«Журналист жазбаларының» айтары бар

Көкше өңіріндегі қазақ журналистикасының ақсақалы, сатирик жазушы  Сайлау Көшкенұлы 3 ақпанда мерейлі 77 жасқа толады.  Қаламгер әріптесіміз туған күні қарсаңында «Журналист жазбаларынан» циклі бойынша төртінші кітабын жарыққа шығарды. Бұл еңбегінде жазушының қоғам, өмір жайлы ой толғамдары, арнау өлеңдері топтастырылған.

Облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде еңбек қадамымызды бірге бастап, баспасөздің қара жүгін бірдей атқарысып жүргендіктен, бұл жинақтағы кейіпкерлердің қай қайсы болсын маған да жақсы таныс. Осы орайда, Көкшетау  өңіріндегі есімдері аңызға айналған аға ұрпақ  өкілдері жайлы жазылған мақалаларға арнайы тоқталғанды жөн көрдім. Чкалов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қазжан Темірбаев пен Киров машина-трактор станциясының директоры болған Сәмеке Ешкеев жайлы жазған  естеліктері ел ағаларының Көкше өңірін өркендетуге қосқан үлестерін көз алдымызға елестеткендей болады.

Ұзақ жыл білім саласында абыройлы қызмет атқарған Хакімтай Әміров «Көкшетау правдасы» газетінде қызметке орта жастан асқанда келді. Газет редакторының орынбасары болып істегенде басылымның мазмұнды әрі сауатты шығуына елеулі үлес қосты. Әсіресе, жастарды ұқыптылыққа, адалдыққа  тәрбиелей білді.

Облыстық «Торғай таңы» және «Көкшетау» газеттерінің редакторы болған ақын, прозаик Мәтен Бижанов, журналистиканың тарланбозы Сәкен Әубәкіров кәсіби біліктілігімен бәрімізге үлгі өнеге бола білді. Ал, Сайлау болса, қиын-қыстау кезеңдердегі ағаларымыздың өзіне жасаған қамқорлығын тебірене баяндайды. Отбасымен біте қайнасып, әзіл-қалжыңдары жарасқан  әріптес інілері Дәуренбек Ақбекұлы мен Байқал Байәділов жайлы жазған естеліктері де қызықты сәттерден сыр шертеді.

Туған анасы Бәдишадан үш жасында көз жазып қалған Сайлау  үлкен әпкесі Жібек пен жамбылдық жездесі Сайлаудың, ағалары Әбу мен Сағиттың қамқорлығына бөленіп ер жетті. «Анамдай болып аялаған» деректі хикаятында өз өмірінің қилы сәттерінен  тебірене сыр шертеді.

Ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында көздеген мақсатына жетіп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін  бітірген Сайлау досымның баспасөз саласындағы жемісті қызметі лайықты бағаланып, Қазақстанның құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі атақтарын алды.

Кез-келген отбасының жарасымдылығы өзара сыйластықта. Сүйікті жары Мәуен екеуінің отау құрғанына 2023 жылғы қараша айында жарты ғасыр толып, құда-жекжат, дос-жаранды шексіз қуанышқа бөледі. Табиғатынан кішіпейіл, қарапайым Мәуен замандасым зейнетке шыққанша «Береке» дүкенінде сатушы болып істеп, жұмысында абыройлы болды.

Туған күніне шашу ретінде талғампаз оқырман назарына ұсынып  отырған «Журналист жазбаларынан» кітабында жазушы Сайлау Көшкенұлы өмірді қаз-қалпында суреттеуге тырысқан. Аталған жинақтың тілі жатық, оқиғасы тартымды. Кейіпкерлердің де  образы біршама сәтті ашылған. Әрдайым осындай  мәртебелі биіктен көрініп,  талғампаз оқырманның сенімінен шыға бер, Сәке!

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар