Есімі ұмытылмаса екен

«Есімі ел жүрегінде сақталған ер бақытты» дейді дана халқымыз. Өнегелі өмірі көпке үлгі болатын, өлшеусіз еңбегімен, ақыл-парасатымен қалың жұртшылықтың құрметіне бөленген адамдар жергілікті жерлерде аз емес.

Алайда, олар ұлықталып жүр ме, өскелең ұрпақ біле ме деген сұрақ қойылса,  мәдени, рухани салаларға жауапты басшылар мен мамандар не деп жауап берерін білмейді. Көбіне есімі бұрыннан белгілі батырлар мен мемлекеттік марапатқа ие болған тұлғаларды ұлықтап, өмір мен өнердің өркендеуіне үлес қосып, игілікті істерімен көш басынан көріне білген майталман еңбеккерлер көзден таса қалып жататыны өкінішті.

Солардың бірі Шәмшия Кұлмұрзина апамыз қай жағынан болсын мақтауға лайық жандардың бірі. Ол кісі 1895 жылы Көкше өңіріндегі Айыртау ауданының Көкдауыл ауылында туған. Кедей шаруаның қызы еңбекке ерте араласады. «Сартүбек» ұжымшары құрылғанда алғашқылардың қатарында мүшелікке қабылданып, сиыр фермасында сауыншы болып істейді. Күнделікті жоспарын асыра орындайды Стахановшылардың алдыңғы легінен көрініп, социалистік жарыста жоғары еңбек құлшынысымен танылады.

«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін медалімен марапатталады. Жерлестері оның мал шаруашылығын өркендетудегі және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін бағалап, 1947 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлайды. Кеңшардың сиыр фермасы меңгерушілігіне көтеріліп, халық сенімін іс жүзінде ақтай біледі. Сол жылдары фермадағы 250 бас сиыр екі есеге дейін көбейіп, сүт сауу көрсеткіші анағұрлым артады. Бесжылдық жоспар межесінен де асып түседі.

Сөз арасында Шәмшия Өмірбекқызының Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі депутаттығына екі рет ұсынылғанын айта кеткен жөн. Ол кездері мұндай кұрмет қарапайым еңбек адамының ішінен екінің біріне көрсетіле бермейтін. Өзіне жүктелген депутаттық аманатты бұлжытпай орындап, артына ұлағатты із қалдыра білді. Апамыз бертін дүниеден өткен соң естен кетпес есімі санадан өшіп, тарих қойнауына жұтылып кеткен сияқты. Мен тілдескен көнекөз қариялар кезінде ол кісі туралы газет беттерінде көптеген, мақалалардың жарық көргенін, сұхбаттар жариялағанын алға тартты.

Олай болса, өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтуге міндетті тиісті орындардың өкілдері архивтік деректерді жинастырып топтастырса, мектептердегі музейлерге өмірбаяны мен фотосуреті қойылса деген өтініш білдіргіміз келеді.

Сабырғали Әуелбеков,
еңбек ардагері, зейнеткер.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар