Елімізде қызылша дерті бойынша жағдай өте күрделі. Әсіресе, оңтүстік облыстарда індет өршіп барады. Ал, біздің облыстағы ахуалға келсек, жыл басынан бері 200-ден аса жағдай тіркеліп, оның 139-ы зертханалық жолмен расталған. Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
–Індетке ұшырағандардың дені балалар. 1 жасқа толмаған сәбилердің арасында 22 дерек тіркелсе, 111 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында орын алған. Сырқаттанғандардың 85 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмағандар, оның 44 пайызында ата-аналары екпе егуге қарсылық білдірген және 13,5 пайызына медициналық тұрғыдан вакцина алуға тыйым салынған, қалғандары екпе алу жасына жетпеген. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бүгінде өңірдің жұқпалы аурулар бөлімшелерінде 27 науқас қызылшадан ем қабылдауда. Барлығының жағдайы қалыпты, –деді Айнагүл Мусина.
Мамандардың айтуынша, аймақта 44 600 адам қосымша жаппай иммундалуы қажет, оның ішіне 6 және 10 айлық сәбилер де кіреді. Бүгінде өңірдің медициналық мекемелерінде қызылшаға қарсы екпенің 11500 дозасы бар, алда тағы да 40 мыңнан астам доза әкелінбекші. Биыл облыста балаларды қызылшаға қарсы вакцинациямен қамту жоспары 83,6 пайызға орындалыпты. Десе де, Астрахан, Қорғалжын Жақсы аудандарында бұл жұмыстар бәсең жүргізіліп жатқан көрінеді.
–Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінде осы күнге дейін 71 бала ем алды. Олардың 43-і қызылшаға қарсы вакцина алмаған. Жалпы сырқаттанып жатқан балалардың 99 пайызы екпе алмағандар десе болады. Осы ретте, ата-аналар балаларының денсаулығын ойласа, мекен жайы бойынша қызмет көрсететін медициналық мекемелердің қызметкерлері тиісті вакциналарды алуға шақырғанда, балаларға дер уақытында екпе еккізгендері жөн. Бұл өздерінен бұрын балаларының денсаулығына қажет. Өткен аралықта бір жасқа толмаған екі сәби қызылшамен ауыр жағдайда ауруханамызға түсті. Ұзақ емделді, абырой болғанда аман-есен шықты, –деді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Виктория Пичкунова.
Иә, елімізде қызылша ауруы бойынша жағдай алаңдатарлық. Десе де облыста бұл жағы жағдай әзірге тұрақты. Дегенмен, босаңсуға болмайды дейді мамандар.
–Қазан айымен салыстырғанда аурудың үш есе өскенін байқаймыз. Әсіресе, облыс орталығында қызылшамен сырқаттанушылар басым. Себебі, мұнда халық көп, –деді Айнагүл Мусина.
Екпе – індетпен күресудің жалғыз жолы. Сондықтан, жаппай иммундаудан ауыл халқы да қалыс қалмауы тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары жуық арада ауылдарда жылжымалы пункттер ұйымдастырып, вакцина алуы тиіс тұрғындарды екпемен қамтып, індеттің өршуін алдын алмақшы. Ата-аналар вакцинадан емес, балаларының осы аурумен ауыру ықтималдығынан қорқулары керек.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.