Кезекті еңбек маусымы – табысты аяқталды

«Жасыл ел» жастар және студенттік еңбек жасақтарының кезекті ХІХ маусымы мәресіне жетіп, салтанатты түрде жабылды.

«Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен Ақмола облысының «Жасыл ел» жастар және студенттік еңбек жасақтарының кезекті маусымының жабылу салтанаты облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев іс-шарада құттықтау сөз сөйлеп, биылғы маусымға қатысқан жастарға табысты еңбектері үшін алғыс білдірді.

–  «Жасыл ел» ұлттық жобасын іске асыру, оны нағыз бұқаралық жастар қозғалысына айналдыруға мүмкіндік берді. Жастар – біздің мемлекетіміздің қуатты қозғаушы күші болса, бұл жоба қазіргі жастар қозғалысының үздік өкілдерінің қызметін насихаттайды және оларды танымал етеді, белсенді жас қазақстандықтардың оң имиджін қалыптастырады. Белсенді азаматтық ұстанымы бар, ойшыл, патриот жастар осындай еңбек жасақтарында шыңдалады, – деді Сабырхан Мейірханұлы.

Жастар және студенттік еңбек жасақтарын құрудағы негізгі мақсат жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырып, оларды еңбекқорлыққа тәрбиелеу, патриотизмге шақыру, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру болып табылады.

Аталмыш іс-шараға облыс аудандары мен қалаларының «Жасыл ел» жасақтарының сарбаздары  қатысты. Биылғы еңбек маусымында жасыл елдіктер қатарында облыстан 1200-ден астам сарбаз еңбек етті. Салтанатты кеште еңбек маусымының «Үздік сарбаздары», «Үздік штабтары» дипломдармен және 50 мың теңгенің тауарлық сертификаттарымен марапатталды, сонымен қатар, 50 шақты жас сарбаз Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарға ие болды.

Жасыл елдіктер еңбегі ұлықталған шара соңы мерекелік концертке ұласты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар