Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңғырудың жолы – жемқорлықты жеңетіндей жағдай жасау - АРҚА АЖАРЫ

Жаңғырудың жолы – жемқорлықты жеңетіндей жағдай жасау

Сыбайлас жемқорлық еліміздің егемендігі мен қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіріп қана қоймай, қоғамның барлық саласында өрістеген қалыпты дамуды бұзып, ізгілік, адамгершілік қасиеттердің құнын кетіріп, жалпы жұрттың әл-ауқат деңгейін айтарлықтай төмендетеді.

Бүгінгі таңда әлемді жегі құрт болып жеп жатқан сыбайлас жемқорлық кез келген қоғамда, кез келген мемлекетте орын алып отырғандығын көзіміз көріп отыр. Демек, тамыры тереңге кеткен бұл зұлымдық ұлттық мәселеден жаһандық мәселеге айналып отыр деген сөз. Жемқорлықтың қаншалықты тамыр жайып, үдеп кеткендігін осыдан көруге болады. Төрткүл дүниені тегіс толғандырып отырған маңызды мәселенің мәнін барынша тереңірек түсіну үшін 2003 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас ассамблеясы 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні деп жариялады. Осы күні БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылданды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы ымырасыз күресте халықаралық ынтымақтастықты мейлінше қолдау мақсатында Қазақстан 2008 жылғы 4 мамырда осы конвенцияны ратификациялады.

Еліміздің тәуелсіздік алған шағынан бастап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып келеді. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, әлемді толғандырып отырған осы мәселеге байланысты мемлекет өз тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың әлемдік стандарттарға сәйкес келетін тиімді институттары мен тетіктерін құру бағытын мақсатты әрі кезең-кезеңмен ұстанады. Тұтастай алғанда, біздің ортақ мақсатымыз – жемқорлықты барынша азайту, түптіңтүбінде оны мүлде жоюға қажетті тегеурінді шараларды қабылдау. Сөз арасында барлық қабылданған кешенді шаралар қоғамның кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерін қабылдамауға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және халықтың моральдық адамгершілік құндылықтарды қастерлей білуіне бағытталуы тиіс.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біздің алдымызға осындай асқаралы міндет қойып отыр. Міндет үдесінен шығу  баршамызға парыз. Бүгінгі күні әріптестерімізбен бір мақсатта жұмыс істеп жатқан ел азаматтарының игілікті ісін атай отырып, қоғам үшін қатерлі, келеңсіз көрініспен аяусыз күресіп жатқандықтары үшін алғыс айтқым келеді.

Енді сөз әлібін нақты шаруалар төңірегінде өрбітетін болсақ, ұтымды бола түсер еді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында түсініспеушілік көп. Біз облыс әкімдігімен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығы құрылымдарына арзандатылған бағамен берілетін дизель отынын бөлуді мейлінше ашық қалыпқа келтірдік. Нәтижесінде облыстың 2 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары өткен және ағымдағы жылы жеңілдетілген жанар-жағар майды уақытылы алды. Істің бұлайша ілкімді ұйымдастырылуы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын тиімді атқаруға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары да бұл тараптан ешбір бөгеттің болмағандығын айтып, жағымды жаңалыққа қолдау білдіруде. Біз өз ойымызды заңдық ұстанымға келтіре отырып, Агенттікке жолдадық. Бірлескен іс-қимылдың нәтижесінде ағымдағы жылдың сәуір айында Ауыл шаруашылығы министрлігі жанар-жағар май жеткізудің ережесін бекітті. Міне, осылайша ел мүддесін көздеген, жан-жақты ойластырылған іс өз нәтижесін беріп, диқандар үшін қолайлы жағдай тудырылып отыр. Сондай-ақ, осы арада өкілетті және құқық қорғау органдарының бірлескен іс-әрекеттерінің негізінде ерікті түрде 480 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекеттік қорға қайтарылғандығын айтатын болсақ, бұл орайдағы істің ауқымы айқын көрінер еді. Жайылымдар мен шабындықтардың қайтарылуы және оның өте мұқтаж шаруашылықтар мен мал сүмесімен күн көріп отырған тұрғындарға берілуі халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізері сөзсіз. Облыстық прокуратурамен бірлесе отырып, пай иелерінің мүддесін қорғау жұмыстары жүргізілуде. Бұл тарапта елдің өкпе-ренішті көп айтатыны да белгілі.

Бизнеске қолайлы жағдай туғызып, кәсіпкерліктің кең өріс алуына ықпал етудеміз. Мәселен, өңірдегі 2700 кәсіпкерге нақты көмек көрсетіліп, олардың қордаланып қалған бірқатар мәселелері шешілді. Әлеуметтік маңызы бар мәселелерге де жіті көңіл аударылуда. Бизнес саласында жемқорлық қаупі туындайтын буындар да анықталуда. Облыстық сотпен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметшілерге жемқорлықтың қоғам дамуына кесірін тигізетін қауіпті көрініс екендігін түсіндіретін күрделі жұмыс жүргізілуде. Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қолдауымен оларға тиісті қыруар шаруаны тиімді ұйымдастыру қолға алынып отыр.

Осы орайда, азаматтық қоғамның жемқорлыққа қарсы бітіспес күрес жүргізуде үлкен күш екендігін ерекше екпін түсіріп айтуға болады. Демек, ел ішінде елеулі жұмыс жүргізумен қатар, адал да ашық қоғамға қауіптің қай тұстан төніп тұрғандығын айқын аңғартып, әрбір мемлекеттік қызметшіні, әрбір жекелеген адамды жаза басудан сақтандыру үшін өңірдегі қоғамдық кеңестің өкілдерін қатыстыра отырып, парасат биігіне шақыратын шырайлы да салмақты шараларды қолға алу өз жемісін беретіндігі сөзсіз.

Күні бүгінге дейін біз бірлескен мазмұнды да маңызды шараларды қолға ала отырып, әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтерілген бас қосуларда айтылған пікірлерді сараптап, тиісті қорытынды шығарудамыз. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың тамыз айында «Жемқорлыққа қарсы еріктілер қимылы» деп аталатын жобаны жүзеге асыруды қолға алдық. Бұл жобаның барысында көптеген азаматтар жағдайды жете түсініп, жемқорлықпен күреске бел буып қатысады деген үміт бар. Осы орайда, мынадай деректі келтіре кетсек, артықтығы болмас еді. Мәселен, ел бойынша еріктілер саны 2 мыңға жуықтаса, біздің облыста 100-ден астам адам бар. Еріктілер өздерінің бойларындағы арлы адалдыққа, кіршіксіз тазалыққа негізделген ізгі ниеттерін, ақ пейілдерін алға тарта отырып, қоғамның мейлінше ізгіленуіне ықпал етпек. Бұл орайда, жұлынға түскен құрт тәрізді кеселдің алдын алу үшін әркімнің бойындағы таңғы шықтай мөлдіреген адалдықты қарсы қойсақ, алмас асуымыз болмас еді. Біздің еріктілер әлеуметтік нысандарға сараптама жүргізіп, бюджет қаржысының қаншалықты тиімді жұмсалып жатқандығын бақылап, мемлекеттік сатып алу порталын сүзгіден өткізеді. Тазалық күзетшісі бола отырып, қажет еткен адамдарға тегін құқықтық көмек көрсетеді. Ел мүддесін көздеген еріктілер жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы әрқилы шараларға белсене қатысып, өздерінің ой-пікірлерін айтып, көпшілікті оң жолға бағыттап, ар-ождан тазалығына шақырып жүр. Негізгі істің ұйытқысы болғандықтан да жақсылыққа бағытталған ізгі ниет ешқашан далада қалмайтындығы белгілі.

2016 жылдан бері жемқорлық деректерін жария еткен, хабарлаған адамдар марапатқа ие болуда. Осы орайда 62 жерлесіміз ел мүддесі үшін өздері естіп-білген немесе куә болған жемқорлық фактілерін айтып, құлағдар еткендері үшін 10 миллион теңге мөлшерінде сыйақы алды, Алғыс хат табыс етілді. Осы арада жемқорлық мәселесін жан дүниесімен жек көріп, әділдікті қалаған әрі қоғамға кеселін тигізген жемқорлар жайында хабардар еткен адамға бұдан да қомақты сыйақы берілетіндігін айта кеткім келеді.

Ең басты мәселе – желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақты жемқорлықтан жирендіріп, адалдыққа тәрбиелеу. Алаш жұрты ала жіпті аттамаған. Сан ғасыр бойы ұрпағына қалдырған аманаты да, ұлық мұрасы да осы адалдық емес пе?! Ендеше, ата-баба дәстүріне сай жалпақ жұртты арлы адалдыққа баулып, кісіліктің кемел келбетін қалыптастыруды ел ертеңі – жастардан бастағанымыз дұрыс емес пе.

Тәлімді тәрбие тегеурінді қимылды қажет етеді. Жас ұрпақтың санасына салиқалы ой мен салмақты пікірді сіңіру де оңай-оспақ шаруа емес. Міне мәселеге осы тұрғыдан келгенде, облыстық білім басқармасымен бірлесе отырып, білім беру мекемелерінде тәрбие беру жүйесін ширата түсудеміз. Облыстағы білім ошақтарында «Адал ұрпақ», жоғары оқу орындарында «Саналы ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. Жас ұрпақ мәселенің мәнісін тереңірек түсініп, кәдімгідей қолдау көрсетуде. Осы бір ар тазалығы мен жан тазалығына құштар өндірдей жастарды көргенде ел ертеңінің бекем де баянды боларына қалтқысыз сенесіз. Сөз арасында облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесе отырып, қыруар жұмыс атқарғандығымызды айта кетсек артықтығы болмас. Қазір жоғары оқу орындарында комплаенс офицер қызметі енгізілген. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап университет алаңында облыс әкімі орынбасарының қатысуымен жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарға бағытталған аймақтық форум өткіздік. Форумға қатысушылар көп болды.

Замандастарымыздың құқықтық сауатты болуы өте жақсы. Сауатты адамдар тұрғындардың кейбір бөлігіне құқықтық көмек көрсетуде. Университетте «Халық заңгері» республикалық акциясы өткізіліп, келушілерге тегін заңдық қызмет көрсетілді. Мұның өзі ұстанған бағытымызды көп қолдау.

Облыстық ішкі саясат басқармасы аудандағы бөлімдерімен бірлесе отырып, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында қыруар жұмыс атқаруда. Облыста «Көкше» телеарнасы мен БАҚ беттерінде осы тақырыптың түйткілді мәселелерін қаузаған мақалалар жарияланды. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың қазан айында облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы  бойынша Көкшетау қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүгіру акциясы ұйымдастырылып, оған жастар, мемлекеттік қызметшілер мен қоғам белсенділерінен бас-аяғы 170-тен аса азамат қатысты.

Облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен облыс орталығындағы театрларда қоғамда адамгершілік құндылықтар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қойылымдар көрсетілді. Сонымен бірге, өңірдің кітапханаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылып жатқан жобаларды түсіндіріп, халықты ақпараттандыруға бағытталған іс-шаралар өткізілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, өткен жылы жемқорлыққа қарсы күрес саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының стратегиялық құжаты қабылданды. Аталмыш құжатта жемқорлықпен күрес бағытындағы қолға алынатын шаралардың кешенді түзілімі екшеліп, сарапталды. Басым бағыттардың қатарынан адал бизнесті қолдау, цифрландыруды дамыту тәрізді салалар екшелді. Сондай-ақ, отбасы институты, азаматтық қоғамды тарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Қалыптасып отырған жағдайды күрт түзеу үшін министрлер мен әкімдердің жұмысына баға берілетін болды. Тұжырымдаманы жүзеге асыру өте жоғары жауапкершілікті талап ететін асқаралы міндет.

Ең бастысы – қоғамның арлы мүшесін тәрбиелеу. Егер біз баршамыз жұдырықтай жұмылып алға басқан қадамымызға тұсау болып тұрған осы кеселге қарсы батыл күресе білсек, ел ертеңі ізгіленіп, нұрлана түсері даусыз.

Асхат ОРАЗХАН,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар