Жуырда Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми кітапханасында «Абылай ханның жорық жолдары және Ұлы даланың ұлы тұлғалары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық музей, Ақмола облысының әкімдігі және «Бабалар рухына тағзым» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Үш жүздің басын қосқан хан Абылайдың 310 жылдығына орай өткізілген келелі басқосуға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Ақмола облысы әкімдігінің қызметкерлері, «Абылай ханның қара жолы» республикалық экспедициясының мүшелері, тарихшы, ғалымдар, музей қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директорының орынбасары Өміртай Амалбек жүргізіп отырды. Алдымен құттықтау сөз Ақмола облысымәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитоваға берілді. Өз кезегінде Айгүл Баубекқызы республикалық конференция жұмысына сәттілік тілеп, облыс әкімі Марат Ахметжановтың құттықтау хатын оқып берді.
– Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен 2018 жылы бастау алған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы биыл бесінші мәрте сапарға аттанды. Халықаралық деңгейдегі экспедиция Мысыр елін билеген Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы, қазақтың ұлы хандарының бірі Абылай ханның 310 жылдығы, ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығы, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналды. Зерттеу жұмыстары халқымыздың тарихи, рухани, мәдени өмірі, салт-дәстүрі, ұлы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығы, киелі орындармен танысу бағытында біршама құнды мәліметтер жинақтады. Сондықтан да Жаңа Қазақстанның өркендеп өсуіндегі, Отанымыздың бай мәдени құндылықтарын дамытудағы елеулі еңбектеріңіз үшін экспедиция мүшелеріне шынайы алғысымды білдіремін. Шығармашылық еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық тілеймін!» – делінген аймақ басшысының құттықтау сөзінде. Оған қоса, тағылымды іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Талғат Жүнісов, Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова онлайн форматта қатысып, конференция қатысушыларына лебіздерін білдірді.
Республикалық жиынның басты шарасы ретінде«Абылай ханның қара жолы» республикалық экспедициясының зерттеулері негізінде жарық көрген «Абылай ханның қара жолы» кітабының II томы қатысушыларға таныстырылып және тұсаукесер рәсімі өтті. Көпшілікке арналған тарихи-танымдық, ғылыми кітаптың тұсауынқазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, халқымыздың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров, Ақмола облысымәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, тарихшы және әдебиет зерттеуші ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы, Серік Негимов, Жамбыл Артықтаев, Бүркітбай Аяған кесіп, ақ жарма тілектерін жолдады. Өз кезегінде сөз сөйлеген Тоқтар Әубәкіров Абылайхан мен Кенесары әлі де көп зерттеуді қажет ететін тақырып екенін айтып, сол жолда ғалымдар мен тарихшыларға аянбай еңбек етулерін тіледі. Және Кеңес заманынан бұрмаланып жазылған тарихымызды қалпына келтіріп, шын тарихымызды ұрпақ жадына сіңіру, борышымыз дегенді де айтып кетті. Естеріңізде болса, бұл кітаптың бірінші томы 2020 жылы Көкшетау қаласында «Мир печати» баспасынан 500 данамен басылып шыққан болатын.
Тұсауы кесілген жаңа еңбек туралы кітапты құрастырушы, экспедиция жетекшісі Мұратқажы Ыдырысұлы:
–«Абылай ханның қара жолы» республикалық экспедициясы 2021 жылғы шілденің 31-інен тамыздың 14-іне дейінгі аралықта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 8000 шақырымдай жол жүрді. Экспедицияның маршруты Абылай ханның жорық жолдары мен қазақ даласының Ұлы тұлғаларының іздері молынан сақталған қасиетті жерлермен өтті. Сырымбеттен басталған экспедиция жолда Кенесары ауылы арқылы орта ғасырларда Шайбан әулетінің сұлтандары мекен қылған Жалтырға, одан мемлекетіміздің қара шаңырағы Қараөткелге соғып, қазақ тарихында өшпес ізі қалған небір майталман тұлғаларымен белгілі Ерейментау, Екібастұз, Баянауыл, Мұса мырза ауылы (Теңдік) арқылы қазақ тарихында белгілі Сарыарқадағы Семізбұғы, Ботақара сияқты белгілі жерлерге ат басын тіреп, одан әрі Қарқаралы, Қазылық арқылы Қайнармен жүріп отырып, Абай атамыздың құт мекені Қарауыл мен Алаштың алтын бесігі Семейге тоқтап, жалғасы Шығыс Қазақстанның атақты Шілікті сақ қорғандарын көріп, Тарбағатай арқылы Жетісудың белгілі ескерткіштеріне тәу етіп, Балқаш, Ақжал, Ақсу, Аюлы, Қарағанды арқылы Көкшетауға оралды. Сол экспедиция барысынан материалдар жинақталып, кітап болып басылды, – дейді. Айта кетейік, құрамында ғалым, профессор, тарихшылар бар 17 адамнан тұратын экспедиция осы жолғы сапарында Кекіліксенгір тауының етегіндегі Майтөбе қорымындағы хан Кене мен батырларының бейіттеріне құран бағыштап, хан мазарына арнап құлпытас орнатқан.
Сондай-ақ, іс-шараның екінші бөлімінде баяндамашылар сөз алды. Алдымен Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қанат Еңсенов «Абылай ханның жорық жолдары» тақырыбында, сосын Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессорлары Жамбыл Артықбаев, «Шүршіт қырған шайқасы қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресінің биік белесі» тақырыбында, фольклортанушы, белгілі ғалым Серік Негимов «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары, Алланың сөзі де рас, өзі де рас» тақырыбында баяндама жасады. Келесі кезекте Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған «Қазақ халқының 1750-1760 жылдары Арқа өңірін қайтарып алуы: саяси қимылдар мен әскери тактика» тақырыбында, түрколог, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы «Қазақ-ойрат қатынастары» тақырыбында тарихи баяндамалар жасады. Сонымен бірге, жиын барысында хан ұрпақтары, атап айтсақ, экспедиция мүшелері Абылайханның Ханқожа ұлынан тарайтын Аманкелді Нашарбаев, Кенесары ханның тікелей ұрпағы Құрманғазы Арыстанов, Шоқан Уәлихановтың ұрпағы Дулат Мәліков сөз сөйледі. Аты аталған төре тектілер алғаш экспедиция құрылған күннен бастап, ғалымдармен бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Баяндама жасаған профессор С.Негимовтың айтуынша, қоғам қайраткері, өлкетанушы Мұратқажы Ыдырысұлы ұйымдастырған ғылыми-тарихи, этнографиялық экспедициялық материалдарында, яғни, «Абылай ханның қара жолы» атты кітапта ел тарихындағы, руханият кеңістігіндегі ұлы оқиғалар, елдік, мемлекеттік, ұлттық ұлы идеялар, түйдек-түйдек қазына-бұйымдар, керуеншілер, ру-тайпа көсемдері, хандар, абыздар, билер, баһадүрлер, жыраулар, сал-серілер жөнінде мәнді мағлұматтар бар. Тарихи, мәдени, әдеби құндылықтарға мейлінше бай «Абылай ханның қара жолы» басылымында Шаһиахмет хазірет мешіті, Саңғыл би, Қазаншы әулие, Қарабура әулие, Ақбикеш мұнарасы, Баба түкті Шашты әзиз, Ысқақ баба, Бибі Мәриям, Жүніс ата кесенелері жайында тарихи-шежірелік деректер мен аңыздар берілген. Аталмыш конференция соңында, Абылай және Кенесары хандар мен қазақтың азаттығы үшін жанын қиған Алаш зиялыларының рухына құран бағышталып, жиынға қатысушыларға қонақасы берілді.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Көкшетау – Астана – Көкшетау.