лагерьлерден өтіп, өздерінің ерлігі мен қайғылы оқиғалары туралы үндемеуге тырысты. Бұл дивизияның құжаттары әскери архивтерде жоқ, кезінде толығымен жойылған. Мына бір мысалды алайық. Бұл деректер ҚР ІІМ полиция департаментінің арнайы мұрағатынан алынды.

Джумашев Оспан, 1909 жылы туған, қазақ, Ақмола облысы Вишневский ауданы Волгодоновка ауылының тумасы. 1941 жылы Вишневский РВК-нан(аудандық әскери комиссариат) шақырылды. Ақмола қаласының Қазақ дивизиясына, содан кейін 6-шы армия, 2 кавалериялық полк,125 дивизияға жұмылдырылды. 26.05.1942 жылы тұтқындалды. Харьков облысының Лозовая станциясы Кременчуг, Хорол қалаларындағы ә/т лагерьлерінде, сондай-ақ, КСРО-ның басып алынған аумағында ұсталды. 1943 жылы ақпанда, Варшава (Польша) лагеріне жіберілді. 1943 жылдың сәуірінен бастап Дахау қаласында (Германия) лагерьде болды. Дахау лагерінен 1944 жылы сәуірде Подгорицадағы (Югославия), лагеріне ауыстырылып, онда 1944 жылдың қазанына дейін болған, 1944 жылдың қазанында Югославия партизандары азат етті. Бостандыққа шыққаннан кейін Югославияда партизандар қатарында немістерге қарсы шайқастарға қатысқан. 1945 жылы ақпанда жараланып, содан кейін Белград қаласындағы ауруханаға жіберілді, онда ол 27.06.1945 жылға дейін болды. 1945 жылы тамызда емделіп шыққаннан кейін Белградта Кеңес әскерлерінің қарамағына берілді, сол жерден КСРО аумағына Кишинев қаласына келді». Кейінгі тағдыры белгісіздеу, сталиндік лагерьге жіберілген болуы керек.

Сол алапат Харьков шайқасында жоғалып кеткендерді есептемегенде, 300 мыңнан астам адам қаза болды. 250 мыңнан астам адам фашистік тұтқынға түсті, тек 22 мыңға жуық офицер мен сарбаз осы сұрапыл шайқаста тірі қалды. 106-шы атты әскер дивизиясының ерлігі мен трагедиясы туралы деректі материалдар жоқ, соның ішінде Мәскеу облысының Подольск мұрағатында құжаттарды жау басып алғаны туралы құрғақ жолдар бар. Соңғы зерттеулердің арқасында бүгінгі күнге дейін 500-ге жуық есім белгілі болды. Міне, бізге белгісіз соғыстың беттері…

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ақмола облысы бойынша саяси қуғын-сүргін
құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның үйлестірушісі, тарихшы ғалым.

(Жалғасы бар).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар