Алаш пен «Манас»

Астанада Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, драматург-жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы Баянғали Әлімжановтың «Алаш пен Манас» атты шығармашылық кеші өтті.

«Алаш пен Манас» шығармашылық кешіне Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы келді. Мәулен Әшімбаев аталған әдеби кеш ерекше мәдени-рухани сипатқа ие екендігі, сондай-ақ, іс-шара ғасырларға жалғасқан қазақ-қырғыз бауырластығының жарқын көрінісі болып табылатындығы жөнінде былай деді:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан еліміз үшін тек одақтас қана емес, бауырлас ел екенін үнемі айтып келеді. Екі халықтың мәдени, рухани байланысында Манас жыры да ерекше рөл атқарады. «Манас» жырын қазақ ұлты өзінің төл туындысындай көреді. Әйгілі жырды таратушылар қазақ даласында да аз болмаған. Жырды орындаудың өзіндік дәстүрі және шарттары бар екендігін білесіздер. Сол дәстүрді бойына сіңірген Баянғали ағамыз екендігі даусыз. Баянғали Әлімжанов әйгілі жырдың таралуына, танылуына және сақталуына үлкен үлес қосып келе жатқан қайраткер. Ағамыз қазіргі таңда қазақтан шыққан бірден-бір манасшы деп ауыз толтырып айта аламыз. Баянғали Әлімжанов манасшылардың халықаралық байқауларында бірнеше рет жүлдегер атанған. Сондықтан, ол қазақ пен қырғызда бірдей сыйлы азамат. Қырғыз ағайындарымыз Баянғали Әлімжановтың еңбегін үнемі жоғары бағалайды. Соның нәтижесінде ағамыз Қырғыз Республикасының «Достық» орденінің және халықаралық «Саятбай манасшы» медалінің иегері атанды.

Сондықтан, Байекеңе бүгінгідей алаң ұсынып, ол кісінің кең көсілуіне мүмкіндік беру маңызды деп санаймыз. Бүгінгі кеш осындай мақсаттан туындаған болатын. Құрметті қауым, өздеріңіз білесіздер, Баянғали Әлімжанов жан-жақты тұлға. Ол белгілі журналист, ақын, драматург, еліміздің белді басылымдарында, өнер ұжымдарында табысты қызмет етті. Кейінгі жиырма жылдан астам уақытта біржола шығармашылыққа бет бұрды. Баянғали ағамыздың жыршылық таланты «Манаспен» ғана шектелмейді. Ол қазақтың «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» секілді жырларын да кеңінен насихаттап келе жатқанын да айта кеткен жөн. Бүгін арамызда Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері және қырғыз ағайындар отыр. Олар Байекеңе қолдау көрсетіп, арнайы келді. Сонымен қатар, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, жастарымыз да осында. Бүгін қос ұлтты рухани байыта түсетін, тыңдарманға жақсы әсер сыйлайтын тағылымды кеш болады деп сенеміз. Құрметті жырсүйер қауым, Баянғали ағамызға ерекше алғыс айтамыз, шығармашылығына толайым табыс тілейміз. Ол кісінің әрі қарай да өз еңбектерімен екі елдің бауырластығын нығайта беретініне сенімдіміз. Осындай игі бастамалар бауырлас халықтардың мәдени  байланыстарын одан әрі дамыта түсері сөзсіз. Алдағы уақытта да екі халықтың ынтымағы артып, берекесі еселене берсін. Бір туған қазақ-қырғыз халықтары аман болып, бауырластығымыз мәңгі жасасын, – деді.

Кеште Баянғали Әлімжанов өзінің «Манас» жырын орындаудағы ерекше мақамымен және жырдың өзін жетік білуімен тыңдармандарын бір жарым сағатқа жуық айрықша әсерге бөлеп, әлемдік жыр жауһарына жататын туысқан қырғыз халқының әйгілі эпосының маңызды-маңызды тұстарын үлкен шеберлікпен орындап берді.

Көлемі 40 мың жолға тең ұзақ жырдың тылсым құдіреті қырғыз манасшыларын көптен бері өзіне бауратып, теңдессіз ауыз әдебиеті үлгісіне барынша бойлатып келеді. Осы жолда қазақтан да аянбай тер төгіп, «Манасты» қырық жылдан астам жырлаумен келе жатқан Баянғали ағамыздың еңбегі бір төбе. Аталмыш кеште осы жағы тағы бір мәрте бар қырынан айғақтала түсіп, тыңдарман алдында бір іркілмеген, қайта жырдан жырға кең көсіліп, хас жүйріктей тынысы ашыла түскен шын өнер шеберіне тыңдарман қауымнан риза болмаған жан қалмады. Бұған дейін «Манас» жырының аудармасына да көп еңбек сіңіріп, қысқа мерзімде оны ана тілімізде жеке кітап етіп шығарған белгілі тұлғаның өзі кеш соңында:

–Қазақ-қырғыз бірге туған түбі бір түрік елі. Ал, «Манас» болса, әлемдік рухани қазынаны молайтқан көне жырдың бірі. Бүгінгі барша  адамзаттың игілігі, байлығы саналатын жыр. Сондықтан, Қазақстанда «Манасқа» қызығушылық өте күшті. Мені бір қуантатын жағдай да осы, –деп ағынан жарылды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар