Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кеңестегі жалғыз үй - АРҚА АЖАРЫ

Кеңестегі жалғыз үй

Кезінде оқырман қауымнан жоғары бағасын алған Сәкен сері Жүнісов ағамыздың «Жапандағы жалғыз үй» романы «Ескі жұрт – көршілес салған оншақты үйдің орны шымнан қалаған қабырғалары ұзақ жылдар бойы жел өтіне мүжіліп, құлай-құлай жатаған төмпешікке айналған. Кісі бойындай алабота, жусан аралас өліқурай басқан үй орындары өткен өмірден қалған көне белгі ғана» деп реңсіз басталады.

Күздің соңғы бір жаңбырларынан кейін күн сәл-пәл ашылған тұста біздің де қотанына кірген, осы күнгі барларының санатында жоқ ауылымыз дәл осыған жақын кейіпте еді. Кезінде ауылды қақ жарып өтетін таспа жол да шөпбасып, ескірген. Әр жерде көшенің қос қапталын құраған бұрынғы үйлердің іргетасы, қалған-құтқан қабырға кірпіштері мен қора-қопсысының орындары кешегі мамыражай тірліктен қалған жұқанақты елестетеді. Тып-типыл ауылдың орта тұсындағы өткендер мекені – көне зират қана осы сұрқай көріністен назарды өзіне аудартып, «әйтеуір ел келіп-кететін мен бармын ғой» дегендей, біздің де сонда тоқтарымызды біліп, тосып алатындай. Иә, осында мен білетін қаншама жақсы-жайсаңдар жатыр. Өз жарымның да ата-анасы – қайын атам мен қайын енем де мәңгілік тынысын осында тапқан. Баян аға бөлімше меңгерушісі, мал шаруашылығы маманы болып, менің де көп емес, жарты жылдай тірлігім ана қабырғалары ғана қаңқиған базда өткен.

Сондағы өз шамалауымша, жетпіс үйлі ауыл жербетінен жоқ болғалы қашан. Соңғы үйдің қозғалғанына да бір жиырма-жиырма бес жыл болды-ау деймін. Бірақ, тоқтаңыз, ауылда әлі ата-баба зиратынан басқа, бір үй мен мешіт қалса, соңғы үй дегеніміздің өзі шартты түрде ғана болыпшықпай ма? Енді осы арада, «Кеңестегі жалғыз үй» деген сөз тіркесі де орнын таба қалады.  Жапандағы жалғыз үй мен Кеңестегі жалғыз үйдің айтылуында тақа айырмашылық жоқ. Екеуіде ескі ауылдың орнындағы екі үй. Жалғызүйлі Кеңестің де жағдайы енді сол жапанға жақын, тіпті соның дәл өзі. Әйтеуір, әрі-бері маңайында Қарағаш, Ортақ, тап өзіндей келіп-келіп, төрт үй ғана қалған Тапшыл тұр. Сондада қысы-жазы желдің өтінде, қауіп-қатердің бетінде жалғыз үй отыру оңай емес-ау. Бір уақ осыны да бағамдағанда ойлайсың. Елдің бәрі ана бір тұста заман зобалаңына шыдай алмай, ойға-қырға көшіп жатқанда біз іздеп келе жатқан ауылбаласын туған топырақтан ажыратпаған не нәрсе екен, екпін түсіре айтсақ, ненің күші екен?!

Оны зираттан кейін үйіне соғып, одан таппаған соң жағалай шашырай жайылған жылқының басында жолықтырған Нәдірбек бауырымыздың өзінен сұрадық. Әрине, жер әжептәуір сыз болғанымен, жаздай беті бір бері қарамаған құрғақшылықтан қайта реңі көк тарта бастаған әліде тақырлау шөптің үстіне төсеніш төсеп, малдас құрып отыра қалып, әңгімемізді бастағанымызда бірден ол сауалға әлі кезек бере қоймағанбыз. Шіркін, қайыңды қалың шоқты жанай, көз ұшындағы көкжиекке барып сіңер кең жазық, бауырында құлыны шұрқырасқан мамабиелер мен тай-жабағыны өзіне қарайлатқан мына жердің аз-кем оты, көз алдыңда көркем бір көріністі құрайтын Қамбар атаның қалың қарасыны неткен әсерлі еді дегізетін-ақсәт еді бір мұның өзі. Оның үстіне жауыннан кейінгі саф ауа да сондай бір тұнық, тап-таза, қаладан келген пендеңіздің тынысын ашып, кейде кешкісін орталықта көгілжім шымылдықтай тұрып алатын түтін иісін де мүлдем естен шығартып жібергендей еді. Иә, ауылдық жердің, керім даланың бір қасиеті осы ғой.

Кешегі соның бір тұрлаулы нүктесі – Кеңес ауылы да жоқ енді жер бетінде. Десек те, өзінен басқа тірі жан қалмаған осы ауылғакөптен бері жалғыз өзі қарасын болып, түндігін жапқызбай келе жатқан, сол үшін де көңілімде бір жазар дүние болып тұрып алған Нәдірбектей нән азаматты өз орнынан тапқан осы сапарыма бек риза едім. Жаңа өтелмеген парызымдай ойымнан шықпай, туған Ортағымнан жолды бері салғанымда да, жоқ ауылды қаланың тірлігіне қиып, жым-жылас етіп кетпеген жалғыз үйдің иесімен бетпе-бет жүздесіп, сол мақаланың нобайын көкірекке түйіп кетсем дегенүкілі үмітім де көңілде он көлбеген.

Халқы баяғыда тарап, жұрты ғана қалған ауылға қаншама жыл қарасын болып жалғыз отыру оңай ма? Жоқ, әрине. Күндіз де, түнде де жалғыздық кімге жарасқан? Төзімнің де төзімі, батылдықтың да батылдығы, мықтылықтың да мықтылығы керек ол үшін. Жалғыздың жары құдай! Әне, жоқ ауылдың шетіне қарай,ана тұста Алланың үйі – мешіт менмұндалайды. Бұзып алынып, жермен жексен болған көп үйдің қарасынындай сол ғана аман тұр. Сосын өз үйі. Іргеде зират. Өзін ауылда қалған осы қасиетті қос белгі қорғайтындай, айтты айтпады, бір құдай өзі жар болып келе жатқандай. Шүкір, мал-жаны аман. Осы елдің адамдарын қанша көріп жүріп, азамат атына да бір сөз ергенін атымен естімеппін. Сәкен ағамыздың «Жапандағы жалғыз  үйіндегі» Қарасай бас пайда мен ішкі есептің адамы еді. Ал, Кеңестің Нәдірбегі табан ақы, маңдай терімен қысы-жазы осы ауылдан шыққан ағайынның жылқысын бағып, малсыз күні жоқ қазақтың бір жағынан шығысып, шексіз алғысын арқалап келеді.

Осы отырғанымызда амандық-саулықтың соңын ала әне-міне, бас қояр әңгімеміздің алдын орағытып, өзім білгеннен соны да іштей көңілге бір демдеп қоямын. Сонымен, өз ауыл-аймағы, аралас-құралас төңіректегілерге емес, танымайтын, хабары жоқ оқырманға Нәдірбек Бақтияров деген елудің бесеуіндегі бұл жігітіңіз кім? Әкесі Шынтемір осынау Кеңес ауылының төл тумасы. Өмір бойы тірәктірде істеп, өз замандастарының көпшілігі сияқты бұл жарық дүниеден ерте өтті. Күн сайын таңертең сақылдаған сары аязда қатып қалған техникаға жан бітіру үшін оттықпен моторын қыздырып, радиаторына қайнаған ыстық су құйып, зықылары шығатын, сөйтіп жүріп денсаулықтан айырылған сол адамдардың бүгінде көзі тірілері некен-саяқ. Ал, анасы Жәмила апа шүкір, әлі бар. Көрші Тапшыл ауылының қызы, ол кісі де жастайынан шаруашылық жұмысынан бір қалмаған жан. Кезінде осы ауылдарда қой да қырықты, бұзау да бақты. Жем тартуда жүргенде дробилка қиып түсіп, сұқ саусағынан да айырылды. Соның өзінде он баланың тілеуін тілеп, бертінге дейін совхоздың сиырын сауып жүрді.

Сол он бауырының кейін екеуі о дүниелік болғанымен, қалған сегізі аман. Алланың берген қуатымен өз нәпақаларын тауып, ел қатарлы жүріп жатыр.  Үлкен апасы Бақытжамал 1988 жылы кеңес әскері құрамында бір жарым жыл Ауған соғысына қатысып келген. Мұхтар мен Асылбек, Асқар үшеуі Тайынша қаласы мен оған жақын Большой Изюм селосында тұрады. Тоқтар ағасы Көкшетауда теміржолшы. Өзінен кейінгі Гүлнәр қарындасының тағдырына қатысты да Нәдірбектің айтары бар. Күйеу бала балалар үйінен еді. Ауырып, сырқаты меңдеп, енді беті бері қарамайтынын білгенде «мені осы Кеңеске қойыңыздар» деп өтініш жасаған. Бұл күнде осы зираттағы ет жақындары, ауылдастарымен бірге, сол қимас бейненің торқалы топырағына да бас-көз.

Бір кезде өзі келін болып түскен көрші ауылдың көсегесін көгертіп, дүниеге бес ұл, бес қыз әкелген Жәмила анасы бұл күнде сексеннің сегізінде. Жаз туса, өмірінің бар қызығы мен шыжығы өткен осы Кеңеске келіп, Нәдірбегінің арқасында әлі орнында тұрғандай көрінетін ауылдың бір жұтым қымызын, саф ауасын дәтке қуат етіп, бір жасап қалғандай болады.

Десе де, жоқ ауылдың аты жоқ ауыл. Кешегі толғауы тоқсан тіршіліктің қазаны қайнап жатқан Кеңесті, ол сияқты ондаған ауылды, мектебін жауып, одан халқын анда-мында табан тіреуге мәжбүр етіп, жоқ қылып қойған не саясат екен?! Баяғы ауыл болса, бес ұлдың кенжесі Нәдірбегі де осылай жырақ, жалғыз отырар ма еді. Ана жүрегі табиғаттың кірпияздығы өз алдына, ойламаған жерден адам қысастығы да жетіп артылатын мына аумалы-төкпелі заманда жылқы соңындағы баласының амандығына бір, осы жалғыз-жарым тірлігіне екі  алаңдайды. Жазда келіп жатып кеткенінде кәрі кеудесі кейде келіннен басқа шүйіркелесер бір серігін таба алмай, айнала өлі тыныштықта жападан-жалғыз қатты құлазитыны бар. Сондайаптап жазда да, қалған жыл мезгілдерінде де, қысқасы, жыл он екі ай бойы бұл үйде ауыздан көп шығатын сөз «жылқы, жылқы». Былайғы жұрт та Кеңесті, Нәдірбекті айта қалса, осы анықтамаға жүгінеді. Биыл алғаш қарына құрық іліп, жылқы бағуға шыққанына 34 жыл екен. Бәріне бала кезінде жылқы малын жанындай жақсы көріп, асау тайларға дейін үйретіп, арынын басып жүре беруі себепболған.

1989 жылы Отан алдындағы әскери борышын өтеп оралғанда, совхоз орталығына жұмыс сұрай барған бұған шаруашылық басшысы Аманкелді Жаров салған жерден «жылқыға шық» деген. Бұлсөзге абдырап, ат-тонын ала қашатындай сырын білмей келген малы емес. Осыны айтып отырғаны, ат үстінде айбары барын іргедегі Кеңеске келіп-кетіп жүріп, ол кісі де талай көрген. Оның үстіне келесі бір сөзінде «осы жылқыға ыңғайы келсе, сол баланың ыңғайы келеді  деп өзіңді күтіп жүр едім» дегені де амал жоқ, бетін бері қаратып тастаған. Иә, адам баласы аталы сөзге тоқтайды, соған арқа сүйейді емес пе? Ол кезде жиырма бірдегі Нәдірбек те үлкеннің айтқанын екі етпейтін тәрбие, өзін қанаттандырып жіберген мына сөз бар, шаруашылықтың 200 бас жылқысының ішінен өзіне көңілі қалаған мініс атын таңдап, ер-тұрманының айылын қыса тартып, бір-ақ күнде жылқышы болып шыға келді. Бас жылқышы тете өскен ауылдас ағасы, осы төңіректе жақсы аты қалған Есдәулет аталарының жиені Берік Мәдиев болса, өзі келіп қосылған қос серігінің тағы бірі Жасқайрат Бениев. Ол тұста «Тернов» совхозы бие байлайтын. Қымыз деген асхана, дала қостарына, халыққа, былайғы келім-кетім кісілерге жетіп артылады. Ал, биелердің бәрін желіге байлап, сауып үйрететін, құлындарды еміздіріп, сол биелерді идіртетін, керек болса, сауатын осы жылқышылар. Солай қашан бала жылқышыдан Қамбар атаға қатысты бар тірліктің ыстық-суығын, төзімділік, көнтерлілігін, иен даладағы жалғыздығы мен өткен-кеткен сабақтарын өзі тәуекел етіп, шыбын жанына қалап алған кәнігі жылқышыға айналғанша ат үстінде шоқытып, небір күндер, небір түндер өтпеді дейсіз. Ол жағын, бүгінгі күннен шет жағалап өзі де былай жеткізеді:

– Жаз болса күннің ыстығы, қыс болса суығы. Боранда ығуға дайын тұрар жылқымен теке-тіресудің өзі неге тұрады?! Демалыс, арқаны кеңге салу деген жоқ. Жападан жалғыз бұйығы тірлік. Қажып, шаршағаным да рас. Әзір денсаулығым барда, халық үшін жүргенім ғой. Бір ойға бекініп, осы Кеңестен жылы орын іздеп қозғалсам, елдің мына малы, әйтеуір, Нәдірбек бар дейтін мына ауыл қайда қалады?! Сол ой менде. Шіркін, жанымда тапжылмай, осы малға қарасатын бір-екі сенімді серігім болса…

Атыңнан айналайын, Нәдірбегім-ай!.. Жан-жаққа жетіскеннен тарыдай шашылмаған, сонда да Құрбан айт, Жеңіс күні мен жылдың бұйырған уағында ел деп, ата-баба, әке-шеше, ағайын-бауыр зираты деп келіп-кетер, сені де медет етер туған жерде бүгінде кімнің тұғыры биік десек, әліде түтінін түтетіп отырған сенің тұғырың биік-ау! Алтын бесік ауылыңның кешегісі мен қазіргісіне өзің де қапаланасың.

–Сексенінші жылдары бері алғанда алпыс-жетпіс үй болды. Қотандағы бастауыш мектеп жабылып, ауылдың балалары совхоз орталығында оқығанда бір автобусқа сыймай, екі рет қатынап әкететін. Қалай мектеп жабылды, солай құнтымыз кете бастады. Оған қоса, бертін қыста жол болмады. Елді титықтататын осы ғой. Бұған жұмыстың жоқтығы қосылып, жұрт жылы орнын суытып, қозғалуға айналды. Аяғы міне, осы. Ауыл жоқ. Тек өткенге сағыныш пен қимастық, елегізу ғана бар.

–Ал, мына іргедегі Терновка ше? Кешегі дәуірлеп тұрған кезінде 500 үй болған деседі.

–Соны айтсаңызшы. Сонша үйдің қазір орны ғана жатыр. Жым-жылас. Өзіңіз білесіз, қазақша атауы Шұбарайғыр. Сонау ерте заманда хабаршы шұбар айғырмен хабар жеткізеді. Содан Шұбарайғыр атап кеткен. Шаруашылық басшысы Аманкелді ағамыз бір кезде Терновка атауын Шұбарайғырға ауыстырмақшы болып, осы сөзді автобус аялдамасына дейін жаздырып қойған. Бірақ, сәті түспеді. Оның орнына осы күні бір-біріне тиіп тұрған, арасы үш-ақ шақырым екі ауыл – Кеңес те, Терновка  да картадан сызылған. Бұрынғы біздің ауыл тұрғындарының бәрі бір шеті Астана мен Көкшетау, Тайынша, жер-жерде ғой. Анда-санда бір соғып, сонда көргендері, сонда жүректері ауырғаны болмаса, мына қысылтаяң заманда көп жолдары түсе бермейді. Ал, мен күнде осындамын. Күнде ауылдың жұртын көріп, көңілім бұзылады. Өз үйіңнен басқа үй қалмаған ауылда жалғыз тұрудың бір қиыншылығы осы. Естуімше, осы ауылдың алғаш іргесі қаланғанда «Кеңес деген ел болайық» деп көпке келелі ой тастаған біздің аталарымыз екен. Осы күні үлкендер сені бұл жерден жібермей, ұстап отырғаны сол кісілердің қадір-қасиеті дейді.

Иә, негізі жақсы бұл  Нәдірбек осындай пүшәйман  күйдегі туған ауылынан ұзамай-ақ, өмірде өз орнын тапқан, еліне жұғысты, халқымен ұғысты азамат. Осы Кеңестен шыққандардың бәрі де оны қарасын, тірек көреді. Тағдырдың басқа  салғанымен, әр жерде жүр демесең,бұл ауылдың үлкен-кішісі де туған жер деп еміреніп тұрады. Жылда Құрбан айтында тайлы-тұяғы қалмай, ауылға жиналып, өздері көшсе де, қотанда аман қалдырып кеткен мешіт үйінде бәрі бірігіп, құрбан шалатын тамаша салт-дәстүрлеріне, осы тұрғыдағы ұйымшылдықтарына кісі қызығады. Онда да ауыл азаматтарының алдымен хабарласып, шаруа жайын ақылдасатыны осы Нәдірбек. Биыл осы елден шыққан Назымбек Кенекин сияқты қолы епсекті жігіттер демалыс күндері қона жатып, жатпай-тұрмай, сол мешітті кеңейткенде де, басы-қасында ауылдың өзінен Нәдірбектің жүруі заңды еді.

Өйткені, оның нәзік те бауырмал жаны өз ауылы мен оған қатысты әрбір жақсылықпен де, ауыртпалықпен де біте қайнасып жатыр. Анау-мынау жағдай бола қалса, шетте жүрген ауыл адамдарын,  әсіресе, үлкендер жағын елге әкеліп жерлейді. Онда да өзіне тиесілі міндет-сауабынан қалай тартынсын. Туыстары келмей қалғанда, имамдардың өтінуімен жаза басып, сотталған кей адамдарды малын сойып, өзі қойған кезі де болған. Әкеден жастай қалып, өзімен бірге жылқы бағысқан Сағындық Ысқақов деген баланы да үйлендіріп, құдалығын түсіріп, өз үйіне дейін бергені тағы бір кісілігі емес пе?!

Осы отырғанымызда құлағы біздің қойған сауалымызда болса да, ара-кідік екі көзі анадай жерде жайылып жүрген малда. Мына жақта серіктестіктің егіні әлі алынбай тұр. Бізге тақаған бүйірі ортаңқы бірер мал тақырлау сидаң шөпті құныға тістелейді.

–Жаз бойғы құрғақшылық, одан бір жерді шиырлаудан барып, жылқының жүдеп тұрғаны осымен екінші жыл ғана. Қабырғалары ырсиып қалды. Бұрын бұлай болмаушы еді. «Тамыз» фирмасы айнала егін салып, жайылым тарылды. Жеріне түсіріп аламын ба деп жаз бойы жылқыны түнде шарбаққа қамап ұстаумен келемін. Қазір де қашан жинап алғанша көз алмау керек.

Жыл өткен  сайын жылқының соңындағылардың да көрген күні оңай емес екенін шынымен, Нәдірбектің осы сөзінен байқадым. Ана жақта табынның бір басында, малды бері қайырмалап, жаңа ғана мотоциклімен үйге қатынап, бізге қымыз әкелген үлкен ұлы Диас жүр. Ол келгенше жылқының сол қапталына Нәдірбектің өзі барып келгені де, малға ие бола алмай қалса, іс насырға шаппақ жаңағы әңгіменің төркінінен ғой. Шүкір, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде оқитын осы Диасы қолы қалт етсе, әкесіне асығып, апта айналмай көмекке келіп қалады. Ал, бұл үйде жастайынан «жылқышы боласың ба?» десе, «боламын» дейтін бала ауыл тарап бітерде дүние есігін ашқан осы Кеңестің соңғы тумасы, сүт кенжесі Алмас. Кім біледі,мүмкін солай болып та қалатын шығар.Ол екеуінен басқа оныншы сыныпта Инаяты, алтыншы сыныпта Жанелі бар. Сондықтан, балалардың оқуымен отбасы қалада, Көкшетауда.

–Ал, жалғыздық?!. Жиырма жылдан асты, ендігі сүйекке сіңіп те кетті. Елдің осы малын дұрыс таратып беріп, үй ішіммен ептеп сол қалада да отыруыма болар еді. Бірақ, жауапкершіліктен бе, неге екенін, кеткім келмейді. Алдағы уақыт не көрсететінін білмеймін. Тек айтарым, бір Кеңес деп жүріп, осынша жасымның қалай жылқының соңында өтіп кеткенін өзім де байқамаппын. Менің жан-дүниемді түсінетін асыл жарым Майрама рахмет. Қалада жүрсе де, көңілі осы жақта. Балалар демалыс, каникулға шықса-ақ, алып-ұшып келіп қалады. Жазда болса-болмасын, осында. Біз ес біліп, есейгелі бұлөңірден де жылқының тілін емеуірінен білген талай дүлдүл жылқышылар өтті ғой. Кейде малымыз шеттеп барып қалса да, тай-жабағымыз ауысса да, бір-бірімізге қабақ шытпай, бір кездегі сол кісілердің өзара жарастығын, жібек жіптей берік сыйластығын біз, қазіргі құрық ұстағандар да қалт еткізбей келеміз. Сіздің Ортақтан бастасақ, марқұм Қайыржан, Талғат деген жігіттер болды. Маратпен де ат үстінде араласып-құраласып жүрдік. Бір кездегі «Тернов»       совхозының атақты жылқышысы Екпін Сатымғалиев ағаның балалары, әке жолын қуған Серік пен Ерік ше?! Сол Тапшылдан бертінде Бүркітбай ағамыз шығып, «әке көрген оқ жонар» дегендей, осы күні орнын қаладан келген ұлы Мейрам басып отыр. Мен де ендеше, өзім ерекше көретін Алмасымнан неге үміттенбейін?! Осы жылдар ішінде жылқы бағуда анау-мынау оңай-оспақ кәсіп емес екеніне толық көзім жетті. Жастардың одан жүрексініп, қашқақтайтыны да сол. Жоғарыдағы Серіктің ойнап айтқан бір сөзі бар еді. «Сен жылқыда бізден де көп жүріп қалдың, Алла жазса осы бетіңмен ат үстінде сүрленесің ғой» деп. Солай-ақ болсын деймін. Ең бастысы, алдымдағы тоғыз айғырдың үйірі, 400 бас жылқы аман болса, ешқандай реніш жоқ.

Осы арада Нәдірбекпен арадағы екеуара әңгімеміздің бар иінін қандырып, ол да, мен де біржола орнымыздан тұрдық. Ел жақтан болған соң, ара-тұра қуаныш пен қайғыда көріп тұратын сабырлы жігіттің осы сұхбатпен өзім үшін тағы біраз қырын ашқаныма сөз жоқ, көңілім тоқ еді. Қайтар жолда жаңағы сыр пернелердің дөп басылуы ма,  құлазыған ауыл ішімен тағы бір жүріп өткім келген. Көп ұзамай Кеңесінің тарап кететінін қайдан білсін, сол жылдары Қалабай нағашымыз біз ескі сұлбасымен ғана келе жатқан мына көшенің басында күн-түн демей, өз қолымен жаңа үйін салып еді. Осы елдің Елемес, Бәйкен ағалар сияқты тұлғалы азаматтарын да білуші едім. Бір өзі груз таксиімен бір қауым елді тасыған Қамаш, өзім ұлы Қалиханмен Қотыркөл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында қатар оқыған Қожақанағалар, фермер болып тұрғанында «атымтай жомарт» атанған Әлімтай, техниканың неше түрін тізгіндеген Күликен, Айман сияқты талай жаны жайсаң адамдарға, жастарға бай еді. Ендігі бата берер үлкені Елубай аға Тайынша қаласында тұрады. Қостанай облысында жауапты қызмет атқарған Қасымдай тағы бір азаматы бар Кеңес көзі кеткенімен, елге өз қайраткерлерін әлі де беріп жатыр. Айталық, осы ауылдан шыққан Нұрлан Бекенов бұл күнде Парламент Сенатының депутаты.

Осы аты аталған, аталмаған кеңестіктердің бәрі жер бетінде жоқ ауылдарының ендігі киесі мен иесі етіп, қотандарына Нәдірбек бауырларын қалдырып кеткендей. Соны аманаттай қабылдап, туған Кеңесінің топырағында нық басқан азамат біздің осы бара жатқанымызда да әлі қалың жылқының о шеті мен бұ шетінен көз алмай, маңдайын самал сүйген қалпы, жаңағы әңгіменің әсерімен іштей туған ауылының тағдырына толғанып тұр ма екен. Меніңше, солай-ау!..

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Көкшетау – Ортақ – Кеңес – Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар