Әсерлі бір жүздесу болды

Көкшетау қалалық қазақ кітапханасы «Туған өлке» жобасы аясында белгілі ақын-жазушы Серік Жетпісқалиевтің шығармашылығын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында кездесу кеш ұйымдастырды.

Танымал қаламгермен өткен кездесу кешіне өз туған өлкесінің талантты тұлғаларын тануға ықылас білдірген Көкшетау қаласының №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясының оқушылары және кітапхана оқырмандары қатысты.

–Көкшетау қалалық қазақ кітапханасы жас  ұрпақтың туған жеріне, еліне деген  сүйіспеншілік  сезімдерін арттыру, оларды туған халқының әдебиетін сүюге тәрбиелеу, сондай-ақ, Көкше өңірінен шыққан тұлғалардың қайраткерлік өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында «Туған өлке» жобасын қолға алған болатын. Өлкемізде қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып, өз дара жолдарын қалыптастырған қаламгерлер баршылық. Солардың бірі Серік Сапарұлы Жетпісқалиев. Оқушыларды қаламгермен кездестірудегі мақсатымыз – жас ұрпақты жазушының кітаптарымен, шығармаларының шығу тарихымен таныстыру, әдебиетті сүюге баулу,–деп атап өтті аталмыш кітапхананың қызметкері Маржангүл Тілектесқызы.

Іс-шарада қаламгердің  өмір жолы мен шығармашылығы жайлы оқырмандарға мазмұнды мағлұмат беріліп, бейнесюжет көрсетілді.  Серік Сапарұлы өз кезегінде өскелең ұрпақтың өз ана тілін жақсы  біліп, оны құрметтеу қажеттігіне, әрі қолданылу аясын кеңейту мен абыройын асқақтату – әрбір азаматтың борышы екендігіне ерекше мән берді.  Және де қаламынан туған туындыларының кейбірінің шығу тарихына тоқталды.

–Біздің бар болмысымыз, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз, дініміз мен діліміз, әдебиетіміз ана тілімізде жатыр. Сондықтан, бірнеше тілді білсең де, ең алдымен өз ана тіліңді құрметтеулерің керек. Айналайын, жастар еңбектеніңдер, ізденіңдер. Әсіресе, қойған мақсаттарыңа жетуге бар таланттарыңды, білімдеріңді салыңдар, спортпен шұғылданындар. Өмірде түрлі қиыншылықтар кездесуі мүмкін, ондайда мойымай, қажымай, талмай еңбектене беру керек. Менің өмірлік ұстанымым осы, –деп оқушыларға ағалық ақылын айтты. Оқушылар түрлі сұрақтар қойып, қаламгердің шығармашылығымен таныс екендіктерін білдірді. Қаламгер алғашқы өлеңін қалай жазғаны, бала кезінен бастап журналист болуды армандағаны, ауыл кітапханасындағы барлық кітаптарды оқып тауысқаны жайлы оқушыларды қызықтыра отырып, әңгімелеп берді және «Махамбет туралы топтамасына» кеңінен тоқталды. Кездесу соңында іс-шараға қатысушылар автордың кітаптары мен өмірінен сыр шертетін мазмұнды көрмемен танысты.

Кеш соңында кітапхана қызметкерлері балалар әдебиетіне де сүбелі үлес қосып келе жатқан Серік Сапарұлы мен кездесуге қатысқан оқушыларға алғыс білдіріп, ризашылықтарын жеткізді. Оқушылар кітапханадағы кітаптарға саяхат жасап, рухани әлемнің тұңғиығына бойлады.

Жанар АЙТҚОЖИНА,
Көкшетау қалалық қазақ
кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар