Жасынан еңбектің қадірін білген

Зерлі Зерендінің Симферополь ауылынан таяқ тастам жерде  орналасқан Бұлақ елді мекені бір кездері маңайы ұсақ шоқылар мен шағын ормандарға байкөрікті мекен еді. Осы ауылдың тұрғындары әлі күнге туған жерінің табиғатымен мақтанады. Ауыл тарихы оның тұрғындарының тыныс-тіршілігімен өрбиді емес пе?! Сондықтан, мен осы ауылдан түлеп шыққан Асқарбек Шәріпов туралы ой толғағым келіп отыр.

Ол өзінің құрбы-құрдастары тәрізді кең далада жалаң аяқ жүгіріп, орманда жидек теріп өскен ауыл баласы. Сондай-ақ, ол мектеп демалысында басқалармен қатарласып, жұмыс істеді, көктемгі егіс жұмыстарына араласты, егін жинауға, шөп шабуға қатысқан қазақтың қара домалақ баласы. Әңгімені әріден өрбітсек, ауыл жүргізушісі Әбсауат пен кеңшар сауыншысы Алтынның жеті баласы болды. Асқарбек отбасының тұңғышы болғандықтан, үй шаруасына байланысты барлық жауапкершілік оған жүктелді. Інілері – Қуанышбек бүгінде қаржы полициясының отставкадағы полковнигі, кезінде Таулы Қарабахта іссапарда болған, ал, Бейсембай – тәжік-ауған қақтығысына қатысқан, жүргізуші, Ерболат – полиция подполковнигі, облыстық полиция департаментінде қызмет етеді. Қарындастары – Айгүл, Зайгүл, Ажаргүл ауыл мектептерінде мұғалім болып жұмыс істейді.

Асқарбек ақылды және епті бала болып өсті, әрқашан әділдікті қолдады, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, жасы кішіге қорған бола білді. Туған ауылындағы бес кластықмектепті бітіргеннен кейін қатарластарымен біргеСимферополь орта мектебінде оқуын жалғастырды. Оқушылар сол мектепке көлікпен тасымалданатын, бірақ, ол көлік жөндеуде тұрған кезде бұл қашықтықты жаяу жүріп өтуге тура келетін. Қыс айларында, әсіресе, қатты аяздар мен боранды күндері бес шақырым қашықтықты жүріп өту балаларға қиынға соғатын.

Математика және физика секілді нақты пәндерден бөлек, ол жоғары сыныптарда  астрономия мен көркем суретке қызығушылық танытты. Жылдар жылжып өте берді, онжылдықты аяқтағаннан кейін ол Шағалалы ауыл шаруашылығы техникумына ауыл шаруашылығын электрлендіру мамандығына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтады. Жоғары оқу орнында жүріп, Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, азаматтық парызын абыроймен атқарып келді. Еңбек жолын Симферополь ауылының құрылыс учаскесінде қатардағы электрик болып бастаса, кейін бұрынғы Көкшетау аудандық «Сельхозэнерго» кәсіпорнына электромонтажшы ретінде орналасты.

Тәжірибесі қалыптасқаннан кейін білікті маман ретінде Асқарбек Шәріповті «АгроПром Энерго»кәсіпорнына бастық етіп тағайындаса, кейіннен тоқсаныншы жылдары «Целинэнерго» жоспарлы энергетикалық бөліміне маман етіп ауыстырады.Әр түрлі лауазымдарда жұмыс істеген ол 2000-шы жылдары «КРЭК»ашық акционерлік қоғамында электр энергиясын ұрлауға қарсы күрес бөлімінің жетекші инженері, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде учаске басшысы, техникалық қауіпсіздік бойынша жетекші инженер, ал соңғы жылдары аталмыш серіктестікте еңбекті қорғау және қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.

– Мен ерке бала болып өстім деп айта аламын, себебі6 көбіне әжем Мазен Закрияқызының баурында жүрдім. Соғыс кезінде колхозда жұмыс істеген әжем 97 жыл өмір сүрді. Қиын кезеңдерде өзінің балалары былай тұрсын, 1943 жылы күштеп Саратов облысынан көшірілген үш баласы бар неміс Францтың отбасын да аяғынан тұрғызды. Ал, атам Шәріп Жапин батыста фашистермен соғысып, 1944 жылы 30 қарашада Польшаны азат ету шайқасында қайтыс болыпты, Краков воеводствосындағы бауырластар зиратына жерленген, – дейді Асқарбек Шәріпұлы. Ардагер бір сәт ойлана келе, сөзін былай жалғастырды:

– Менің жоғары білікті маман ретінде қалыптасуыма өлкеміздің энергетика саласында қызмет еткен алдыңғы буын ағаларым –  Жұман Нұралин, Жақсылық Дәуітбаев, Амантай Қүдерин, Илья Федоров, Талғат Жамұхановтың еңбегі зор. Ал, менің тұлға ретінде қалыптасуыма әкемнің туған ағасы Нұрболат Шәріпов көп үлес қосты. Ағам жаны жомарт адам еді. Ауыл шаруашылығында беделді маман болатын. Көкшетау ауданында Ортақ ауылы мен Ақан ауылында екі бірдей мал бордақылау кеңшарын басқарды және оларды алдыңғы қатарға шығарды. Осындай жанашырларымнан мен көп нәрсені үйрендім.

«Көкшетау Энерго» серіктестігінің еңбекті қорғау және қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары Асқарбек Шәріпұлы жақында құрметті еңбек демалысына шығады. Бар ғұмырын еңбек етумен өрнектеген тәжірибелі маманның кеудесінде «Қазақстан Республикасының Құрметті энергетигі» төсбелгісі, «ГОЭРЛО-ға – 100 жыл» және «Еңбек ардагері» медальдары жарқырайды. Бұл оның саналы ғұмырының босқа өтпегенінің айқын көрінісі.

Қызы Мадина да әке жолын қуған энергетик. 16  жылдан бері «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жетекші инженер болып еңбек етеді. Ұлы Ақан Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих факультетін бітірген, қазіргі уақытта аталмыш оқу орнында сабақ береді. Ардагер азаматымыздың өзі жұбайы Гүлдараймен бірге сыйластық пен татулық орнаған отбасында немерелерінің қызығына тоймай, солардың жетістіктеріне риза болып, күн кешуде.

– Немерем Әділжан мектепті бітіріп, жоғары білім алғаннан кейін атасының жолын жалғастырғысы келеді. Мен сияқты энергетик болуды армандайды, – дейді жүрегі елжіреп Асқарбек Шәріпов. Ол зейнетке шыққаннан кейін деүйде қарап отырмай, серіктестікте әрі қарай жұмыс істеп, тәжірибесі мен шеберлігін жас энергетиктерге үйретуді жоспарлап отыр.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар