Алдағы жылдың бюджеті бекітілді

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің төрағалығымен өткен сегізінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті жетінші сессиясында 2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджеті талқыланып, бекітілді. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов қатысты.

Алдағы 2024 жылға арналған бюджет қаржысын бекіту мәселесі қаралған сессияға облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, аудандар мен Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалаларының әкімдері онлайн және офлайн негізде қатысты.

Күн тәртібі бойынша 2024-2026 жылдарға арналған бюджет туралы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова баяндады. Еске сала кетсек, сессияға дейін бір күн бұрын депутаттық сағат өткізіліп, онда келесі жылдың бюджет жобасы егжей-тегжейлі талқыланып, жан-жақты пысықталған болатын.  Жалпы, биыл өңірлерді қаржыландыру үшін келесі жылға 514 миллиард теңгені құрайтын 1 мыңнан астам жобаұсынылыпты. Соның ішінде, биыл барлық деңгейдегі депутаттардан шамамен 290 миллион теңгеге 518 өтінім түскен екен. Халық қалаулылары аталмыш басқарма басшысының баяндамасынан қандай жобалар қолдау тапқанын естіп, білген болатын. Алайда, облыс қазынасындағы қаржының шектеулі болуына байланысты барлық өтінімдерді қолдаумүмкін емес екендігі және Ұлттық экономика министрлігі республикалық трансферттер бірінші кезекте осы жылдан ауысатын жобаларға бөлінетінін ескерткендіктен, жаңа өтінімдер әзірше қабылданбайтындығы айтылды. Сондықтан, облыс әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасы осы факторлардың барлығын ескере отырыпқалыптастырылыпты. Соған қарамастан, халық қалаулылары депутаттық сағат алаңынпайдалана отырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінкөптеген өзекті мәселелерді көтеріп, талқыға салды. Бұл орайда, депутаттар көтерген түйткілді мәселелерге қатысты сауалдарға облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов пен аталмыш басқарма басшысы Алмагүл Шүгірмақова, сондай-ақ, әр сұрақтың ауанына байланысты тиісті басқарма жетекшілері өз түсініктемелерін беріп отырды. Осы депутаттық сағатта Астана агломерациясын дамытудың Кешенді жоспарының жобасы да халық қалаулылары тарапынан көптеген сұрақтар тудыртып, сессия кезінде құжатты қабылдауда ескерілетін бірқатар ұсыныстар мен ескертулеренгізілді.

Сонымен, сессияда облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы қайта баяндама жасап, комиссия мақұлдаған бюджет қаржысы бағытталған негізгі салаларға тоқталды.

–Жалпы, 2024 жылы облыс қазынасына 490 миллиард теңге көлеміндекіріс кіреді деген жоспар бар. Бұл қаржы облыстың мемлекеттік органдарының стратегиялық жоспарларында көзделген негізгі міндеттер мен көрсеткіштерге қол жеткізуге бағытталған басым бағыттарға жоспарлануда. Ел болашағы жолындағы басым бағыт – білім беру саласына 2024 жылы 230 миллиард теңге бөлінеді, яғни, өткен жылғы білімге бағытталған қаржыдан 9 пайызға жоғары. Бұл қаржыға мектепке дейінгі ұйымдардағы, жалпы білім беретін мектептердегі тамақтану мен білім беруді ұйымдастыру, қосымша білім беру, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мен жетім балалардың білім алуы жолындағы материалдық қажеттіліктер, инклюзия, колледждерде маман даярлау, жоғары оқу орындарындажастарды педагогика саласына қажетті тапшы мамандықтарға оқыту, мектептерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету, апатты мектептерді жою, жаңа білім беру ұйымдарының құрылысы тәрізді көптеген шығындар қарастырылған, –дей келе Алмагүл Қайырлықызы әр салаға бағытталған қаражаттың мақсаттарын анықтап түсіндірді. Мәселен, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің келелі мәселелерін шешуге және медицина саласының мекемелерін ұстап тұруға облыс бюджетінен 11,5 миллиард теңге қарастырылса, халықты әлеуметтік қорғау бағытындағы негізгі іс-шараларды іске асыруға 15 миллиард теңге, өңір тұрғындарын баспанамен қамту мәселесіне 4 миллиард теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша жүзеге асатын жобаларға 9 миллиард теңге, ал, облыс аумағындағы жолдарды ұстау мен жөндеу жұмыстарына 43,3 миллиард теңге, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 47 миллиард теңге бөлінеді екен.

Негізгі мәселені талқылау барысында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев, депутат Руслан Шамкенов, Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы Дастан Әкімов сөз сөйлеп, бірқатар мәселелерді қозғады. Дегенмен, депутаттар бюджетті бекітуге бірауыздан дауыс берді. Сонымен бірге, сессия барысында мәслихаттың «Ақмола облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» шешіміне өзгертулер енгізіліп,  Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары келісілді.

Бұдан әрі «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының индикаторларына қол жеткізу туралы білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалиннің баяндамасы тыңдалды.

–«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 2021 жылғы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты құрап, 15 көрсеткішті қамтиды. Біздің облысқа 3 бағытты іске асыру және 10 көрсеткішке қол жеткізу жүктелген. Өткен 2022 жылы барлық жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілді. Енді Үкіметтің биылғы 22 қыркүйектегі №828 Қаулысымен бұл жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшін жояды, ал,басқарма мен білім беру ұйымдарының аяқталмай қалған кейбір жұмысы мемлекеттік жоспарлаудың басқа да стратегиялық құжаттары шеңберінде жалғастырылатын болады, – деді басқарма басшысы. Осы мәселе бойынша жарыссөзде әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Айнагүл Балташева мен депутат Нұрлан Тәжин сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін маңызды әрі тиімді болғандығын атап өтті және бірқатар мәселелер бойынша кешенді жоспарлар құру қажеттігіне тоқталды. Айнагүл Қыдырбайқызы әсіресе, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қатысты кейбір сауықтыру нысандарының әбден ескіріп қалғандығын, оларды жаңғырту қажеттігін, қосымша білім беру мәселелеріне қатысты алда облыс әкімінің қатысуымен ауқымды жиын ұйымдастырылатындығын алға тартты.

Депутаттар сондай-ақ облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне өзгерістер енгізді, оның ішінде «Ақмола облысының ауылдық жерлері мен кенттеріне, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларына бюджет қаражаты есебінен жұмыс істеуге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы», консультативтік-кеңесші органдардың дербес құрамдарын бекіту туралы шешімдер бар.

Сессия соңында облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов халық қалаулыларына өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін орындау мақсатындағы кешенді жоспарлардың іске асырылуы үшін бірлескен жұмыстарына алғыс білдіріп, алда да депутаттар корпусының халық игілігі үшін жұмылған жұдырықтай қызмет ететіндігіне сенім білдірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар