Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа жолға түстік, жаңардық, жаңғырдық - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа жолға түстік, жаңардық, жаңғырдық

Міне, тәуелсіздігімізге де 32 жыл болып қалыпты. Сол күндерге көз жүгіртсек, тәуелсіздігімізді бірінші болып қолдаған қандас ағайындарымыз түрік елі еді ғой. Бұл ел Астананы көркейтуге де бар күш-жігерлерін салды.

Орайы келгенде қырғыз бауырларымыздың да ерліктерін айта кеткім келеді. 1986 жылы желтоқсанның 15-16 жұлдызында олар да «қазақ-қырғыз егізбіз, бауырмыз» деген ұран тастап, Алматыға аттанған болатын. Келеді-ау деп күтіп тұрған қарулы әскерге кезігіп, қақтығыс болады. Содан не керек, қуғын-сүргінге ілігеді. Осы күні өз арамыздан кеткен боздақтарымызды, қорланған, зорланған, кемтар болып қалған бауырларымызды еске ала отырып, осы көрші отырған қырғыз бауырларымыздың ұмытылмас сол қолдауларын да еске алайықшы!

Қазақстанның тәуелсіздігін көре алмай кеткен арыстарымыз қаншама! Тәуелсіздік әр елге оңайлықпен келмейтіндігін тарих беттері көрсетіп отыр. Елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, қалжыраған елдер саны қаншама. Оларға да біздің тәуелсіз Қазақстан елінің ақ жолын бергей дейміз. Бүкіл қазақ елі болып осы күндері тәуелсіздігімізді атап өткелі жатырмыз. Ал, алматылықтар болса, жылда тастан белгі қойылған Желтоқсан көшесіндегіескерткішке барып тағзым етеді. Ескеалу үшін ел азаматтары, туыс-туғандары, жолдас-жоралары келіп гүл шоқтарын қойып, өткенге көз жүгіртіп, еске алып қайтады.

Алматыда тәуелсіздік монументінің бой көтергеніне де 26 жылдай болып қалыпты. Бұнда 1916 жылдан 1986 жылдың 16 желтоқсан оқиғасына дейінгі қазақ елінің тарихы бейнеленген. Бұл да болса, көз сүйсінтеді. Көріп тұрып қазағымыздың өткені мен бүгінге дейінгі кездеріне көз жүгіртесің. Дегенмен, ұлы арман, мұрат жолында көрген қиындықтың өзі қымбат болса керек. Бірлік болса, бірегей тірлік болса, алынбайтын қамал жоқ. Бұл жолда бізге азаттық аңсаған ата-бабаның аруағы, рухы жар болсын дейік. Қазақ елі көп ұлт өкілдерінен тұрады. Бәрі де бір жанұяның балаларындай тату-тәтті тұрып, қыз беріп, қыз алысып жатады. Қазақстан еліне жақын, алыс шет елдер аса қызығушылықпен қарайды. ТМД елдерімен Қазақстанды салыстырып қарасақ, біздің Қазақстан қай жағынан алсақ та алда келеді. Еліміздің экономикасы жандану кезеңінде. Кезінде тұрып қалған өндіріс орындары ептеп жұмысқа қосылды. Соның арқасында жұмыссыздар саны азайып келеді. Шағын және орта кәсіп жолға қойылды. Жыл санап жұмыс орындары ашылып, күнкөріс те жақсарып келеді. Жаңадан үш облыс – Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары ашылды. Кәсіпкерлерге еркіндік берілді.

Шет елдермен сауда-саттық жолға қойылды. Шет ел басшылары, кәсіпкерлері өздері тіленіп, бірлескен өндіріс орындарын ашып қана қоймай, қазақ жастарын өз елдерінде оқытып, білім беруде. Жылдан-жылға Қазақстан экономикасын көтеру үшін белсенділік көрсетіп жатқан елдер саны көбеюде.  Құрылыс саласы жекешелендірілгеннен кейін сала бұрынғыдай емес, тез көтеріліп кетті. Көптеп үйлер, мектептер, балабақшалар, спорт кешендері, көше аралық спорт алаңдары, емхана, сауда орындары салынуда. Кезінде қол жеткізе алмайтын, көліктердің әр түрі қаптап тұр ғой. Мені келіп алсаңшы деп тұрғандай. Интернет, ұялы телефонды білмеуші едік, енді әр үйде олар да бар. Социализмнің құлағаны өте жақсы болды.  Еркіндік алдық, әр адам алаңсыз өз тірлігін жасайтын болды. Кезінде Кремль сұрамай, жер байлығын ала беретін. Семей жерінде атом сынақтарын жүргізіп, қаншама жерге, суға, мал-жанға зиян келтірді емес пе?!

Еркіндік алғанымызға Аллаға мың тәубе, әйтпесе, орыс болыпкетер ме едік. Кешегі Одақ өздеріне қарасты мұсылман елдеріне орыстандыру саясатын үздіксіз жүргізді ғой, тек тәуелсіздігімізбен ғана көзіміз ашылды деуімізге болады. Сонда да жер, жерасты байлықтары қалай жекеге өтіп кеткен деп қиналасың. Солар естуімше, ақырындап мемлекетке алынып жатыр. Мысалы, жылда адамдар опат болатын Кармет. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Ел қамын, көп мүддесін ойлағанда ғана жаңа Қазақстан орнамақ.

Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері, бізге қарағанда, жақсы тұрады. Соны біле тұра, іштен, сырттан арандатуды көздейтіндер баршылық. Сондықтан, егемендігімізді сақтап қалу, ел болу өзіміздің қолымызда. Бір ғана мысал келтірейін. Тоқырау басталған кезде аудандар, колхоз-совхоздар жабыла бастады. Халық дағдарып, әр жаққа босып кетіп жатты. 2010 жылдары бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданына қараған Қарағаш ауылына құдалыққа барған едім. Көкшетау-Омбы жолынан 18-20 шақырым бұрылыста екен. Көргенімізде аң-таң болып қалдық. Бос тұрған үй жоқ, кешкілік көшесінде жарық бар. Тұрған адамдар дән риза, ешкім тақа көшіп кетеміз деп ойламайды екен. Бәрі жұмыс істейді. Өздері «төрт жігітіміз қаз-қалпында сақтап қалды, қуат берсін оларға» деп мақтанышпен айтудан жалықпайды. Енді естимін, бұл ауыл тіпті, өскен деп.

Әрине, мұндай өркендеп, өскен ауылдар біздің Ақмола облысында да аз емес. Бірақ, қазіргі көбіне тарап, халқы азайып, құлдырап жатқан ауылдардың есебімен алсақ, мұның өзі аз пайызы ғана. Қазір біздің Үкіметте мынандай тенденция бар. Ауылдың жеріне ие болып, соған егін салып, мал өсірген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, не болмаса бірнеше ауылды біріктірген ірі компанияларға субсидия береді де, соны ауылға беріп жатырмыз, ауылды өркендетіп жатырмыз дейді. Былай қарағанда, сонымен елді мекендерге көмек көрсетіліп, олардың қағанағы қарық, сағанағы сарқ болып жатқан сияқты. Ал, із жүзінде бұл қаржыны алған шаруашылық субъектілері мен олардың қожайындары көбіне өз жағдайларын ойлайды. Әлгі бөлінген қаржыны өз қара бастарына қарай тартады десем жалған емес. Сондықтан меніңше, ауылға көмекті тікелей ауылдық округтер арқылы сол ауылдардың өздеріне жасау керек, өздеріне ақша бөліп, үйлер салсақ, басқа да қажеттіліктерін тездетіп шешсек, ауыл аяғынан қаз тұрып кетер еді.

Атам қазақта әлмисақтан «ауыл ажары – азаматынан» деген сөз бар. Ендеше, азамат атымыз бар екен, туған ауылымызды көркейтейік, Алла берген тәуелсіздігімізді нығайтайық. Мұның бәрі өз қолымызда. Бұл үшін Президентіміз айтқанындай, үлкен-кішіміз еліміздің игілігіне аянбайеңбек етуіміз керек. Шүкір, өз тәуелсіздігімізді алғалы жаңа жолға түстік, жаңардық, жаңғырдық. Алда да осы өзгерістеріміз оңынан болсын. Сонда тәуелсіздігіміз де баянды, тұрмысымыз да жақсы болады.

Бақытқали БІЛӘЛҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар