Халық игілігіне бағытталған қаржы талан-таражға түспеуі тиіс

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі 2020 жылдың 18 қарашасында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының «Әділдік» екінші платформасын қолдау мақсатында құрылды.

2021 жылдың қыркүйегінен бастап барлық өңірлерде бірлестіктің  филиалдары ашылды. Қоғамдық бірлестік азаматтардың құқықтық санасын арттыру және олардың мүдделерін қорғау, бюджет қаражатының жұмсалуына мониторинг жүргізу және мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау жолымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға бағытталған тәуелсіз үкіметтік емес ұйым. Бүгінде бірлестік негізгі үш бағытта жұмыс істейді. Алғашқы басым бағыт – мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізу. Біз жұмысымыздың барысында мемлекеттік сатып алулар базасындағы күдік туғызатын сатып алу дәйектерін белгілеп қана қоймаймыз, сол жерге барып, қолға алынған жобаны нормаларға сәйкес салыстырып, өлшемдеріне есеп жүргіземіз, қорытындыларының заңды күші бар кәсіби сарапшыларды шақыртамыз. Олар бізге бұзушылықтары бола тұра,тапсырылған нысандардың фактілерін айқындап, оны құжатта көрсетуге, сөйтіп, қаржының жымқырылғанын нақты дәлелдеуге көмектеседі.

Келесі бағыт – мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл. Бұл ретте айта кетеріміз, бізге мемлекеттік органдарға қарсы оппозициянемесе бәсекелес емес екендігімізді түсіндіру, олардың қызметіне  көмектесетін ұйым екенімізді жеткізу үшін үлкен күш жұмсауымызға тура келді. Себебі, басында бізді мемлекеттік органдар түсінбей, бірқатар өтініштерімізден бас тартатын. Мысалы, ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның нормасына сілтеме жасап, мемлекеттік сатып алуға қатысушы емессіздер, құқықтарыңыз бұзылмаған депбіздің өтініштерімізді қабылдаудан бас тартқан кездері болды. Соның салдарынан сотқа дейінгі тергеуістерін тіркеуде қиындықтар туындады. Өйткені, Антикордың сыбайлас жемқорлық туралы іс қозғауы үшін ішкі мемлекеттік аудиттың қорытындысы қажет. Бұзушылықтар мен қаржының жымқырылғаны соншалықты айқын көрініп тұрса да, кез-келген құқық қорғау органдары бұл тұжырымды қорытындысыз өздері шешім қабылдап, іске кірісе алмайды. Бүгінгі таңда бұл мемлекеттік органдармен ресми іскерлік қарым-қатынас орнатылды, енді олар жұмыс барысында қызметімізге қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарайды.

Жұмысымыздың үшінші бағыты бойынша азаматтарды қабылдап, оларға мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде мәселелер туындағанда тегін заңгерлік кеңес беріп, қолдау көрсетеміз. Осы бағыттағы жұмыс барысында ауылдық жерлердің тұрғындары мен халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтық көмекке мұқтаждығын байқадық.

Біздің бірлестіктің мемлекеттік сатып алулар негізінде мемлекет қаржысын жымқыруды анықтап, жолын кесу бағытындағы екі жылдық тәжірибесі бар. Біз ондаған мың мемлекеттік сатып алу шарттарына мониторинг жүргіздік. Жыл басынан бері «Әділдік жолына» 7 мыңнан астам азаматтан 1500 өтініш келіп түсті, бұл халықтың біздің жұмысымызға деген сенімінің жоғары екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау үшін мемлекеттік органдардың ашық дереккөздеріне мониторинг жүргізіледі. «Әділдік жолы» деректерінің негізінде 11 айда 565 адам жалпы сомасы 116 миллион теңгеден астам айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 24 қылмыстық іс қозғалды, уәкілетті органдардың 90 ұйғарымы шығарылды. Мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген сараптамалық жұмыстар нәтижесінде 11,9 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды.

Ал, облыстық филиалдың жұмысына тоқталсам, ағымдағы жылдың 11 айында біздің ұйым Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне 6 материал жіберді, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 29 әкімшілік хаттама толтырылды. Мемлекеттік сатып алу порталына облыс бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысы негізінде біздің араласуымызбен 80 миллион теңгебюджет қаражаты үнемделді, 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекеттік сатып алулардағы әрекеттерге халықтың өкпе-реніші мен сұрақтары жеткілікті. Оны әлеуметтік желілердегі БАҚ өкілдері көтерген мына бір мысалдан-ақ көруге болады. Мәселен, Көкшетау қаласының әкімдігі қаланы абаттандыру үшін 500 дана орындық пен қоқыс жәшіктерін сатып алуға жалпы сомасы – 112,5 миллион теңгебөліпті. Біз бұл мәселеге бей-жай қарамай, осы 500 дана орындыққа қалада сұраныс бар ма, орнатылатын орындары қайда, дайын сұлбасы көрсетілген бе деген сұрақтар төңірегінде зерттеу жүргіздік. Екіншіден, оған көзделген қаржы сомасы да орташадан жоғары. Мысалы, Степногорск қаласының әкімдігі сатып алған осындай 1 дана орындық пен қоқыс жәшіктері – 112 000 теңге жұмсалса, ал,Көкшетау қаласының тұрғындарына 1 дана орындық пен қоқыс жәшігін сатып алу – 225 000 теңгені құрайды. Бізбұл бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану деп тиісті органдарға хаттар жібергенімізбен,шара қолданылмады. Бұдан шығатын қорытынды, мемлекет қаржысы тиімсіз жұмсалуы өз алдына, мемлекеттік орган қоғамның пікірін ескеруге дайын емес болып шықты.

Ал, оң шешімін тапқан мысалдарға тоқталсам, біздің зерттеуіміз бойынша жолданған хатты қарастырып, жедел жәрдем қызметі 42 миллион теңге сомасына 80 бейнетіркегішті сатып алуды тоқтатты. Егер ол сатып алу іске асырылса, әрбір бейнетіркегіш бюджетке 500 мың теңге шығын келтірер еді.

Біздің қызметіміздің барысында біз бүкіл облысты араладық. Халықпен кездесіп, олардың көкейтесті мәселелерін тыңдап, оларды шешуге көмек көрсеттік. Бүгінгі таңда біз халыққа мемлекеттік органдарға хабарласып, хат жазуға да көмектесеміз. Өйткені, халықтың құқықтық сауаттылығын кеңейтіп, белсенді азаматтық қоғам құруымыз қажет.

Сонымен бірге, егер облыс тұрғындары мемлекеттік сатып алуларға қатысты заң бұзушылықтарға тап болып жатса, біздің ұйымның 1463 нөмірлі колл-орталығына хабарласып, көмек ала алады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша мәселе қарастырылып жатыр. Мұндағы басты жаңашылдық, қоғамдық мониторинг енгізілмекші, әсіресе,қоғам тарапынанқұрылысқа байланысты жұмыстарсарапқа салынатын болады. Тапсырыс берушілер келісім-шарттың тиісінше орындалуын бақылайды, бұдан құрылыс сапасыартады деген ойдамыз. Мәселен, жаңашылдық негізінде жұмыстарды орындау кестелері, шарттардың орындалуы бойынша есептер жалпы қолжетімді болуы тиіс, сондай-ақ, шарттарды орындау мониторингіне қоғамдық кеңестер де тартылуы тиіс. Бұл өзгерістер жемқорлық көріністерін азайтады деп ойлаймын.

Сөзімді түйіндей келе, адалдық пен әділдікті қолдап, мемлекет қаржысының тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпеуі үшін біздің ұйымға көмекші болып жүрген жергілікті тұрғындарға алғыс білдіреміз.

Самира ТАЙТЕНОВА,
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің
Ақмола
облысы бойынша филиалының сарапшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар