Кадр тапшылығы біртіндеп шешілуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков басқарманың 2023 жылдағы жұмыс нәтижелері жөнінде кеңінен баяндап берді.

Соңғы жылдары республиканың, сондай-ақ Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі қарқынды дамуда.  Басқарма басшысының айтуынша, облыста 561 денсаулық сақтау нысаны, 23 стационарлық қызмет көрсететін ұйым,  жедел медициналық жәрдем станциясы және  қан орталығы жұмыс істеуде. Сондай-ақ, тұрғындарға 530 денсаулық сақтау ұйымы амбулаториялық-клиникалық көмек көрсетеді.

− Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарында, атап айтқанда,  стационарларда 130 мыңға жуық адам медициналық көмек алды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісі 3,7 миллион  адамды қамтыды. Сонымен бірге, 10 мыңнан астам жаңа туған нәресте дүниеге келді.  Оның ішінде  еліміздің 20 миллионшы азаматы да бар.  Жылжымалы мобильді кешендер аясында 60 мыңнан астам адам қаралып, 380-ге жуықақмолалық жоғары технологиялық медициналық қызмет алды. Барлығы 238 мың жедел медициналық көмек көрсетілді, – деді Нұрлан Ахильбеков.

Брифингте  медициналық ұйымдардың дәрігерлермен толықтырылуы  мен кадр тапшылығы  жөнінде айтылды.  Спикер мемлекеттік медициналық ұйымдарда 8,7 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейтінін, сондай-ақ, облыстың ауылдық жерлеріне 85 кадр, ал қалалық жерлерге 31 кадр келгендігін баяндады.

−Дәрігерлердің тапшылығы айтарлықтай төмендеді.   Биылғы жылы медициналық кадрларды ынталандыру мақсатында 59 қызметкерге 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы мен  тұрғын үй берілді. Қалалық жерге келген 31 маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Облыста резидентурада оқуға жыл сайын гранттар бөлу арқылы дәрігерлік кадрларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде, −деді басқарма басшысы.

Медициналық кадрлардың жетіспеушілігі біртіндеп шешілуде. 2023 жылы облыстық бюджет қаражатынан келген дәрігердің көтерме ақысын төлеуге 120 миллион теңге қарастырылды.

Басқарма басшысының айтуынша, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы да нығайтылды.  Құрылғылардың кең спектрін, оның ішінде заманауи компьютерлік томографты қамтитын 200-ге жуық медициналық техника, ангиографиялық қондырғы, ларпароскопиялық және торакоскопиялық операцияларға, гастроскопияға, урологияға арналған бейнеэндоскопиялық кешен, офтальмологиялық, микрохирургиялық жүйе сатып алынды.

Облыстың денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша қабылданып жатқан барлық тиісті  шаралар қазіргі қалыптасқан  жағдайды жақсартуға толық септігін тигізеді.  Сонымен қатар, медицина саласына жас білікті кадрларды көбірек тартады.

 Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар