Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Оқымасақ, орға жығылмаймыз ба?!. - АРҚА АЖАРЫ

Оқымасақ, орға жығылмаймыз ба?!.

Жақында «Егемен Қазақстанның» 16 қарашадағы санынан Маржан Әбіштің «Тағы да кітап туралы» деп аталған шағын мақаласын оқыдым. «Айта,айта әбден жауыр болған тақырып. «Кітап, газет-жорнал оқымаймыз» дейтін шығар, басқа не айтуы мүмкін» деген ойдың қылаң бергені рас. Алайда, олай болмай шықты. Автор көп шындықтың бетін ашып, жүрегіңді  сыздатар деректерді көлденең тартыпты.

Мысалы: «Сондықтан, қоғам кітап оқымайды деген жаңсақ түсінік. Оқиды. Бірақ, қазақ әдебиетін емес» депті. Ал, керек болса?! «Олай емес» деп дауласуға да дәрмен жоқ. Сөз астарында шындық барын ішің сезеді. Өйткені, жастарды қызықтыратын психология, жеке басты дамыту, жан-жақты жетілу, арманыңа жету жолдары сияқты тақырыптардағы әлемге танылған кітаптардың орыс тілінде көп екені өтірік емес.

«…сол Абай, сол Бейімбет, сол Әуезов. Сырт көзге бүгінгі әдебиет өткен дәуірдегі классиктермен тоқтап қалғандай көрінеді (оның өзі оқылмайды)» деп түйреп өтеді. Бұл пікір де бүйіріңді бүлк еткізеді. Қазақ мектебінде оқып жүріп, орысша акцентпен сөйлейтін балаларымыз Абай мен Әуэзовтің көркем, кестелі  тілін түсініп, тұшынып оқып жүр ме? Тіліңді тістейсің.

Автор болса, «шабуылын» үдете түседі: «Ал қазір, байқасақ, кітап оқымайтын, газет-журналға жазылмайтын мұғалім көп. Ең сорақысы, қазақ әдебиеті пәнінен беретін мұғалімдердің өзі кітап оқымайды. Бірақ, оқымаған шығармасы туралы саспай сабақ өтеді.» Енді, не дейсіз?!.Өзі…жан-жағымызға қарайықшы. Кім кітап оқып жүр? Басқасын былай қойғанда, ұрпақ тәрбиелеп, ел басқарып жүргендерді байқаңызшы.

«Және, уақыт өткен сайын қарапайым халық руханияттан алыстап барады. Бұл – қасірет. Ақынның өлеңін әдеби ортадағы қауымнан басқа жұрт оқымайды. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда. Жазушының жан азабынан туған шығармасының да халі осындай. Түптеп келгенде, газет оқитын адам сиреді. Ал, журналистер кім үшін жазады?..Ұлтқа неге қазақша кітап, газет оқыта алмай отырмыз?». Шағын болса да салмағы зіл батпан мақала осылай аяқталады.

«Кітап оқымайтын…» деп, жер шұқып, міңгірлеп, әрнені еске түсірмек боласың. Дағдарасың. Баспасөз беттерінен кітапханашылардың оқырман тарту тәсілдерін оқып жүрміз. Біреулер ең көп кітап оқыған оқырманына велосипед сыйлайды екен. Біреулер, асық, тоғызқұмалақ, дойбы ойнатып әбігер. Енді біреулер оқырман жақсы көретін кітаптарды дауыстап оқиды, біреулер үйден шыға алмайтын қарияларға барып, кітап оқып беретін көрінеді. Бәрінің де аз да болса, кітап оқуға тартуға септігі бар шығар, бірақ, керемет үздік әдістер деп те айта алайсың…Баланы кәмпит беріп алдаған секілді көрінеді. «Жұрттың бәрі телефонда отырады» деп, әлеуметтік желіде танымал адамдарға ролик жасатып салып та жүрміз…

Сол әлеуметтік желіде атақты математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың жастар технологияны игеруі керек, ғалым қазақша сөйлеуі керек, әйтпесе, ертегі, аңыз оқығаннан қазақ тілі дамымайды, отбасының тілі болып қана қалады деген бағыттағы пікірі жүрген. Сөйткенше, математиканынасихаттайтын «Әл-Жәбрдің атасы» атты танымдық журналдың жарыққа шыққанын оқыдық. Бәлкім, ғылымға ден қойған жас ұрпақ осындай басылымдарды оқыр.Озық ойлы академик жайдан-жай шырылдап жүрген жоқ шығар. Бүгінгі бала аңыз-ертегіге алданбайтын шығар. Ол да мүмкін. Қыбын таба алмай отырған шығармыз. Оларды қызықтырмайтын қалың-қалың томдарды тықпалап мезі еттік пе? Ғылыми әдебиеттің насихаты мардымсыз ба?

Демек, тек қана тіл білу аз, оны бүгінгі ғылым тіліне айналдырып, қажеттілік туғызу қажет болып тұр. Әйтеуір, аса құнарлы,  әуезді, әсем қазақ тілін сақтап, ғажайып әдебиетімізді, онда айтылған тағылымды жастар бойына сіңіру мақсатында атқарылар шаруа ұлан-ғайыр. Әйтпесе, еліміздің бас газеті жаңағыдай сыни пікірлерді жарияламас еді ғой. Солай емес пе?

Қалай болса да, шегінер жер жоқ. Ана тілімізді, мемлекеттік тілді, төл әдебиетімізді насихаттаймыз ғой. Тек сол жұмысымызды жаңа жолдан бастауымыз керек шығар…

                                                           Серік Жетпісқалиев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар