Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Зерттеуші ұстаз» – берері көп жоба - АРҚА АЖАРЫ

«Зерттеуші ұстаз» – берері көп жоба

Көкшетау қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» мен Ақмола облыстық әдістемелік кабинеті бірлесіп, «Зерттеуші ұстаз» жобасын жүзеге асырып отыр. Бұл жоба – білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектеп басшыларының кәсіби дамуын жетілдіруге бағытталған тың бастама. Біз таяуда Көкшетау қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығының» директоры Төлеген Нөгербаевпен осы тақырып аясында сұхбат құрып, аталмыш жобаның даму басымдықтары мен басқару іс-әрекетті зерттеу арқылы  мектепте оқыту сапасын арттыру, өзара кері байланыстың оқыту процесіне берер  артықшылықтары туралы пікірлестік.

 Жалпы ұлттың сапасын қалыптастыру үдерісінде мұғалімнің алар орны ерекше. Осы орайда,  балаларды оқыту мен тәрбиелеу сапасын арттыруда мұғалімдердің шеберлігі, кәсіби құзыреттілігі ерекше рөл атқаратыны даусыз.  Бұл білім беру сапасына оң әсерін тигізетіні анық. Осы бағытта орталықтың ұйымдастыруымен көптеген тың жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі әрине, «Зерттеуші ұстаз» жобасы. Бұл жобаның басқа жобалардан ерекшелігі қандай? Жалпы осы тақырып аясында кеңінен әңгімелеп берсеңіз.

– «Зерттеуші ұстаз» жобасы – Көкшетау қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы»мен Ақмола облыстық әдістемелік кабинетінің бірлесіп қолға алған бастамасы. Өткен жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жобаны үш жылға бекітіп отырмыз. Басты мақсаты мектеп басшыларының басқару құзыреттілігін жетілдіру болып табылады. Осы орайда, неліктен біз осы жобаны қолға алып отырмыз, оның ерекшелігі қандай деген сұрақтардың туындауы заңдылық. Себебі, осыған дейін біз жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында мұғалімдердің зерттеу құзыреттілігі мен дағдыларын  арттыруға бағытталған,яғни, «Lesson Study», «Action Research» сияқты   жобаларды қолға алған болатынбыз, олар әлі де жүріп жатыр. Қалай дегенменде, мектеп басшысы жағынан бақылау, дер кезінде кері байланыс орнату, қолдау жасау мәселелерінде бірқатар қиындықтар бар екендігін жасырмауымыз керек. Осы жоба аясында мектеп басшыларымен тікелей жұмыс істеп, оқу үдерісіне оң әсерін тигізетін қолдау әрі көмек болатын бір бастаманы қолға алып отырмыз. Ерекшелігі, бұл жобаға мектеп директорлары ғана қатысады. Қазіргі таңда облыс бойынша 17 мектеп, оның ішінде Көкшетау қаласының 4 мектебі жобаға тартылған. Біз бұл бастаманы қолға алудағы мақсатымыздың тағы бір себебі, қазіргі таңда білім беру саласына жаңашылдықтар көп енгізіліп жатыр. Бірақ, білім саласындағы сыртқы көрсеткіштер, яғни, бағалау көрсеткіштері көңілдегідей емес. Сондай-ақ, білім беру мазмұны өзгерді, мұғалімдер өз тәжірибесіне әртүрлі жаңа әдіс-тәсілдермен қаруланды, соған қарамастан, оқушы баланың сабаққа деген ынтасы, сабаққа деген қызығушылығы соншалықты жоғары деп айта алмаймыз. Яғни, сапалы нәтижелі жұмысты көрмей отырмыз. Осыларды алға тартып, біз сабақты, мұғалімдердің іс-әрекетін зерттеуге, себеп-салдарын тереңірек зерделеуге ден қоюмыз қажет шығар деген түйінге тоқталдық.  Жалпы, әлемдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, зерттеусіз жетістікке жету қиын екендігін байқаймыз. Біздің еліміз Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының (WALS) мүшесі. Сонымен қатар, еліміздің білім беру үдерісіне сабақты зерттеу, іс-әрекетті зерттеу жобалары енгізілген. Биыл осы қауымдастықтың ұйымдастыруымен халықаралық конференция болайын деп жатыр. Біздің, Көкшетау қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығының» аға менеджері Лилия Витальевна Журба «Зерттеуші ұстаз» жобасы аясында жүргізілген командалық зерттеу нәтижесі бойынша Нидерландының Зволле қаласында өтетін дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығының (WALS) 2023 халықаралық конференциясына қатысып, баяндама оқиды.

– Сонда, бүгінгі күні басқару стилін қалай өзгертуіміз керек? Жалпы, трансформациялық көшбасшы, супервайзер басшы – ол қандай басшы?

Мектеп директоры–  білім саласындағы болып жатқан өзгерістерді жүзеге асыратын тұлға. Қазіргі таңда заман өзгерген. Білім беру саласындағы жаңашылдықтар көп. Бұл алдымен, бүгінгі ұрпақты жаңа заман талабына сай қабілетті тұлға етіп тәрбиелеуге бастайды деп ойлаймын. Біз алдымен, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеуіміз керек. Бүгінгі оқушы – ертеңгі ел тұғыры. Ол үшін сапалы білім керек. Педагогикалық менеджмент саласындағы көптеген мамандардың пікірінше, қазіргі заманғы мектеп директорының бойында көшбасшы құзыреттілігі бар, мәселелерді шығармашылықпен шеше білетін, тек қана біліммен ғана қаруланған емес, жан-жақты, яғни, адами абзал қасиеттері жоғары жан болуы керек. Мектепті алтын ұяға теңесек, ол сол білім ордасының жүрегі, тірегі, қорғаны, қолдаушысы, жанашыры. Сол себепті, мектеп басшысы барлығында өз бақылауында ұстауы қажет.

Басқару стилі өз ішінен бірнешеге бөлінеді яғни, демократтық, либералды, ситуациялық және тағы басқалары бар. Трансформациялық басқару дегеніміз, ол процесте басқару, яғни, директордың өзі мұғалімдердің зерттеуінің ішінде бірге жүреді. Трансформациялық басқару болған кезде жаңағы демократтық, либералды, ситуациялық басқару стильдері де қолданылады. Өйткені, директор осы процестің ішінде болады. Ол ситуация арқылы мұғалімдердің зерттеу жұмыстарын қалай жетілдіру керектігін шешеді. Бұл жобаның ерекшелігі, біз директорлармен жұмыс жасаймыз, ал, ол өз ұжымында мұғалімдерден топ құрады да, вебинарлар, семинарлар, конференциялардағы алған білімдерін іс-тәжірибеде қолданады. Өздері құрған команда жұмыстарына талдау жасайды. Кемшіліктері мен жетістіктерін негізге ала отырып, рефлексивті талдау  жасайды. Біз сол талдау нәтижесінде кері байланыс береміз. Біздегі басты мақсаттардың бірі – директорлардан супервайзерлер даярлау. Ол дегеніміз – бұл дер кезінде мұғалімдеріне көмек көрсетіп отыратын адам.  Ғылыми терминмен айтатын болсақ, скафолдинг әдісін қолданамыз. Олар өз мұғалімдеріне дер кезінде ұсыныс, уақытымен кері байланыс береді. Тағы бір екпін түсіре атап өтетін жайт, осы жоба аясында біз каскадты әдісті де қолданамыз. Каскадты әдіс дегеніміз не? Мысалы біздің жобаға 17 директор қатысса, олардың әрқайсысында өзінің зерттеу тобы бар. Ал, әр топта 7-8, кейде 3-4 мұғалімнен болады, бұл мектептің ауқымына байланысты. Қазіргі таңда жоба аясында 115 мұғалім тартылған. Яғни, дәріс алған әр мұғалім ертеңгі күні өзі де көшбасшы болып шыға алады. Жаңартылған білім беру бағдарламасы енді енгізілген тұста біз осы әдісті пайдаланғанбыз. Бұрындары барлық назар оқушыда болатын. Ал, мұғалімнің жетістіктері мен кемшіліктеріне баса мән берілмейтін. Ал, осы жоба аясында мұғалім оқушыны, директор мұғалімді бақылайды. Зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей көбіне мұғалімдер сабақта әдіс-тәсілдерді пайдаланғанда оны дұрыс саралаудан қиналады. Тапсырмалар балалардың білім деңгейіне қарай жасалынбайды. Мұғалімдер бағалау дескрипторларын дұрыс қоюда қиналады. Сол себепті, оқушы балалардың барлығы кері байланыс алмайды. Кері байланыс ата-аналарға да жетпейді. Осыдан барып, тоқсандық бағалау кезінде білім сапасы төмен екендігі анықталады. Қалыптастыру бағалау сабақтың үстінде жасалу керек, қай баланың қандай кемшін тұсы бар немесе артықшылығы бар, осы мәселелерді зерттеу барысында анықтап жатырмыз.  Ал, бұрын бағдарламаны түсіндіру, қолданысқа енгізу мәселесіне көп мән берілсе, қазір сол білімнің нәтижесі қандай деген сұраққа жауап іздеу мәселесіне зор көңіл бөліп жатырмыз. Мұғалімдер балалар кітап оқымайды дейді? Ал, себеп-салдарына неге мән бермейміз? Зерттеу жұмыстарына ден қойсақ, міндетті түрде сұраққа жауап алатынымыз анық. Яғни, жоба аясында мектеп директорының басшылығымен құрылған зерттеу тобы оқушы мен мұғалімнің, мұғалім мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынасты, кері байланысты зерттей отырып, білім сапасының төмендеуінің себеп-салдарын анықтап, әрі қарай жетістікке жету жолдарын қарастыруда.

– Дұрыс бастама екен. Қазақта «Желкенді қалай қойсаң, қайық солай жүзеді» деген сөз бар. Шынымен де, көп мәселе басқаруға байланысты екендігі анық. Осы орайда, жобаның жұмыс нәтижесімен тәжірибе алмасу мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр?

Кез-келген уақытта бірлесе, ынтымақтастықта  атқарылған іс нәтижелі болары сөзсіз. Иә, заман талабына сай жұмысты жоспарлау мектеп әкімшілігінің командалық жұмыс нәтижесі. Жоба аясында жүзеге асқан командалық зерттеу топтары мұғалімдердің кәсіби өсуімен дамуына оң ықпалын тигізуде. Осыған байланысты біз үздік зерт топтарының жұмыс нәтижелерін үлгі етіп, аудандық, қалалық, облыстық семинарлар өткізіп тұрамыз. Жобаға қатысып жатқан 17 мектеп директоры республикалық семинарға да қатысып, сол жиында 4 мектеп директоры өз тәжірибелерімен бөлісіп, баяндама оқыды. Жалпы атқарылған ауқымды жоспар көп, мақсат біреу. Ол – келешек кепілі, болашақ ұрпақтың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасау.

– Сұхбатыңызға рақмет! Игі бастама жалғасын тауып, мақсат-мұраттарыңыз жүзеге аса берсін!

  Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар