Төтенше жағдайларға төтеп берілуде

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жаңа жылдық мерекелер кезінде облыс аумағында атқарылған қауіпсіздік жұмыстарының қорытындыларына тоқталды.

Жаңа жыл және оны мерекелеу кезеңінде, яғни, 2023 жылғы 20 желтоқсаннан 2024 жылғы 2 қаңтарға дейінгі аралықта облыс аумағында 39 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл – өрттің өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 39,3 пайызға артқандығын байқатады. Алдыңғы жылғы көрсеткіш бойынша 28 өрттіркелген болатын. Өрттің пайда болуының себептеріне тоқталсақ, 18 жағдай жылу құрылғысын және пешті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан, ал, 13-і электр құрылғыларын монтаждау мен техникалық пайдаланудың талапқа сай болмауынан орын алған. Оған 8 адами фактор негіз болған.

– Өткен жылдың 20-31 желтоқсаны аралығында жаңа жылдық мерекелер ұйымдастырылатын 544 нысан төтенше жағдайлар қызметінің бақылауынаалынды. Олардың 446-сы білім беру мекемелері болса, 34-і мәдениет үйлері, 6-уы ойын-сауық орталықтары болса, 3-еуі балалар үйі, 14-і орталық алаң, 41-і дәмхана мен мейрамхана. Нысандарды тексеру барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 154 фактісі анықталып, олқылықтар бірден сол орнында қалпына келтірілді, –деді ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Дәлешов.

Баяндамашының мәлімдеуінше, «Қауіпсіз Жаңа жыл» акциясы аясында төтенше жағдайлар қызметі полиция департаментінің құрылымдарымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, пиротехникалық өнімдерді сақтайтын және жүзеге асыратын орындарға 105 рейд өткізіпті. Тексеріс нәтижесінде 67 хаттама толтырылып, 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған және 134 дана пиротехникалық зат тәркіленген.

– Жаңа жылдық іс-шараларды қауіпсіз өткізу және облыс аумағында төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті кезекшілікке 138 қызметкерді жұмылдырды, –деді Думан Дәлешов.

Ал, Ақмола облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділбек Қапышев өз қызметтері аясында келесіні баяндады.

– ТЖД авариялық-құтқару жұмыстарына жол талғамайтын 80 техника мен Аршалы, Бұланды, Жақсы аудандарының жол бойында 3 медициналық-құтқару бекетін әзірледі, соңғылары шұғыл жағдайларда жылыту орындары ретінде пайдаланылды.  Жалпы, ағымдағы жылы азаматтарды уақытша қабылдау үшін облыс аумағында 268 жылыту бекеті ашылса, оның 92-сі республикалық маңызды жолдар бойында орналастырылды және бұған қосымша 213 тамақтану орындары іске қосылды, – деді.

Мереке күндері Аршалы ауданының Ольгинка ауылынан жылқы іздеуге шыққан 2 адам жоғалып, төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлесе жүргізген жұмыстары нәтижесінде 4 сағаттан соң Түрген ауылынан 15 шақырым жерден табылған.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында ауа райының қолайсыздығына орай, жергілікті полиция және төтенше жағдайлар қызметтері 19 автоколоннаны, яғни, 7 мыңнан астам автокөлікті сүйемелдеп, жолаушыларды бетке алған мекендеріне жеткізді.

Сөз соңында Әділбек Қуанышбекұлы облыс тұрғындарынан жол жүруді жоспарлайтын болса, ауа райының болжамына сүйенуді, 112 хабарламаларына бей-жай қарамауды, қолайсыз ауа райы болса, жол жүруді басқа күндерге қалдыруды өтінді. Қыс мезгілінде жеңіл автокөліктерден гөрі, теміржол көліктерімен қатынағанның дұрыстығын алға тартты.

– Сонымен бірге, автокөлік иелерінің қысқа уақытта жолға шыққанда шұғыл жағдайларда қажет болатын қыздырғыш лампа, трост, күрек, канистрге құйылған бензин, сіріңке, майшам, термосқа құйылған ыстық шай, азын-аулақ азық-түлік пен жылы киімдер салып алып жүрулеріне кеңес беремін, –деді ол.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар