Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Голливудта алғаш қобыз тартқан қазақ - АРҚА АЖАРЫ

Голливудта алғаш қобыз тартқан қазақ

Бұл жазбамызда небары қырық тоғыз жасында мезгілсіз өмірден өткен талантты қобызшы, әнші, жыршы-термеші, сатирик жазушы Ерназар Ыбыраевтың шығармашылық қырларына барлау жасауға тырыстық.

Көкшетау – ән бесігі, жыр бесігі

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары – қиындығы мен қызығы астасқан ерекше бір кезең еді. Жоспарлы экономика дәуірі келмеске кетіп, тапшылық, қымбатшылық елді қинай бастағанымен, жұрт алға үмітпен қарады. Жаңа құрылған жас мемлекетте, соның ішінде Көкшетау қаласында да қазіргі тілмен айтқанда, шын мәніндегі ұлттық рухани жаңғыру жүріп жатқан еді. Қазақ педагогикалық колледжі, қазақ музыкалық драма театры, қазақ филология факультеті, т.б. құрылып, жұмысы жандана бастауы өңірдегі ұлттық тіл мен ділге қан жүгірткен игі қадамдар еді. Әрине, әйгілі сал-серілердің әні, Құлагер тұяғының дүбірі  қалған өңірдің әдеби-мәдени өмірі тоқсаныншы жылдарға дейін де өз ырғағымен өрбіп келгені анық. Бірақ, тоқсаныншы жылдар ерекше бір көңіл күйлі, серпілісті кезең болғаны сөзсіз. Көкшетауда 1996 жылы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театры ашылуы да жұртшылық үшін ерекше бір оқиға болып еді. Алғаш «Ақ бидай» аталатын мәдениет сарайында көрермендерімен қауышқан театр бұл күндері өз көрермендерін қалыптастырған, еліміздің мәдени өмірінде өзіндік орны бар, тәжірибелі өнер ұжымына айналған.

1996 жылға дейін де Көкшетауда, бүгінгі Шахмет Құсайынов театры орналасқан ғимаратта «Көкше» атты театр студиясы жұмыс істегені, осы ұжымның ерекше дарынымен ерекшеленген өнерлі жастары сонау тоқсаныншы жылдары әсем ән, сұлу сазбен тыңдағанның құлақ құрышын қандырып, танымал болғаны аға буын көрермендердің есінде болар.

Ұлтсүйер азамат Жанат Жақып-Сейітұлы Қасымның бастамасымен, тікелей қаржылық қолдауымен құрылған бұл өнерлі де шығармашыл ұжымда сол тұста Мереке Бекмағамбетов, Жабай Қалиев, Құдайберген Насыров, Ерік Асқаров, Ерназар Ыбыраев және т.б. өнерлі азаматтар болған еді. Расымен де сол кездегі Қазақ лицейі ғимараты Көкшетаудағы қазақ руханиятының нағыз локомотиві іспетті еді ғой. Осында түрлі концерттік қойылымдар, «Жігіттің сұлтаны», «Қыз сыны» тәрізді байқаулар, қазақтың небір марғасқаларымен, шығармашыл жастармен тағылымды кездесулер, мерейтойлар, аламан айтыстар өткізіліп жататын. Ол кез айтыстың да шынайылығы басым, шырайлы шағы еді. Ол заманда жарықтың сөніп қалуы әдепкі жағдайға айналғандықтан, ешкім бұған таңдана қоймайтын, сахнада жарық сөніп қалғанда қолшам, майшам жағып қойып та жалғастыра беретін еді ғой.

Жастары негізінен отыздың арғы-бергі жағында болар-ау дерлік, Қазақ лицейіндегі өнерпаздар тобының арасында Ерназар Ыбыраевтың шоқтығы анағұрлым биік көрінетін еді. Қойылымдарда түрлі көзге таныс аспаптарды шебер ойнайтындығына қоса, қазақ арасында сол тұста сирек, тіпті әлі де солай болып келе жатқан қара қобызды құлақ күйін келтіріп алып аңырата тартып, шабыты буырқана қосылып шырқағанда, сонау ықылым заман аңызындағы Қорқыттың өзі кіріп келіп, сахнада отырғандай әсер қалдырушы еді. Ол кезде «Доспамбеттің сарынын» бебеулеткен Бекболат Тілеухандар, «Боз інгенін» боздатқан Саян Ақмолдалардың қобыз үні әлі танымалдана бермеген тұсы болса керек. Сондықтан да болар, қазіргі күні қобызбен бебеулетіп ән салған өнерпаз болса, тоқсаныншы жылдары сахнаның сәнін келтірген, өмірден ерте кеткен Ерназар Ыбыраев ойымызға оралады да тұрады. Қырық тоғыз жыл ғана ғұмыр кешіп, шығармашылық дәуірінде жасындай жарқырап, сан қырлы талантымен тамсандырған Ерназар Ыбыраев кім еді? Бұл сұраққа марқұмның көзін көрген, өнерін тамашалған алдыңғы буынның жауабы әзір екені анық. Кейінгі жас буын білмеуі де мүмкін. Ендеше, Ерназар Ыбыраев кім? Оның шығармашылық әлемі қандай еді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Ерназар Советұлы Ыбыраев 1959 жылы Көкшетау мен Қызылжар күре жолының бойында жатқан қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында дүниеге келеді. 1976 жылы ауылдағы қазақ орта мектебін тәмамдаған соң әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының қазақ ұлт аспаптары бөліміне оқуға түсіп, 1980 жылы бітіріп шығады. 1981-1982 жылдары Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтейді. Армиядан келген соң жолдамамен Торғай облысына барып, сол кездегі республикадан тыс өңірлерге де кеңінен танымал «Шертер» ансамблі құрамында қобызшы болып, қалың жұртшылықтың алдында өнер көрсетеді. 1985-1991 жылдар аралығында туған ауылы Аралағаштағы музыка мектебінің директоры болып қызмет атқарады. 1991-2005 жылдары Көкшетау облыстық мәдениет басқармасында, облыстық филармонияда, Ақмола облыстық телерадиокомпаниясында, кейін республикалық «Алаш үні», «Шығыс спорт өнерлері» газеттерінде қызмет істейді. Ерназар Советұлы жігіт ағасы жасқа келіп, талантының нағыз ашылып, құлашын кең жазар кемел шағында, 2007 жылы мезгілсіз дүние салды.

Голливуд аспанын қобыз үніне бөлеген

Ерназар Ыбыраев – кәсіби қобызшы. Шымкент мәдениет институтында төрт жыл бойы оқып игерген мамандығы болған соң, Ерназар Ыбыраевты жұрт ең әуелі қобызшы ретінде танып білді. Әсіресе, жоғарыда атап өткеніміздей, «Шертер» ансамблі мен «Көкше» театр труппасы құрамында жүргенде қобызшылық талантымен ел ықыласына бөленді. Кейін «Көкшетау» университеті («Көкше» академиясы) жанында «Қорқыт ата» атты қобызшылар квартетінің құрылуы Ерназар Советұлының нағыз өнер жолында кең тынысы ашылған шағы болды. Көкшетау төңірегінен асып, республикаға таныла бастаған квартетке Америка Құрама Штатына барып өнер көрсетудің сәті түседі. «Көкше» академиясының басшысы Жанат Қасымның демеушілігімен квартет АҚШ-тың Лос-Анджелес, Аризона қатарлы көптеген қалаларында концерттер береді. Әлем киноиндустриясының алыбы Голливудтың төрінде қазақтың қыл қобызын алғаш құлаштай аңыратқан Ерназар Ыбыраев болды. Осы сапар туралы Жанат Жақыпсейітұлы былай деп еске алған екен: «Біз барғанда аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп тұрған-ды. Мұхит асып алыстан келген соң осы арада қобыз үнін шығарғымыз келді. Ішімнен: «Тәуекел!» – деп Ерназарға: «Қыл қобызыңды осы арада бір тартып жіберсеңші», – деп ұсыныс жасадым. Ол бір қойтастың үстіне жайғасып отырып алып, қыл қобызын аңыратып қоя берді. Каньонды тамашалап жүрген әр түрлі ұлт өкілдері қобызды тыңдап, жиналып қалды. Арада бірер минут уақыт өтті ме, өтпеді ме, каньон жақтан жел көтеріліп, әп сәтте аспанды торлаған қалың бұлтты айдап ала жөнелді. Енді бір сәтте жаңбыр сап тыйылып, аспан шайдай ашылып, күн жадырап шыға келді. Бұл құбылысқа өзіміз де, өзгелер де таң қалды. «Бұл – қыл қобыздың қасиеті ғой», – дестік бәріміз де».

Иә, Ерназар Ыбыраев бастаған қазақ музыканттары мұхиттың арғы бетіндегі жат елге барып, қара қобыздың құдіретін осылай танытыпты. Сыр суының бетінде мәңгіліктің күйін тартқан Қорқыттан, қыл ішекті қу ағашты аламаннан оздырған Қойлыбайдан, келер заманның жай-күйін болжап, «Кертолғауын» аңыратқан Ықыластан жеткен терең тынысты тылсым әуен, адуын сарынның алапат күші ғой, бұл.

Ерназар қобызшы сол тұста атағы дүрілдеп тұрған «Тамаша» ойын-сауық отауының шақыруымен Алматыға барып, Республика сарайы сахнасында өнер көрсетіп, ол бағдарламаны отандық телеарналардан таратқан болатын.

Ерназар Советұлы сондай-ақ, АҚШ, Польша, Филиппин, Корея, Жапония сияқты шетелдерде болып, қобыз күйін әуелетіп, өнерін көрсетеді. Біздің жоғарыда «қобызшы» деп атап, соған баса көңіл бөліп отырғанымызға қарап, Ерназар Советұлы тек қобыз ғана тартқан музыкант екен деуге әсте болмайды. Бұл туралы өнердегі әріптесі, өмірдегі досы, белгілі әнші Мереке Бекмағамбетов былай деген екен: «Айтайын дегенім, Ерназар сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Ансамбльге, орекстрге араласып кетсе, оның ойнамайтын аспабы кемде-кем. Ол қай аспапқа музыкант жетпей жатса, соның орнына отырып ойнай беретін. Телевидениеге барса журналист, газетке барса тілші болып кететін. Ол жолдастыққа, достыққа өте адал еді. Жолдастарын ешқашан сатпайтын». Міне, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы дейтін азаматқа тән сипаттама.

Сатираның сайыпқыраны

Ерназар Ыбыраев – қаламы жүйрік сатирик жазушы. Ерназар ағамен алғаш немере ағам Ерболат Баятұлының үйінде танысқан едім. Жеңгеміз Гүлжан Ахметовамен бір ұжымда жұмыс істейтін әріптестері, Ерболат ағамыздың достары Ерік Асқаров пен Ерназар Ыбыраевтардың жарасымды әзіл-қалжыңы мен өнеріне тәнті болып, көпшіл де, ашық-жарқын, кісілікті тұлғаларын танығандай едім. Әзіл-қалжың демекші, Ерназар Ыбыраев талантының ең бір тамаша қыры – әзіл-сықақ жанрында жарқырай көрінді. Көкшетауда сол кезеңде қазақ газеттерінің саны әлдеқайда көбірек, әрі олардың қалыптасқан оқырмандары да бар еді. Қазіргідей гаджеттердің емес, газеттердің дәурені жүріп тұрған бұл тұста жергілікті, республикалық басылымдарда Ерназар Ыбыраевтың сатиралық әңгімелері, скетчтері, өлеңдері жиі жарияланатын. Сатиралық болғанда, нағыз садағының кірісі ащы тотияйынға суарылған, нысанасына дөп тиер шынайы да, түсінікті туындылар болатын. Қаламгердің ащы сарказмге меймілдеген туындысын кейбір сужүрек, дәрменсіздер ашық айқара оқуға жүрексініп, айналасына қуыстана қарап апалақтап қалатындай дүниелер еді. «Газеттің бетін ашып қалсаң Назарбаев, теледидардың пультін басып қалсаң Назарбаев» дейтін жарияланымы – ел есінде болар және бұл – жеке басқа табынушылық шегіне шыққан заманға деген қаламгердің қарсылығы болатын. Әрі қоғамдағы шындықты сол заманда осылай жазуға әркімнің-ақ жүрегі дауалай бермеген. «Айтарын ашып айтқан, абайламай! Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!», – деп Мұқағали айтқанындай, расымен де көп шындық дүниені күлбілтелетпей-ақ жазып-жазып тастаған екен-ау, азамат дейсің…

Ерназар Ыбыраевтың қаламынан шыққан көптеген туындыларды  отандық әзіл-сықақ ұжымдары үлкенді-кішілі сахналарда орындады. Соның бірі: қай әзіл-сықақ ұжымы ойнайтыны есімде жоқ, «Пәтер сату» атты, Ерназар Ыбыраев жинағындағы «Үш комнаталы квартира сатам» туындысы негізіндегі қойылым. Ерназар Советұлының әдеби туындылары Көкшетауда шығатын газет-журналдардан өзге «Қазақ әдебиеті», «Ара», т.б. республикалық басылымдарда жарық көріп, ол туындылары қазақ сатирасының серкелері Сейіт Кенжеахметұлы, Ғаббас Қабышұлы, Көпен Әмірбектердің назарына ілініп, олардың батасын алып, таланты жарқырай танылып келе жатқан еді. Жазушының 2005 жылы «Сүйіскің келе ме?», 2007 жылы «Қисық кітап» атты әзіл әңгімелер жинағы жарық көрді. Аттарының өзі айтып тұрғанындай, екі кітап та әзіл-сықақ жанрында жазылған. «Қисық кітап» кітабының дизайнының өзі де «қисық». Ерназар Ыбыраев сықақтарының бәрі өмірдің өзінен ойып алынған десек, еш қателеспейміз. Әрбір әзіл әңгімесінде дерлік кездесетін Жәни, Игібай қатарлы ақ көңілді қожанасыр қазақтар – өз заманының шынайы кейіпкерлері. Тіпті, жазушының көптеген кейіпкерлері осы күні құдайдың қуатымен, Көкшетау мен Қызылжардың ортасында аман-есен тірлік кешіп жатқаны және анық.

«Орны қалар ойсырап, бір күні көрге кіргенде», – деп өзі де өмірден ерте озған әйгілі әнші Жәнібек Кәрменов жырлап шырқағанындай, бір басында кәсіби музыкант, қобызшы, әнші, сатирик жазушы, жыршы, көсемсөзшінің қабілет-қырлары тоғысқан Ерназар Ыбыраевтың шығармашылық әлеміндегі орны ойсырап қалғаны анық. Көңілге медеулігі, сан қырлы талантты тұлғаның соңында өлмес туындылары, өшпес өнерінің дабысы қалды. Жан жары, қос ұлы Нартай мен Мараты қалды. «Әке көрген оқ жонады» демекші, Марат бауырымыздың тележүргізушілік қырымен көпшілікке танылып келе жатқандығын да әке қанымен берілген ізгі қасиеттің ұшқыны, атадан балаға жалғасқан киелі топырақтың нәрі дер едік. Ізгі қасиет, киелі топырақ демекші, сөз соңында Ерназар Ыбыраевтай азаматты тал бесікте тербеткен киелі топырақ туралы да аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн болмақ.

Аралағаш – айтулылар мекені

Арқаның жер шоқтығы Көкшетаудың солтүстігінен Есіл бойындағы Қызылжарға дейінгі ойдым-ойдым орманды кең алқапты мекендейтін қазақтардың денін Дәуіттің он екі ұлынан тарайтын атығай рулары құрайды. Арқаға орда тіккен Хан Абылайға тірек болып, ақыл қосқан әйгілі батырлар Құлеке, Құлсарылардың заманында осы өңірлерді ен жайлаған естек руларын Есілден өткізе, біржола тықсыра келіп, қоныс қылған қалың атығайдың бір бұтағы қойлыдан тарайтын бір қауым ел Көкшетау мен Қызылжар ортасындағы Жолдыөзекті мекендейді.

Қолындағы малының жай-күйімен әрбір қопада, қыстаулықта өмір сүрген қазақ қожалықтары Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде ірілендіріліп, ұжымдастырыла бастайды. Бұл үрдіс біршама жылдарға ұласты. Қазіргі ауылдар сол ұжымдастырудың нәтижесінде құрылды. «Аралағаш іргесін жесір әйелдер мен балалар, кемпір-шалдар соғыс жылдары қалады», – деп жазған екен жергілікті өлкетанушы ұстаз Молдахмет Сұрағанұлы «Ауылым – алтын бесігім» атты кітабында. Аралағаш десе, арал ағаш – кеңес заманының тұсында айнала тұтасқан ормандай орыс ортасындағы қазақы тірліктің шағын аралы іспетті болған бұл ауылдан небір көрнекті тұлғалар шығыпты. Атап айтқанда Қазақстанның тұңғыш Ішкі істер халық комиссары, алып қара күштің иесі Зікірия Мұқиұлы, Қазақстан ЛКЖО Комитетінің бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитов, Қаз ССР Оқу ағарту министрінің орынбасары болған Мұстақым Нұрғалиұлы қатарлы белгілі азаматтар – Аралағаштың тумалары. Бұл аталған тұлғалар – сталиндік зұлматтың құрбандары. Жоғарыда аты аталған Зікірия Мұқиұлы туралы белгілі жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» атты кітабында мынадай жолдар бар: «Енді бір жолдасым Зікірия Мұқиев. Бұл бір адамның алыбы. Отыз пұт теңді иығына салып жүре береді. Оның жолдастары арасындағы аты – «Қазбек гора». Тұлғасына қарап қойылған». Демек, Зікірия алып – жарты тонна жүкті иыққа салып алып жүре беретін күш иесі деген сөз. Казбек гора – өткен ғасырда өмір сүрген, бойы 228 см, салмағы 2 центнер тартқан осетин балуаны Темірболат Кануков. Жарты тоннаға жуық жүкті иыққа салып жүре беретін Зікірия Мұқиұлының да Казбек таудан осал болмаса керек.

Аралағаш ауылынан шыққан белгілі тұлғалардың бірі – қазақ киносының жаңа туған жарқын жұлдызы Самал Есләмова. Аралағашта 1984 жылы дүниеге келіп, осы ауылдағы қазақ мектебінде оқыған Самал Ілиясқызы 71 рет өткен Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алған.

Мінеки, қазақ даласының қиыр солтүстігінде жатқан кішкентай ғана қазақ ауылы Аралағаштың қазақ тарихындағы, мәдениеті мен әдебиетіндегі орны осындай. «Елдің атын ері шығарады», – дегендей, елінің атын шығаратын ері, ерінің атын ұлықтайтын елі барда тәуелсіз еліміздің келешегі кемел, бостандығы бекем болмақ. Аз ғана ғұмырында соңында өшпес із қалдырған өнерпаз шығармашыл тұлға Ерназар Советұлы Ыбыраев туралы әлі де талай айтылып, жазылары анық. Себебі, ел үшін жасалған еңбек ұмытылмақ емес.

Асылбек Байтанұлы,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар