Әкімнің деректеріне сүйенсек, биыл туристерді орналастыру кезінде 16,5 млрд теңгеге қызмет көрсетілді. Бұл сома былтырғыдан үштен біріне артық.
Марат Ахметжанов Мемлекет басшысының өңірлік туризмді дамыту үшін серпінді жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын еске салды.
«Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Облыста туризмді дамытуға құны 23 млрд теңгені құрайтын 65 инвестициялық жоба табысты іске асырылып жатқанын атап өткім келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 есеге артып, 23,3 млрд теңгені құрады», – деп сендірді спикер.
Айта кетерлігі, 2024 жылы құны 25 млрд теңгеден асатын инвестициялар арқасында 30 жаңа жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ, курорттық аймақтың инфрақұрылымын жақсартатын жобалар да басталатыны белгілі болды.
Әкім өңірде тұрғын үй құрылысы да белсенді дамып келе жатқанын айтты. Бүгінде 5 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін 290 отбасы үшін тағы 6 үйді пайдалануға беру көзделген.
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері жоспарлы түрде шешіліп жатыр. Биыл осы салада 61 жобаны іске асыруға 21 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыс бюджетінен Көкшетау су тазарту құрылыстарын қайта жаңғыртуға және кеңейтуге 1,5 млрд теңге жұмсалды.
Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп, жарты ғасыр бұрын салынған және 90%-ға тозған Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту мәселесі де шешілмек.
Дереккөз: ortcom.kz